Жаңалықтар

Көлік қатынасы: жүргізушілер үшін жаңашылдықтар бар

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, бүгінгі таңда өңірде 66 автобус бағыты ұйымдастырылған: 47 қалалық, 12 облысішілік, 2 облысаралық, 5 халықаралық. Бірақ Ақтөбе-Т.Жүргенев және Ақтөбе-Ырғыз бағыттары бойынша қоғамдық көлік қозғалысы тоқтап тұр.
— Бұл бағыттарға тасымалдаушыны анықтау үшін бірнеше рет хабарландырулар берілді. Алайда жолдың жағдайына байланысты тасымалдаушылар болмады.
Жалпы, 2024 жылы әлеуметтік маңызы бар 8 облысішілік бағыт бойынша автобус тасымалдарын субсидиялауға 341,1 миллион теңге бөлінді. Былтыр жылжымалы құрам паркін жаңарту мақсатында тасымалдаушылар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы лизингтік қаржыландыру бағдарламасы бойынша ГАЗ А65R35 «NEXT» маркалы 10 автобус сатып алды. Бұл автобустар Ақтөбе қаласынан Қобда, Мәртөк, Сарыжар, Маржанбұлақ және Родниковка бағыттарында жолаушылар тасымалына қызмет көрсетеді, — деді ол.
Оның айтуынша, өткен жылы облыста 1749,5 мың адам теміржол қызметін пайдаланып, 37,1 миллион тонна жүк тасымалданды.
— 2024 жылғы 16 қарашада Ақтөбе-Шалқар бағыты бойынша пойыздың құрамына 1 купелік вагон қосылды. Вагонның сыйымдылығы — 30 орын: 2-еуі мүмкіндігі шектеулі жандарға және оларды алып жүретін адамдарға, қалғаны жолаушыларға жалпы пайдалануға арналған. Вагон мүмкіндігі шектеулі жандардың арбасымен пойызға мініп-түсуіне арналған көтергіш құрылғылармен жабдықталған. Қазіргі таңда бұл бағыт бойынша пойыз құрамы 1 купелік 3 плацкарт және 4 жалпы вагоннан тұрады. Сондай-ақ 22 қазаннан бастап «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы Батыс аймақтық филиалы Ақтөбе-Шалқар бағытында коммерциялық маршрутын іске қосты. Бұл пойыз айына 15 күн қатынайды, билет құны плацкарт вагоны үшін 4800 теңге, ал купе билеті 6 мың теңге тұрады, — деді басқарма басшысы.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайдың басқарма төрағасы Дастан Малиев 2024 жылы 985 мың жолаушыға қызмет көрсетілгенін атап өтті. Биыл Ташкент, Кутаиси қалаларына халықаралық әуе рейстерін қайта ашу жоспарланып отыр.
— Әуежай арқылы аптасына 7 жүк рейстері орындалады. Өткен жылы Түркия және Біріккен Араб Әмірлігінен 10,1 мың тонна жүк тасымалданып, республика бойынша жүк тасымалының көлемі бойынша 2-орынға шықтық. Тасымалданған жүктің 90 пайызы Ресей Федерациясына және 10 пайызы Қазақстанның батыс өңірлеріне таратылады.
Ақтөбе әуежайының жүк хабы ретінде айтарлықтай даму әлеуеті бар. Осы мақсатта әуежайда мынадай жобалар жүзеге асырылуда: отын кешенін жаңғырту, заманауи қойма инфрақұрылымын салу, әуежай аумағында арнайы экономикалық аймақ құру, — деді ол.
Сонымен бірге Ақтөбе әуежайында «S SISTEM» түрік компаниясы мен «Қазпошта» АҚ ауданы 3,2 га болатын инновациялық пошта терминалы — «Хаб» салу жобасын жүзеге асырып жатқаны айтылды. «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС компаниясы отын-жанармай құю кешенін жаңғырту және кеңейту үшін Jet A-1 маркалы авиакеросинге көшу бойынша қажетті жұмысты бастағаны турасында да тілге тиек етілді.
Әуежай аумағында «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағын құру туралы бастаманың көтерілгені белгілі. Мұндағы мақсат — жоғары өнімді және бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, өңірлік экономика саласында жаңа технологияларды енгізу, шетелдік инвестицияларды тарту. Сол арқылы 1,2 трлн теңгеге 40-тан астам жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
— Ақтөбе және Орынбор облыстары арасында «Жайсаң-Сағарчын» және «Әлімбет-Орск», екіжақты қатынас үшін «Қарашатау-Светлый» автомобиль өткізу пункттері жұмыс істейді. Трансшекаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерін дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді. Жол картасына сәйкес «Әлімбет», «Орск» және «Сағарчын» өткізу пункттерін кеңейту және жөндеу жұмыстары қарастырылған. Сөйтіп, облыс аумағы бойынша негізгі жүк тасымалы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізі «Жайсаң-Сагарчын» халықаралық автомобиль өткізу бекеті арқылы өтетін болады.
Көлік министрлігінің ақпаратына сәйкес өткізу пункттерін қайта жаңғыртуға байланысты облыста орналасқан «Әлімбет-Орск» өткізу бекеті 1 ақпанда уақытша жабылады. Жаңарту жұмыстары 16 айға созылмақ. Халықаралық рейстерді жоспарлағанда осы ақпараттың ескерілуін өтінеміз, — дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button