Басты жаңалықтар

Көгілдір отын мен ауыз су: биылғы жоспар қандай?

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде ауылдық елді мекендерді газдандыру және ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев облыстағы 319 елді мекеннің 172-сі газдандырылғанын, бұл 53,9% екендігін айтты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша басталған 21 жобаның 8-і толығымен аяқталған, 13-і — 2025 жылға ауыспалы жобалар қатарында. Осы жобаларды іске асыра отырып, 9,8 мың тұрғыны бар 23 ауылға көгілдір отын тартылады. «QazaqGaz Aimaq» инвестициялық бағдарламасы аясында Мұғалжар ауданы Қожасай ауылын газдандыру жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ жақын арада 2,6 мың халқы бар тағы 6 ауылға газ жеткізіледі.
— 2025 жылдың соңына қарай 196 елді мекенге газ беріледі, бұл — ауылдардың жалпы санының 61,4 пайызы. Бұдан басқа 2025-2027 жылдарға жалпы құны 4,7 миллиард теңге болатын 9 жаңа жобаға өтінім берілді. Оларды іске асыру 206 елді мекенді газдандыруға мүмкіндік береді, — деп түсіндірді Арысұлан Айтбаев.
Спикер атап өткендей, өткен жылдың желтоқсан айында Ақтөбеде магистралды газ құбырының үшінші тізбегінің құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта газ құбырының учаскелерін толтыру және оны жұмыс қысымына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде газ құбырының өткізу қабілеті сағатына 526,5 мың текше метрге дейін ұлғайтылады, бұл қаланы қосымша табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Елді мекендерді сумен жабдықтауға келер болсақ, бүгінгі таңда 319 ауылдың 291-і ауыз сумен қамтамасыз етілген, бұл — 91,2%. 28 ауылда су ұңғымалары қолданылады. Ел Президентінің халықты 100% сапалы ауызсумен қамтамасыз ету туралы тапсырмалары аясында биыл Ақтөбе облысында бұл көрсеткіштерді 302 елді мекенге немесе 94,7 пайызға жеткізу көзделген.
— Ақтөбе қаласының тұрғын алаптарын ауызсумен қамтамасыз ету үшін «Сарыбұлақ» және «Моисеев» сорғы станцияларын салу бойынша екі ірі жоба әзірленді. Екі жоба да мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алып, республикалық бюджеттен қаржыландыруға бағытталған. Осы жобаларды іске асырғаннан кейін қалаға тәулігіне қосымша 70 000 текше метр су келеді, бұл тұрғын алаптарды сумен жабдықтау мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді, — деп нақтылады басқарма басшысы.
Су құбыры желілерінің тозу проблемасын шешу үшін облыс бойынша 13 жобаны іске асыру көзделген. Бұдан басқа «Aqtobe su-energy group» АҚ 12,2 шақырым су құбыры желілерін қайта жаңартпақ, осылайша облыс орталығындағы желілердің тозу деңгейін 29,5 пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отыр.
Облыс әкімі сумен жабдықтау және газдандыру бойынша басталған барлық жобалардың мерзімінде аяқталуын тапсырды.
— Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына барлық басталған жобалардың орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырамын. Газдандыру және сумен жабдықтау жоспарланған мерзімде аяқталуы керек және ешқандай жоба себепсіз кейінге қалдырылмауға тиіс. Өңірде газбен және сумен жабдықтауды жақсартуға бағытталған барлық жоспарланған іс-шаралар жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және Мемлекет басшысының әрбір тұрғынды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі алға қойған міндеттерін орындауға ықпал етеді. Барлық басталған жобаларды қатаң бақылауда ұстау қажет, — деді өңір басшысы.

А.Ілиясқызы

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button