Білім

Патриоттық тәрбиенің негізі

Алғашқы әскери дайындық

Әскери-патриоттық тәрбиенің басты мақсаты — еліміздің ертеңі үшін адал қызмет ететін білікті маман, айбынды азамат, Отан тарихына аса құрметпен қарайтын, өз ұлтын мақтан ететін патриот ұрпақ тәрбиелеу.

Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады»,—деп атап көрсеткен еді.

Ел болашағы – жастардың қолында десек, патриоттық тәрбие белгілі бір ұйымдардың ғана емес, бүкіл азаматтық қоғамның да басты бағытына айналғанда ғана нәтиже береді. Себебі жастар дүниетанымы өзін бағалайтын қоғам мен бастамаларын қолдайтын ортада тұлға ретінде өзін қалыптастырғанда ғанаүлкен жетістіктер әкеледі.

Патриоттық тәрбиекүнделікті сабақта тек бұйрықпен немесе темірдей тәртіппен қалыптаспайтыны анық. Себебі әрбір отбасынан шыққан оқушының қалыптасқан таным-түсінігі әртүрлі. Сондықтан мұғалім әрбір сабағында патриоттық тәрбиені теориялық-практикалық әдістермен ұштастырып, шәкірт жүрегіне жол сала отырып,жеткізуі керек деп білемін.

Жалпы, әскери-патриоттық тәрбиенің мақсаты мен міндеті қандай? Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің маңызы неде деген сұраққа үңілсек, ұрпақ тәрбиесі — ұлттың тағдыры. Бүгінгі бозбала – ертеңгі ел қорғайтын азамат.

Сабақ барысында алдымда отырған оқушыларыма үнемі даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының  «Ерлік — табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі, Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі» деген сөзін басшылыққа алып, бүгінгі бозбала, ертеңгі Отан қорғайтын азаматсыңдар деп қолдау көрсетіп отырамын.

Қазіргі қоғамдағы тәлім-тәрбие берудің алтын діңгегі мектеп екені сөзсіз. Ал жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде ұлттық педагогиканың алатын орны орасан зор. Осынау кең-байтақ жерімізді, ұлан-ғайыр атырапты, туған өлкемізді соңғы демі қалғанша күресіп,сақтап қалған кешегі батыр бабаларымыздың ерлік істерін өнеге ету, Ұлы Отан соғысында ерлігімен танылған өңіріміздің батырлары туралы түсірілген тарихи деректерді, фильмдерді талқылау да сабағымның бір әдістемелік құралы.

Жалпы, жоғары сынып оқушылары үшін далалық оқу-жаттығу жиындарының маңызы өте зор. Олар жыл бойы алған теориялық білімдері мен әскери дайындықтарын сол жерде паш етеді. Мектеп қабырғасындағы әскери саптық жүрісті үйрету, автоматты құрастыру, құралдармен жұмыс жасау, далалық оқу-жаттығу жиындары кезінде ерік-жігерін танытуға еркіндік беру оқушылардың жаңа қырынан танылуына, патриоттық сезімін арттыруға көп септігін тигізеді.

Елін сүйетін, жүрегі елім деп соғатын, саналы сарбаз, жігерлі жауынгер, бәсекеге қабілеттіжас ұрпақ тәрбиелеу жолында әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға барынша күш салуымыз керек. Өзімізге артылған жүктің салмағын кемітпей, мәртебелі міндеттерімізді абыроймен орындау үшін әр мүмкіндікті қалт жібермей, ортақ мүддеміз үшін еңбектенуіміз көздеген мақсаттарымызға жеткізеді деп ойлаймыз.

Камалбек ЕРЖАҚЫПОВ,

№2 мектеп-гимназияның алғашқы әскери дайындық мұғалімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button