Жаңалықтар

Тұрмыстық қалдықты кәдеге асырған…

Экобелсенді оқушылар тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жаратып,  қоқыс сұрыптау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып жүр. Дәл осындай тақырыпта №56 жалпы білім беретін орта мектебінде байқау өтті. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шараға қаланың 52 мектебінен 90-нан аса оқушы қатысты.

«Тұрмыстық қалдықтарға екінші өмір сыйла» байқауы 8-11 сынып оқушылары арасында өткізілді. Аталған байқау «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасында белгіленген әлеуметтік міндеттерді шешуге өскелең ұрпақты белсенді тартуға бағытталған. Тұрмыстық қалдықтардан жасаған бұйымдарға қала мектептерінің биология пәнінің мұғалімдері қазылық етті. 90-нан аса оқушының қатысуымен өткен байқау 24 топтық, 28 жеке жұмыс таныстырылымынан тұрды. Сондай жас экобелсендінің бірі —Бейбарыс Ерасыл. Ол табиғат жанашыры ретінде 3 жылдан бері әртүрлі байқауға қатысып, жоба қорғап келеді. Жас зерттеуші бұл жолғы байқауға екі бірдей тұрмыстық қалдықты қолдану жобасын әкелген.

Байқауға дейін де үйден әртүрлі тұрмыстық қалдықтарды қолданып, тәжірибе жасап жүремін. Бүгін соның пайдасы тиді. Менің алып келген жобамның жасалуы ұзақ процестен тұрады. Яғни, жұмыртқа салатын ұя қораптары мен пияздың қалдығын пайдалану арқылы жаңа туынды шықты. Дымқыл қорапқа пияздан қалған қалдықтарды орналастырып, жарық жерге қойдым. Үнемі суарып тұру нәтижесінде тамырланып, жаңа өскіндер пайда болды,— деп үй жағдайында кез келген адам жасай алатын тиімді әрі оңай тәжірибемен бөлісті.

Байқауға қатысушылар арасында қажетсіз қалдықтан көздің жауын алатын әдемі бұйымдар жасағандар да бар.

Жетекші ретінде байқауға қызығушылық танытып, оқушыларыммен бірге қатысуға шешім қабылдадым. Сөйтіп, 8-сынып оқушыларынан екі шәкіртімді даярладым. Байқауға тұрмыстық қалдыққа жататын мал сүйегін пайдаланып, қолөнер бұйымдарын жасап келдік. Жинаған сүйектерді етінен тазалап, жуып алған соң, 10 сағат қайнатып, суын төктік. Осылай 3 мәрте жасағаннан кейін, сүйектің бойындағы май мен иісі кетіп, жұмыс істеуге ыңғайлы қалыпқа келді. Мектебімізде кесіп, ою салатын станоктар бар. Соның көмегімен «Париж мұнарасы», «Бәйтерек», «Балбал тас» тәрізді кәдесыйлар мен ұршықтың басын және ірі малдың жауырын сүйегінен киім ілгіш жасап келдік, — деді қалалық №50 мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Нұрпейіс Итолин. 20 жылдық тәжірибесі бар ұстаз бен шәкірттерінің жұмысына қызыға қарағандар көп болды. Енді қатысушылар мен жетекшілер арасына тәжірибе алмасу сағаты өткізілмек.

Іс-шара соңында белсенділер мен жеңімпаздар марапатталып, сыйлықтар табысталды.

А.АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button