Жеңіс

Ер есімі — ел есінде

Қалалық №2 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың және Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуы аясында «Ер есімі — ел есінде» тақырыбында тәрбие сағаты өтті.

Оқушылардың патриоттық рухын арттыруға, батырлардың ерлігін үлгі етуге бағытталған іс-шараға «Жауынгерлік бауырластық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, Ауған соғысының ардагері Ермек Мурсалимов, Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің аға ғылыми қызметкерлері Айсұлу Туралиева, Сәулеш Тажбенова қатысты. Рухани-танымдық кездесу мектептің «Жас сарбаз» клубының мүшелері 8-9 сынып оқушылары және мектеп ұстаздарының қатысуымен өтті.
Ерлік сағатында сөз сөйлеген музей қызметкері Айсұлу Туралиева қос батырдың балалық шағы, майдандағы ерлігі, отбасы туралы деректермен бөлісіп, оқушылардың қойған сауалдарына жауап берді.
— Қос батыр — ұлттық мақтанышымыз. Әлия Молдағұлова, Рақымжан Қошқарбаев секілді патриоттар өмірін қатерге тігіп, жеңіс үшін, болашақ ұрпақтың қамы үшін жан аямай соғысты. Батырлардың ерлігін ғасырдан-ғасырға таусылмас жыр ғып жеткізе беру — біздің міндетіміз, — деді А.Туралиева.
Кездесуге арнайы шақырылған ардагер Ермек Мурсалимов Ауған соғысында басынан өткерген қиыншылықтарымен, сол жақта орын алған оқиғаларымен бөлісті. Өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-есен оралған ол бүгінде жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу жолында еңбек етіп келеді.
— Жылдар жылжып өткенімен, ерлікпен қаза тапқан ержүрек жауынгерлеріміздің ерлігі ел есінде мәңгі сақталады. Сондықтан соғыс ардагерлерінің өжеттігін үлгі ету, рухына тағзым ету әрқайсысымыздың қасиетті борышымыз, — деді ол.
Кездесу соңында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гаухар Нағметқалиева қатысушыларға алғысын білдірді. Іс-шара «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясындағы ұйымдастырылған тақырыпқа сай кітап көрмесімен жалғасты.

Рима МӘНДІБАЕВА,
№2 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының
тарих пәнінің мұғалімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button