Денсаулық

Құтырма ауруынан қауіп көп

Маман кеңесі

Құтырма ауруы аса қауіпті, орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жұқпалы індетке жатады.

Ауру қоздырғышы — өте ұсақ вирустар. Табиғатта аурудың қоздырғыштары қасқыр, түлкі, қарсақ секілді жыртқыш аңдарда  сақталады. Қолға үйретілген жануарлар — ит пен мысықта  бұл ауруға жиі шалдығады. Құтырма өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін.

Вирус адамдарға құтырған жануар, әсіресе иттер мен мысықтар тістегенде, тырнағанда немесе сілекейлегенде жұғады. Өйткені осы аурудың қоздырғышы олардың сілекейінде болады. Әсіресе иесіз ит пен мысық, жабайы жануарлар аса қауіпті болып келеді.

Құтырмамен ауырған адам сауықпайды, бірақ алдын алуға болатынын есте сақтау қажет. Ол үшін құтырма ауруына қарсы қолданылатын екпелер уақытында жүргізілуге тиіс.

Зардап шеккен адамды сақтандырудың бірден-бір шарасы — егу. Сондықтан сырт көзге дені сау болып көрінген жануардың тістеуінен немесе тырнауынан зардап шеккен жағдайда да дереу дәрігерге көрініп, егудің толық курсын алу қажет, екпелерді үзуге болмайды. Егулер жеңіл түрде және ауыртпалықсыз өтеді.

Ақтөбе қаласында 2024 жылдың қорытындысы бойынша құтырма ауруының эпидемиологиялық жағдайы қолайлы болды, адамдар арасында құтырма ауруы тіркелген жоқ.

Құтырма ауруын алдын алу шаралары:

  1. Бұралқы иттер мен мысықтарды аулау, жою, жануарларды үй жағдайында ұстау ережелерін сақтау, үй жануарларын құтырма ауруына қарсы профилактикалық егу.
  2. Жануарлар тістеуінен, сілекейленуінен, тырнауынан зардап шеккен адамдар бірден сол бойда медициналық көмекке жүгіну.
  3. Дәрігер тағайындаған антирабикалық екпені кестеге сай алу. Зардап шеккендер емдеу-профилактикалық егуді 5 рет алады. Екпе қабылдап жүргенде қатты ыстықтан, салқыннан қорғану қажет және алкогольді ішімдіктер ішуге болмайды.
  4. Адамдарды тістеп алған ит, мысық және басқа жануарларды емдейтін (ветеринарлық) мекемеге жеткізіп, 10 күн бойы бақылау керек. Адамды қапқан жануарды өлтіруге болмайды, өйткені бақылау қорытындысы бойынша алдын ала емдеу әдісін таңдау қажет болады.
  5. Үйде ұстайтын иттер мен мысықтарды жыл сайын құтырма ауруына қарсы еккізіп отыру керек, серуендету жөніндегі ережені сақтау керек. Иелігіне жаңадан сатып алған итті тіркеуден өткізіп, ектіру міндетті. Кешкі уақытта итті тек жабық аулаға жіберу керек. Ортақ аулаға немесе серуендету үшін көшеге итті тек қысқа қарғыбаумен және мұрындықпен шығару керек.

 Гүлжамал БИЕКЕНОВА,

Ақтөбе қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button