«Таразы» басы толымды ма?

Бауыржан Құрманқұлов жалпы жазу әлемінде ең алдымен ақындығымен танылды. Қатардағы тәртіп сақшысының ақ қағазға түсірген балаң жырлары сонау жетпісінші жылдардың соңында облыстық газет арқылы оқырмандарына жиі жол тартып жатты. Оның алғашқы сөз саптауынан-ақ өлең өрісіне өз үнін сездіре келген қағылез қалам иесінің жүрек соғысы айқын сезілетіндей-ді.
Мекенімді өзгеше бақ көремін,
Мін тақпаймын, шабытын тапты өлеңім.
…Қала менен даланың қиылысы —
Мен тұрған үй шетінде Ақтөбенің, — деп өлең өлкесіне өзі туып-өскен даланың кеңдігі мен дарқандығын ала келген оның алғашқы өлеңдері «Балауса», «Рауан», «Баспалдақтар» атты жас ақындардың жинақтарына енді. Оған ілесе «Кеш емес әлі», «Хат», «Бір өкініш, бір үміт», «Кешір мені», «Беу, дүние-ай!» өлең жинақтары, «Қыдыр ата» мистикалық хикаят пен детективтік әңгімелер жинағы оқырманына ұсынылды.
«Құрдымға апарар жол» толықметражды кинофильмде басты рольдердің бірін сомдады. «Беу, дүние-ай!», «Ауылдың балалары», «Сені іздеймін», «Ақты жұлдыз», «Әкеге хат», «Ең бақытты жұбайлар жыры», «Ой, құдаша!», «Сен мені сағындың ба, жаным», т.б. жиырмадан аса әннің авторы атанды.
Бауыржан Құрманқұловтың жақында ғана жарық көрген «Таразы» деп аталған жинағы оның жоғары айтылған жайлардан өгеше жаңа қырын көрсеткендей болды.
Ең алдымен, кітап атауының өзі назар аударады. Қазақта «Таразы басы тең тұрсын!» деп жатады. Бұл — қандай да бір нәрсені бағалаудағы әділдікке қатысты айтылатын сөз.
Ендеше, Бауыржан Құрманқұловтың бұл әдеби сын саласындағы ұстанымын байқатуға тиісті еңбегін қызығушылықпен қолға алуымыз заңды да болар деп ойлаймыз.
Кітап аннотациясында жазылғандай, «Белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облысындағы өкілі Бауыржан Құрманқұловтың «Таразы» атты бұл жаңа жинағына алдыңғы толқын ағалары мен әдебиетке қатар келген замандастарының және кейінгі толқын — жас әріптестерінің шығармашылығын таразылаған ой-пікірлері, әдебиетке қатысты толғамдары топтастырылған».
Белгілі ақын, өзі де әдеби сын саласында белсенді еңбек етіп жүрген Ертай Ашықбаев осы кітапқа алғысөз жазып, оны «Танылу мен табылу» деп атапты. Ол ұзақ жылдан бері әдебиетте қатар келе жатқан қаламдасының шығармашылығына шолу жасай келіп, «Таразы» кітабына енген дүниелерді оқи отырып, Баукеңнің қара сөзде де зерделі екендігіне тәнті болдық. Әр мақалада автордың өзі пікір айтатын туындысы хақында жан-жақты ой толғай білетіндігі, әдебиеттің өткені мен бүгіні туралы әрі көңілге қонымды, әрі тартымды айта алатындығы сүйсіндіреді» деп баға беріпті жаңа еңбекке.
Сонымен, баспадан жаңа шыққан кітаптың бетін аштық. Алғашқы мақала «Сынып түскен бір бұтақ…» деп аталыпты.
Ойымызға бірден тіршілік толқынында өмірдің асау ағысы қақпақылдап алып кеткен немесе тағдыры талқыға түсіп, қылтасынан қиылған аянышты адам бейнесі елестеді. Кім болды екен, не болды екен деп толғандық…
Сөйтсек, автор қазақтың қайталанбас белгілі жазушысы, 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өту белгіленген тума талант Бердібек Соқпақбаев туралы сыр толғапты.
