Денсаулық

Қызылсудағы қуаныш

Қызылсу ауылында күрделі жөндеуден өткен жаңа медициналық пункттің салтанатты ашылуы болды. Мерекелік жиынға аудан басшысы Нұрхан Тілеумұратов, аудандық аурухананың бас дәрігері Мақсат Серғазин және ауыл тұрғындары қатысты.

Ресми іс-шара барысында ауыл әкімі Әскербек Жұмабеков бұл жобаның іске асуына жергілікті кәсіпкер Жасұлан Сейітмағанбетовтың қолдау көрсеткенін атап өтті.Медициналық пункттің күрделі жөндеуден кейінгі мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейген. Жаңа нысан бір мезетте 20 адамды қабылдай алатын әлеуетке ие және күндізгі стационарлық ем-дом шараларын өткізуге барлық қажетті жағдайлар жасалған. Ең бастысы — ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында нысан заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар жаңа медициналық пунктте қосымша 3 жұмыс орны ашылған. Жаңа көлікке жүргізуші және екі күзетші тұрақты жұмысқа қабылданыпты. Осындай іс-шаралар ауылдарда медициналық қызметтің тиімділігін арттыруға және ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Салтанатты іс-шарада аудан басшысы өз кезегінде жергілікті кәсіпкерге әлеуметтік жауапкершілік аясында жасаған игі ісіне алғысын білдірді.

Қызылсу ауылындағы жаңа медициналық пункттің ашылуы ауыл тұрғындары үшін үлкен маңызға ие. Бұған дейін тұрғындар медициналық көмек алу үшін кейде аудан орталығына баруға мәжбүр болатын. Енді ауылдан шықпай-ақ бұл қызметті толық алатын болады. Бұл әсіресе қарттар мен балалар үшін өте маңызды екенін ескерген жөн. Медициналық көлік мәселесі шешілді. Алдағы уақытта ауылға дәрігер тарту мәселесі де шешіледі деген ойдамын, — деді Нұрхан Тілеумұратов.

Жаңа медициналық пункттің ашылуы — ауылдық денсаулық сақтау саласын дамыту бағытындағы тағы бір қадам. Аудан басшысы жергілікті тұрғындардың денсаулығын қорғау мен олардың өмір сапасын жақсарту үшін жүйелі жұмыстардың жалғаса беретінін жеткізді.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button