Бұлақты — үлгілі ауыл

Мәртөк ауданында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында тазалық жұмыстары жүргізілді. Оған ауыл жастары, волонтерлер мен аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары қатысты.
Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дархан Тілеуовтің айтуынша, акцияның мақсаты — табиғатты таза қалпында сақтау, жастарды еңбекке жұмылдыру.
— Экологиялық акция барысында аудан жастары белгіленген аумақтарды күл-қоқыстан тазартып, көше бойы мен жаяу жүргіншілер жолының қарын күреді. Арықтар аршылып, саябақтарда сынған ағаш бұтақтары жиналды. Жиналған қоқыс арнайы полигонға төгіліп, 192 текше метр қар шығарылды. Тазалық жұмыстарына 3 арнайы техника жұмылдырылды.
Табиғатты қорғау — ортақ міндетіміз. Тазалық жұмыстарына тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тартудың маңызы зор. Ауылды таза қалпында сақтап, ауданымызды көркейтуге үлес қосайық! — дейді ол.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Ақтөбе облысының елді мекендері арасында «Үлгілі ауыл» байқауы ұйымдастырылған еді. Нәтижесінде 1-орынды Мәртөк ауданы Бұлақты ауылдық округі жеңіп алса, 2-орынды Байғанин ауданы Ебейті ауылдық округі, 3-орынды Шалқар ауданы Мөңке би ауылдық округі иеленді. Байқау жеңімпаздарын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Жуырда жеңімпаз атанған Мәртөк ауданы Бұлақты ауылдық округінің әкімдігіне 15 миллион теңгенің сертификаты табысталады.
Бұлақты ауылдық округінің әкімі Равиль Сандыбайұлының айтуынша, байқау қаражаты ауыл орталығында орналасқан Гагарин көшесіне аллея салу жұмыстарына пайдаланылады.
— Тазалық — денсаулық кепілі. Ал ауыл тазалығын сақтау — әрбір тұрғынның міндеті. Жастардың экологиялық білімін арттыру, туған жерінің табиғатына қамқорлық көрсетуге бағытталған іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылғаны жөн. «Үлгілі ауыл» байқауынан жеңімпаз атанғанымызды, комиссия мүшелері хабарлады. Жуырда сертификат табыстау іс-шарасы өтеді. Тазалық акциясына үлес қосқан барша ауыл тұрғындарына алғысым шексіз. Байқаудан жеңіп алған қаражатқа ауыл ақсақалдары мен аудандық қоғамдық кеңес мүшелерімен ақылдаса келе, аллея салынатын болды. Лайықты орын да таңдалды. Гагарин көшесіне аллея салынып, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Былтыр бұл көшеге асфальт төселіп, жөндеу жұмыстары жасалды, — дейді ауылдық округ әкімі.
Ақмарал МҰҚАШЕВА,
Мәртөк ауданы.