Иә, бүгінде егде тартып, үлкендіктің ауылына енген буын өкілдері осы қаламгердің «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат», «Қайдасың, Гауһар?» шығармаларының кейіпкерлерімен қолтықтаса жүріп өсті, солармен бірге күліп-қиналды, соларға еліктеп, түрлі оғаш іс-әрекеттерге де барғандар болуы керек. Осы жайларды қозғай келіп, автор Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов айтқандай, «Әлемдік әдебиетте Хантәңіріндей алып та биік, дара тұлға» туралы тебіреніске толы толғанысын «Ұлылығын дәлелдеп кеткен тау тұлғалы тарлан қаламгердің рухына басымды иіп, дұғамды бағыштап, бет сипадым…» деп аяқтайды сөзін.
Осы жинақтағы «Тұнық талғамның үлгісі» деп аталған мақала назарымызды ерекше аударды. Әдетте поэзия туралы сөз қозғалғанда, сыншылар сырлы сезімнің тазалығы, көңіл көкжиегінің кіршіксіз көрінісі, жүректің жылылығы туралы жиі айтып жатады. Осы қасиеттердің барлығын автор қазақтың арлы да арқалы ақыны Қуандық Шаңғытбаевтың бойынан табады.
Әрине, Қуан ағаға, оның шығармашылығына қатысты небір сұлу да сырлы сөздер, таңдай қақтырар тосын теңеулер бұған дейін де талай айтылған. Алайда осы бір келбеті келіскен, жүзінен иман нұры төгіліп тұрған, сөз қадірін ұғынған кезкелген қазақ баласы елжіреп қарап, өлеңдерін өнеге тұтқан ақынның жүрек түкпірінде қаншама қасірет-қайғы, күрсіністер жатқанын, тіпті өзімен бірге ішінде булығып кеткенін бүгінгі буын тіпті де біле бермейді.
Бауыржан Құрманқұлов сол құпияны ашуға тырысады. Ол сөзді Қуандық Шаңғытбаевтың 1945 жылы, жиырма жасында жарық көрген «Ар» деп аталатын алғашқы жинағының жай-күйімен таныстырудан өрбітеді. Сол кітаптың алғысөзінде Мұхтар Әуезов: «Бұл кішкене жинақ — көп еңбектің және әсіресе үлкен талаптың айғағы. Жас ақын Қуандықтың оқушы жұртшылықпен тұңғыш ұшырасуы осы жинақтан басталып отыр.
Еңбек көркі — жемісте. Және еңбек көркі сол жемісті жетілтем деген жалында. Қуандық жинағындағы көптеген өлеңдері сол жалынды сездіреді. Ақындық шын сезімнің жалынын танытады. Іздену бар. Сол ізденуіне серік —тірек мол білімі бар, тілі орамды жас ақын келешегінен анық жақсы үміт еткізеді. Көп жүрегін өзінен, өз жүрегін көптен тапқан саналы сезімталдық бар. Бұнысы да Қуандықтың барар аңғарын тұйыққа тартпай, ашық, күнес өріске тартатындай» деп айтқан екен.
Осындай ақ батадан кейін жас ақынның жолы ашылып, әдебиет әлемінде самғап-ақ кетердей реті бар еді ғой. Өкінішке қарай, олай болмайды.
«Ар» жинағы арсыздықтың құрбаны болды. Оны жоққа шығару үшін небір қитұрқы сыңаржақ сындар ойлап табылды. Ақынның өлеңдерінде «ұлтшылдықтың сарыны бар екені», «ескіні көксей беретіні» баса айтылды. Бұл жас ақынға ғана емес, әдебиетте үлкен бедел иесі бола бастаған Мұхтар Әуезовке де жасалған қастандық болатын.
«Тұнық талғамның үлгісі» атты мақалада автор сондай қысталаң шақта да Қуан ақынның жүрегіне кір түсірмей, көкірек көзін тұманға шалдықтырмай, адами қалпын асқақ ұстап, «Нұр қағып күннің көзінен, Жұлдызды жұлқып үздім мен. Қазақтың гәуһар сөзінен, Өлеңнің зерін ыздым мен…» деп мәртебелі поэзияға адалдығын сақтап қалғанын сыр ғып ашады.
