Құқық

Бопсалау құны – 1 млн. доллар…

Бүгінде шыр бітіп, байи бастасаң да көзге түсесің. Біреулер сол байлықты көп көріп, бөліскісі келеді. Тіпті, дым қалдырмай тонау ниетіне ұрынатындар да бар. Мұғалжар ауданындағы элеватордың қойма меңгерушісі болып жұмыс істейтін алпыс жастағы  М. деген әйелдің Ақтөбеден қазіргі заманға ыңғайланған сәнді үйден пәтер сатып алғаны, астына су жаңа «Джип» автокөлігін мінгені Ақтөбеге жұмыс бабымен келіп жүрген атыраулық Қ. деген азаматтың назарын аудармай қойған жоқ. Тіпті М.-ның күйеу баласының ірі құрылыс бизнесімен шұғылданатыны да белгілі болды.

Ендігі мақсат, жоғарыда айтылғандай, байлықты бөлісу еді.

Сәуір айының жиырма екінші жұлдызы күні кешқұрым шетелдік көлік мінген екеу М.-ның үйінің алдына келіп тоқтады. Жан-жақтарына абайлап қарап алған олар үйге кіріп, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырады. Сырттан келгендердің біреуі майор шеніндегі әскери форма кигендіктен де, әйел алғашында ешқандай сезікке бой алдырмайды.  «Тәртіп сақшылары» әйелге оны мәжбүрлеп алып кету туралы «қаулыны» көрсетеді де, өздерімен бірге сыртқа алып шығады.

Ауылдан біраз ұзап шыққаннан кейін жолдан бес жүз метрдей шығып ұзаған көлік тоқтайды да, «тәртіп сақшыларының» бет-пердесі ашылып, кім екендігі енді белгілі болады.

М.-ның алдына бетпе-бет тұрған жігіт ағасы қатал түрде өлтіретіндігін мәлімдеп, оны 1 миллион доллар ғана құтқаратындығын айтады.

Әңгіме созылатын болған соң электрмен естен тандырғыш іске қосылады. М. бірнеше мәрте есінен танып қалады. Қ. әйелдің есін жидырып алып, одан сайын үркітіп-қорқытады. Тіпті, тамырына ине арқылы беймәлім сұйықтық жіберіп, одан сайын үрейін алады. Ақырында әйелге жер қаздырып, қорқынышын одан сайын үдете түседі. Әйелдің өзін өлтіргеннен кейін қалған отбасы мүшелерін де жоқ ету түкке тұрмайтындығын және айтады.

Ешқандай амалы қалмаған М. ақырында 600 мың АҚШ долларын тауып беруге келісіп, оны күйеу баласы арқылы беріп жіберуге тоқтам жасайды. Осы аралықта М.-ның күйеу баласына да бопсалау әрекеттері жасала бастайды.

Нақ осы тұста ол ішкі істер органына шағымданады. Бұл келесі күні, яғни сәуірдің жиырма үшінші жұлдызында болған жай еді. Дереу тәжірибелі қызметкерлерден оперативті топ құрылып, іске кіріседі.

Алдын ала жасалған жоспар бойынша Ақтөбе қаласындағы теміржол вокзалы аумағында тиісті ақша бопсалаушының қолына берілгеннен кейін құқық қорғау қызметкерлері күдіктінің мекен-жайын тез анықтады. Ол Атырау қаласының 41 жастағы тұрғыны болып шықты.

Ақша бопсалаушы Қ. сәуір айының жиырма жетінші жұлдызында ұсталып, Ақтөбе қаласындағы уақытша ұстау орнына қамалды. Қазіргі уақытта оған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің «Аса ірі мөлшердегі бопсалау» бабы бойынша іс қозғалды.

Облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел оперативті өкілі Гауһар Әлиеваның айтуына қарағанда, облыс орталығынан он шақырымдай қашықтықтан әскери киімнің жанып кеткен қалдығы, майор погонының екі жұлдызы табылыпты. Қазір осы айғақтар бойынша сараптамалар жүргізілуде. Тағы да бірнеше баптар бойынша іс қозғалу мәселесі шешілуде.

Сонымен, бопсалаудың соңы бір-ақ тұтам болды.

(Кісі есімдерінің атауы шартты түрде алынды).

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button