Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау — басты міндет

Асқар САБАНТАЕВ,
Qala Trans ЖШС-ның ресми өкілі:
— Жолаушылар тасымалымен айналысқандықтан, бұл саланың жағдайын жақсы сезінеміз. Жыл өткен сайын сыйымдылығы мол автобустар сатып алынып, қаламыз үлкейіп жатқандықтан жаңа бағыттар қосылып жатыр.
Қазіргі таңда қалаішілік жолаушылар тасымалын ұйымдастырып отырған 5 мекеме бар. Соның бірі — өзім жұмыс істейтін Qala Trans кәсіпорны. Біздің кәсіпорын қаламыз бойынша 10 бағытты қоғамдық көлікпен қамтамасыз етіп отыр. Олар: №5, №6, №7, №8а, №9, №20, №28, №46, №48, №51а.
Бұл бағыттарға күн сайын 104 автобус қатынап жүр. Автобустар күн сайын ертеңгі сағат 5.30-да парктен өз бағыттарына қарай шығады. Бағыттарына қарай автобустардың соңы жұмысын кешкі сағат 23.00-де тоқтатады.
Нарыққа үнемі зерттеу жүргізіп тұрамыз. Талдау нәтижелері көрсеткеніндей, негізінен автобустарымыз балабақшаға, мектепке, жұмысқа баратын уақытта лық толады. Мәселен, ертеңгі сағат тоғыз жарымда автобуста 3-4 адам, әрі кетсе он шақты адам болады. Көліктердің арақашықтығы да үлкен рөл атқарады. Егер қандай да бір көлік істен шықса, оны ауыстыруға дайын артық автобустарымыз бар. Бірақ автобустардың көлік кептелісіне тап болуы көп жағдайда өздеріне арналған жолақтың болмауынан туындайды. Кездесулер мен салалық жиындарда қалаішілік жолдарда осы автобус жолағының жоқтығын айтып жүрміз, алдағы уақытта қаламыздағы жаңадан пайда болып жатқан аудандарда автобус жолақтары арнайы белгіленсе екен деген тілегіміз бар. Бұрын да қала жолдарының қажетті тұстарына бағдаршам қою және оның жұмыс уақытын ұзарту сияқты ұсыныстарымыз оң шешімін тапқан болатын.
Жақында №46 бағытқа сыйымдылығы үлкен автобустар сатып алынды, бұл бағыттан ауысқан екі көлікті — №48 бағытқа, тағы 5 автобусты №6 бағыттарға қостық. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау — басты міндет.