Жаңалықтар

Спортқа көңіл бөлсеңіз…

Жаңа кешен

«Қызылжар» және «Ясный» спорт кешендерінде жаттығулар басталып кетті. Балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына барлық жағдай жасалған, бірнеше спорт секциясы жұмыс істейді.

Еске салайық, өткен аптада облыс әкімі Асхат Шахаров қаланы аралау кезінде нысандардың балаларды қабылдауға дайындығын тексеріп шықты. Ол спорттық инфрақұрылымды дамыту—жастарды салауатты өмір салтына баулудың маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өткен еді.
«Қызылжар» денешынықтыру-сауықтыру кешенінің аумағы— 1601,4 м². Мұнда волейбол, баскетбол, үстел теннисіне арналған ойын залдары, сондай-ақ күрес залы мен 100 орындық трибуна қарастырылған.

— Қызылжар спорт мектебінде дзюдо, таэквандо, бадминтон сияқты олимпиадалық спорт түрлері, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, жекпе-жек секілді ұлттық спорт түрлері өз жұмысын бастап жатыр. Алдағы уақытта футболды сабақ жоспарына енгіземіз. Күніне елуден астам бала жаттыға алады. Бір жылда 600-ден астам мектеп түлегін даярлаймыз деген үміттеміз, — дейді Ұлттық спорт мектебінің директоры Дархан Темірханов.
Спорт нысанының ашылғанына ата-аналар қуанып отыр. Өйткені бұған дейін олар балаларын Есет батыр тұрғын алабындағы спорт кешеніне апарыпты.

— Спорт ғимаратының үйімізге жақын жерден ашылғанына өте қуаныштымын. Бұрын Есет батырдағы жаттығу залына апаратын едік, енді міне Қызылжарымызда бар, іші өте ұнады, — деді ауыл тұрғыны Қарлығаш Кусебаева.

Ал «Ясный» денешынықтыру-сауықтыру кешені 1223 шаршы метр аумақты қамтиды және волейбол, баскетбол, мини-футбол сияқты спорт түрлерімен шұғылдануға болады.

— Бұл елдімекенге осындай спорт кешені өте қажет еді. Бүгінге дейін спорпен айналысатын орынды жалға алып келдік. Міне, кешен ашылып, ата-аналар қуанып, мәз болып жатыр. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап осы залды мектебіміздің балансына өткізді. Қазіргі таңда екі жаттықтырушы бар, жүзге жуық бала тәрбиеленуде. Алдағы уақытта жаттықтырушылар көбейіп, 400-дей баланы тәрбиелейміз деп жоспарлап отырмыз, — деді №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Гүлнұр Рамазанова.

«Достық» бассейнінде де спортшылар жаттығуларына кірісті. 800-ден астам жас спортшы қайтадан барлық қажетті жағдайлар жасалған бассейнде жаттығуын жалғастыра алады.
Ғимарат 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Пайдалануға берілген сәттен бастап жөндеу көрмеген кешеннің жабылуына шатырынан судың ағуы, топырағының шөгуі, жертөлесіне судың жиналуы себеп болды.
Мердігер компания «Альтаир-СК 7» ЖШС жеті ай ішінде бөлінген бюджет қаражаты 388,12 млн теңгеге ішкі және сыртқы жөндеу жұмыстарын жүргізді, бассейнді қалпына келтірді. Енді спорт кешені жаттығулар мен жарыстар өткізуге дайын. Айтып өткен жөн, күрделі жөндеу жұмыстары кезінде спортшылардың жаттығулары тоқтатылған жоқ, олар басқа ғимаратта жаттықты.
 — Күрделі жөндеу жұмыстары жеті айға созылып, уақтылы аяқталды. Негізі проблема шатыр мен жертөледе еді. Шатыр ауыстырылды, жертөлеге оқшаулау жұмыстары (изоляция) жасалды. 1600 шаршы метр кафель ауыстырылды, вентеляциялық жылу жүйелері жаңаланды. Ата-аналар мен балалар жаңаланған ғимаратты көріп, қуанып жатыр,дейді бассейн директоры Ермек Жетімеков.
Президенттің бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға басымдық беру туралы тапсырмасына сәйкес өңірде спорттық нысандарды салу жұмыстары жалғасуда. Ақпан айында Заречный-3, Кеңес Нокин ауылы және Ақжар елді мекендерінде тағы үш денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылады.
Құрылыс, қала құрылысы және архитектура басқармасының ақпаратына сүйенсек, биыл облыс орталығындағы бұрынғы «Динамо», Алтын Орда шағын ауданындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені тапсырылады. Сондай-ақ Темір ауданының Темір қаласында спорт кешені және Шұбарқұдық ауылында бассейн ашылады. Кеңқияқтағы спорт кешенін реконструкциялау жұмыстары аяқталады. Шалқар ауданының Бозой және Шілікті ауылының, Хромтау қаласы мен Ырғыз ауданы Құрылыс ауылының спортшы балалары да осы жылы жаңа залда жаттығады деп жоспарланып отыр.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button