Экономиканы нығайту — еліміздің стратегиялық мақсаты

Кәмшат ТӨЛЕУОВА,
«Нұралы» шаруа қожалығы басшысы,
облыстық мәслихат депутаты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде еліміздегі іскерлік ахуалды жақсарту, экономиканы нығайту арқылы Қазақстанның өңірдегі көшбасшылық рөлін сақтау және күшейту мәселесін қозғады. Экономиканы нығайту — еліміздің стратегиялық мақсаты. Президент бұл міндетті ұлттық идеяның маңызды элементіне айналуға тиіс деді.
Шынында, Президент айтқандай, елімізде әр саладағы маңызды мәселелерді шешу барысында жаңа мүмкіндіктерге, жаңа жетістіктерге қол жеткізу үшін ескі стреотиптерден бас тартып, жаңа тәсілдерді қолға алуымыз қажет. Сонда ғана уақыт талап етіп отырған жаңа жағдайға бейімделе аламыз. Бұл әсіресе келешек ұрпақ үшін аса маңызды. Бұл ретте Президент цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік және логистика салаларын, ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды экономиканы дамытудың басым бағыттарына айналдыра отырып, шағын және орта бизнесті қолдау қажеттігін баса айтты.
Президент сондай-ақ еліміздегі турзим саласын дамытуға баса назар аударды. Осы салаға мейлінше көбірек инвестиция тарту мәселесі айтылды. Бұл еліміздегі әр облыс үшін маңызды. Жол бойындағы сервисті дамытудың және саяхатшыларды тарту үшін жаңа туристік нысандарды құру қажеттілігін, демалуды ғана емес, сауықтыру немесе табиғи көрікті жерлерді іздейтін туристер арасында агро және экотуризм, медициналық туризмді дамыту маңызды.
Осындай міндеттердің барлығында мемлекет пен бизнес саласының іскерлік байланысы аса маңызды. Бұл жауапкершілікті аталған салада табысты еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер, бизнес өкілдері қолдайды деп ойлаймын.