Қуандық шайыр мектебінің тағылымы кейінгі буынға кеңінен таралғанын да парасатты түрде пайымдайды. Бұл ретте ақын үлгісі берік ұстанған Жұматай Жақыпбаев, Нармахан Бегалиев, Кеңшілік Мырзабеков, Ұлықбек Есдәулетов, Байбота Серікбаев, Есенғали Раушанов, Шәкизада Әбдікәрімов секілді таланттар есімдерін ілтипатпен атайды.
Биыл 100 жылдығы аталып өтпекші ақиық ақынның ғибратты ғұмыры Ар алдындағы адалдықтан ауытқымауымен өнегелі. Автордың басты тұжырымының өзі осыған саяды.
Кітаптағы «Тәржіма жүгі» мақаласы көтеріп тұрған жүк те жеңіл емес. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ оқырмандарының үлкен бір олжасы кешегі күнгі одақтас республикаларда тұратын ұлт өкілдері өз алдына, әлем әдебиетінің небір тәуір деген туындыларын өз ана тілімізде оқи бастағаны еді. Елімізде белгілі бір деңгейде кәсіби аудармашылар тобы қалыптасты. Тіпті өзіміздің Ғабит Мүсірепов сияқты классик қаламгерлеріміздің өзі тәржімаға көңіл бөлді.
Аталған мақалада автор халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ертай Ашықбаевтың тәржімашылық қабілет-қарымына назар аударады. Оның осы кезге дейін испан Хуан Рамон Хименестің, неміс Фридрих Шиллердің, ағылшын Джон Китстің, австриялық ақындар Райнер Мария Рилькенің, Пауль Целанның, поляк Збигнев Херберттің, Нобель сыйлығының лауреаттары Ярослав Сейферттің, Уильям Батлер Иейтстің жырларын қазақтілді оқырмандарға жағымды жеткізгендігін тілге тиек етеді.
Осындай тәжірибемен оның бір топ армян ақындарының туындыларын аударуға қадам жасауын иігілікті ізденіс ретінде бағалайды.
«Армян поэзиясы басқа ұлттарға қарағанда қазақ поэзиясына бір табан жақын. Олай болатыны — бұл екі халықтың түп-тасырлық тармақтары, бастан кешкен оқиғалары, әргі тарихқа үңілсеңіз, араласып жатқанын зерделеу қиын емес. Сол себепті де армян поэзиясының қазақ поэзиясы секілді эпостардан өрбігенін, сондай-ақ армян жыршылары тәрізді қазақ даласы да жыршыларға толы болғанын, солар арқылы қазақ өлеңдері музыкамен үндесіп дамығанын айтып өткеніміз жөн», — деп өзінше түйін жасаған автор ақын Ертай Ашықбаевтың аудармашылық әлемі нақ осы тұста жаңа қырынан ашыла түскенін нақты мысалдармен келтіреді. Осы ауқымда Ованес Туманянның «Көне бата» («Старинное благословение») деген өлеңіндегі «И пировали, и веселились, и вели беседы» деген жолдардың «Құтыларды төңкерді, сөз өрбіді өркенді» деп қазақ тілінде көркем келісім тапқанын немесе Ваан Терьянның «Крутись, крутись, карусель, я давно слышал твою песню…» тармақтарының «Әткеншек, дөңгелен, дөңгелен, Әніңе қанықпын мен деген…» болып үйлесе кеткенін айта келіп, бұның өзі тәржімашы шеберлігі екендігін алдымызға ұсынады.
Автордың бағалауынша, «Арараттан ескен леп» жинағы — екі ел әдебиетінің арасын әдемі жалғастырған, аударма саласындағы елеулі еңбектердің бірі.
Жинақтағы «Құл мен құлшылық» мақаласы жас жазушы Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» романы туралы.
