Мектеп оқушылары диплом алды

Елімізде2023 жылдан бастап 10-11 сынып оқушыларына арналған мамандыққа оқыту пилоттық жобасы іске асырылған болатын. Аталған жоба аясында білім алған жоғары сынып оқушыларының алғашқы легіне диплом табысталды. Ақтөбе автожол колледжінде өткен диплом табыстау салтанатына облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының және білім басқармасының өкілдері, ата-аналар мен түлектер қатысты.
Ақтөбе автожол колледжі пилоттық жоба аясында 25 оқушыны оқуға қабылдаған. Пилоттық жоба мектеп оқушыларын жұмысшы мамандықтарына қызықтыруға, олардың кәсіби білімдері мен дағдыларын ерте жастан дамытуға, жастардың еңбек нарығына бейімделуін қамтамасыз етуге бағытталған.
— Пилоттық жоба аясында оқушылар «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Тігін өндірісі және киімді үлгілеу», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Бүгін соның алғашқы 25 түлегі оқуды аяқтап, мамандықтары бойынша дипломдарын алды. Оның 8-і үздік дипломмен марапатталып, жақсы көрсеткіш көрсетті. 2024-2025 оқу жылына тағы 58 оқушыны қабылдаған болатынбыз. Оқушылар колледжде 1 жыл 5 ай көлемінде білім алады. Олар үшін аптаның жұма және сенбі күндеріне сабақ кестесі құрылған, — деді автожол колледжінің оқу ісінің орынбасары Сағыныш Елеусізова.
Пилоттық жоба облыстың үш бірдей колледжінде ұйымдастырылып келеді. Олар —Ақтөбе автожол, сервис және Ойыл аграрлық колледжі. Аталған жоба бастау алған жылы облыста 81 оқушы оқыс, 2024-2025 оқу жылына 128 оқушы қабылданған. Олар — қалалық №1, №39 жалпыорта білім беретін мектебінің және Ойыл қазақ орта мектебінің оқушылары.
Салтанатты жиында сөз алған білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева түлектерді құттықтап, сәттілік тіледі.
— Облыс бойынша пилоттық жоба негізінде 48 түлек оқуды аяқтап, мамандық иесі атанып жатыр. Әрбір жастың міндеті — өзінің кәсіби біліктілігін шыңдау. Сіздер әрбір саланың тілін халықаралық деңгейде меңгеріп, өзге кадрларға бәсекелестік тудыратындай жоғары білікті, сұранысқа ие маман болуларыңыз керек. Әрқашан биік белестерге ұмтылып, жетістікке жете беріңіздер! Құрметті ата-аналар мен ұстаздар, бала тәрбиесінде көрсеткен еңбектеріңіз бен қамқорлықтарыңыз үшін алғысымды білдіремін, — деді Б.Күзембаева.
Колледждердің материалдық-техникалық базасы білім беру бағдарламаларына сәйкес толық жабдықталып,оқушылар мен студенттердің жан-жақты дамуына барынша жағдай жасап келеді.
Айдана АЛТЫБАЕВА.