Жаңалықтар

Тұтынушыларға 124 млн теңге қайтарылды

Брифинг

Былтыр Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 1388 арыз түсіп, мемлекеттік органның көмегімен 124,4 млн теңге қайтарылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтылды.

Өткен жылы тұрғындар облыстың сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне болмай қалған сапарлары және көрсетілмеген қызметтер үшін ақшалары қайтарылмағаны туралы жиі шағымданған. Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Гүлзада Алматбаеваның айтуынша, оларға алданған 40 тұрғын жүгінген. Нәтижесінде департаменттің көмегімен тұтынушылар пайдаланылмаған туристік сапарлары үшін 69 миллион теңгесін өндіріп алған.

Сондай-ақ желтоқсан айында Санкт-Петербург пен Мәскеуге турлар ұйымдастырған жеке кәсіпкерге қатысты тағы 12 адам шағымданған. Жауапсыз қызмет көрсетушілердің кесірінен туристікс апарлар келісілген уақытта ұйымдастырылмаған, тіпт ітұтынушылардың ақшалары да қайтарылмаған жағдайлар да кездеседі. Барлық келісімшарт тамыз айында жасалған.

— Егер бір сатушыға 10-нан астам адам шағымданса, департамент өзі сотқа арыз бере алады. Сот арқылы тек материалдық залалды ғана емес, сонымен қатар заңгерлік қызмет шығындары мен моральдық шығынды да өндіреміз, —деп түсіндірді Гүлзада Алматбаева.

Былтыр тағы бір жағдай болған, мұнда сатушы сенімсіз болып шыққан. Бір тұрғын «ГАЗель» көлігін сатып алып, оған 10 млн теңге төлейді, бірақ көліктің ақаулары көп болып шыққан. Алаяқтан зардап шеккен адам мемлекетті корганға жүгініп, олар сот ісіне тұтынушының мүддесін қорғау үшін араласқан. Бұл жағдайды баяндаған Гүлзада Алматбаева сот ісі басталғаннан кейін сатушы «Газель» көлігінің ақшасын тұтынушыға қайтарғанын айтты.

Облыста қызмет көрсету сапасына қатысты да көптеген мәселе туындаған.

— Біз тұтынушыларды тапсырыс бермес бұрын, пікірлерді мұқият оқып, қызмет көрсетушінің ақпаратын тексеруге шақырамыз. Кейбір адамдар орындаушының қай қалада екенін де тексермейді. Мысалы, тұтынушылар 400 мың теңгеден 1,2 миллион теңгеге дейінгі бағада темір қақпалар тапсырыс берген кезде Атырауда тұратын компанияны таңдағандарын байқамай қалған. Соның салдарынан олар ақшасынан да, қақпасынан да айырылды. Бізге осындай 10 адам шағымданды, —деді Г.Алматбаева.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button