Жалпы алғанда, роман дегеніңіздің өзі — әдебиеттегі үлкен құбылыс, жағымды жаңалық. Ал оның бағалануы, оқырман ықыласын аударуы өз алдына бөлек бір әңгіме. Мақала авторы «Нотр-Дам» деген атау да, құлшылық жасау жөніндегі сауал да осы күнгі оқырманды елең еткізе қалатындығына дау жоқ» деп бір пайымдап алады да, романның айтпақ идеясы аннотацияда көрсетілгендей, «Жазушының адам ішкі дүниесін, қоғамдағы хал-ахуалды сан алуан қырларынан қарастырып, заманауи ақиқатты айшықтаған жаңа шығармасы ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Дара қолтаңбасы қалыптасып үлгерген қаламгердің өз замандастарының жүрек жанарына үңіліп, түйсік тұңғиығына тереңірек бойлауға тырысқаны байқалады.
Психологиялық роман жанрының бірегей бағытында жазылған бұл кітап көптің көңілінен шығып, әдеби ортаның оң бағасын аларына бек сенімдіміз» деген жолдарды тілге тиек етіп, өз талдауын одан әрі жалғастырады.
Роман теңіз жағасында орналасқан шағын қаланың қалыпты тіршілігін суреттеуден басталады. Тоталитаризмнің нағыз берік орныққан мекеніне айналған делінетін шаһардың тұрғыны саналатын кейіпкердің: «Мені аңыздар жауап бере алмайтын кейбір сұрақтар мазалағанда кімнен сұрарымды білмей, дегбір дегеннен айырылып, дал болатынмын» деп ойға ұрынуы алдағы әңгіменің жасырын жаршысы іспетті оқырманды өзіне тарта түседі. Осындай ерекшелікке көңіл бөлген мақала авторы «Бұл романның желісінің бірі — тоталитарлық режимді әшкерелеу. Дәлірек айтқанда, соның көзге көрініп тұрған, оқырманға жақсы таныс оқиғаларын баяндау» деп айта келіп, қаламгердің тосын тақырыпты таңдап, кейіпкерлерінің ішкі психологиялық толғаныстары арқылы оқырманын ойға салу әдісін оң жетістік деп ұғынады.
Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романы туралы автор: «Шығарма шынымен де қаламы қалыптасып қалған, не жазуды ғана емес, қалай жазуды да игеріп қалған қалам иесінің дүниесі екені көрініп тұр» — деп ой-пікірін білдіріп, одан әрі тереңдеп талдай түседі. «Постмодернизм сарынымен сусындаған, мифология да, мистика да қоса өрбитін мынау «Абыл мен Қабыл» романы — қазақ әдебиеті үшін тосын да тың бағыттағы алғашқы кесек дүниелердің бірі» деуі жазушы ізденісі мен жаңашылдығының айқын шынанын танытқандай.
Жалпы, Бауыржан Құрманқұловтың бұл «Таразы» атты еңбегі әдебиетіміздің бүгінгі қадамдарын таразылау ниетінен туғанын сезіндік. Бұл ретте халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Бауыржан Жақыптың «Білте шамның жарығы» жинағы жөнінде, шығармашылық ортадан алыстау жүрсе де, қаламы құрғамай жыр жазатын Бижан Қалмағанбетов өлеңдерінің өзіндік өрнегі туралы, сондай-ақ белгілі журналист, әдебиеттанушы-ғалым Бауыржан Омаровтың «Шеге құм» деп аталатын портреттік мақалалар мен эсселер жинағы хақында толғана жазады.
Сондай-ақ жинақ авторының «Формасы бөлек форум», «Одаққа өтуге кім лайықты?», «Төбелер стихиясы» — төрге шақырған төл тақырып» мақалалары бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғауымен құнды.
«Таразы» кітабы — әдебиетіміздің бүгінгі барын ашып көрсетіп, ендігі қажетін ойда ұстап, көздеп отыруға үндейтін, жас қаламгерлерге жігер беріп, жақсылыққа жетелейтін толымды еңбек.
Сөз түйінін «Жазар көбейсін!» деген жақсы тілекпен аяқтапты автор. Бұл игі ниетке біз де қосыламыз.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.