Сталинград шайқасының жауынгері

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толады. Осыған байланысты ТМД елдерінде 2025 жыл «Жеңістің 80 жылдығы және нацизмге қарсы күрестегі бірлік жылы» деп жарияланды.
Астанада Жеңістің 80 жылдығына орай әскери шеру өтетін болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіледі, ешкім де елеусіз қалмайды. Жеңістің биылғы мерекесі Қазақстанның бірде-бір азаматын бей-жай қалдырмайтынына сенімдімін. Өйткені біздің елде сұрапыл соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ деуге болады. Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау — баршаға ортақ парызымыз», — деп атап көрсетті.
Ұлы Жеңіске ақтөбелік жауынгерлер де лайықты үлестерін қосты. Жерлестеріміздің жауынгерлік жолдары, майдандағы ерліктері туралы газетімізде тұрақты беріліп тұратын болады.
Сталинград үшін шайқасқан 62-армияның 124-атқыштар бригадасы құрамындағы төрт мың қазақтың бірі — Қасенғали Әлекенов еді. Жауынгердің келіні Гүлзада Әлекенованың музей қорына тапсырған мұрағаттық іздестіру нәтижесінде жинақтаған атасының өмір деректері мен ерліктері туралы мынадай жайларды ұғындық.
Қасенғали Әлекенов 1914 жылы 3 қазандаТемір ауданына қарасты №3 ауылда туған. Әкесі Сырым 1929 жылға дейін Қарабаласайда егін егіп, мал өсірумен айналысқан. Кейін колхозға мүше болып кірген.
Қасенғали 1927-1929 жылдары Темірдегі жеті жылдық орыс мектебінде оқыған. 1932 жылы Қызылордадағы медицина қызметкерлерін даярлайтын алты айлық курсты бітірген. Бірақ ол өзінің журналистік қабілетіне қарай Темірдегі «Кедей», кейін «Социалистік майдан» газеттерінде қызмет етіп, редактор болған.
Жалындаған жас жігіт ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласады. Өзінің ұйымдастыру шеберлігінің, халықпен тығыз байланысының нәтижесінде 1938 жылы Темір қалалық еңбекші депутаттар кеңесінің депутаты болып сайланады. 1939 жылдың 22 қарашасында «Социалистік майдан» газетінің жауапты редакторы болып бекітіледі. 1940 жылдан бастап партия мүшесі, қалалық кеңестің депутаты (№1 депутаттық билет берілген), жоғарғы және жергілікті сайлау округтерінде төраға болған. 1941 жылдың жазында Қасенғали өз еркімен сұранып, майданға аттанған.
1941 жылдың желтоқсанында Башқұрт АССР-нің Белебей ауданында 124-дербес атқыштар бригадасы құрыла бастағанда, сол жаққа ең бірінші болып болашақ бригаданың командирі, полковник Сергей Горохов келді. Ол 1941 жылдың 22 маусымында соғыс басталған бойы фашистермен соғысып, қоршауда қалып, одан аз әскерімен қоршауды бұзып келген екен. Бригада комиссарлығына әскери-саяси академиядан келген Владимир Греков, штаб бастығына подполковник Павел Черноус тағайындалады. Қасенғали да жан-жақтан жиналған болашақ жауынгерлермен 1941 жылдың 30 тамызынан бастап Белебай ауданындағы 124-дербес атқыштар бригадасының миномет батальонында әскери дайындыққа кірісті.
62-армия құрамындағы 124-атқыштар бригадасының негізгі күші Волганың солтүстік жағалауы мен Ахтуба өзенінің жоғары тұсына келіп, әуелгіде үш күн бойы Сталинград майданының резервінде тұрып, 28 тамыздың түнінде ең бірінші шайқасқа кіреді. 124,149-дербес атқыштар бригадалары, танк бригадасы, НКВД полкі, теңіз флотилиясының теңізшілері осы майданның солтүстік қанатын құрады, Сталинград қаласының трактор зауытының жұмысшыларынан құралған топ бұларға қосымша көмек ретінде келеді.
124-бригаданың жауынгерлері 149-атқыштар бригадасымен, НКВД арнайы милиция полкімен қатар соғысып, үсті-үстіне болған жау соққысын қайтарып, оларды сегіз шақырымға дейін қуып тастайды. Бұлар Еділ өзенімен шектесіп жатқан өндірістік аудандарға бес ай бойы жауды кіргізбейді. Күш тең болмай, қару-жарақ жетпей жатқанда да асқан ерлікпен, әскери тапқырлықпен, қиындықтан шыға біледі. Сол кезде жағармай құйылған бөтелкелерді жарылғыш зат ретінде қолдан жасап соғысқан.
1942 жылы 19 шілдеде «Социалистік майдан» газеті майдандағы армиядан политруктің орынбасары Қасенғали Әлекенов, сондай-ақ Темір ауданынан шақырылған Мырзабеков, Тыныбеков, Каналин, Бірмағамбетов, Ақантілеуов, Шулкаев, Жылқыбеков, яғни жеті қызыл әскер мынадай патриоттық ашық хатты газетте жариялап, баспасөз бетінде жауап қайтаруды күтеміз деген:
«Неміс-фашист басқыншыларының советтер союзына қарсы соғыс ашып, бейбіт халықты қырғынға ұшыратып, қанға бояп, адам естіп көрмеген айуандық зәбір көрсетіп отырғанына, міне, он екі айдың жүзі толуға айналды… Даңқты Қызыл Армия қаһармандық ерлікпен, асқан қайратпен Германия фашистеріне қарсы аяусыз күресе отырып, олардың мақтаулы армиясының талқанын шығарды. Сөйтіп, отанымыздың астанасы Москваны және басқа да көптеген облыстарды, аудандарды фашистерден арылтып, оларды совет жерінен кері қуалауда… Отан үшін соғыста жан аямай күресе отырып, Германия фашистерінің қанқұмар жауыздарды совет елінің жерінен қуып шығып, олардың күлін көкке ұшырамыз, сөйтіп, Отан үшін қасық қанымыз қалғанша күресеміз. Біздің ісіміз әділ, жаудың талқаны шығарылады… жауға қарсы мейірімсіздікпен күресеміз», — дей отырып, жерлестерін «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!», — деп еңбек етуге шақырады.
Сол кезде саяси қызметкерлердің алдында бірнеше бағытта қызыл әскерлермен жұмыс жүргізу міндеті тұрды. Ол Отанды сүю және бас қолбасшының бұйрығы — «Жауды Сталинградтан қуып, елді фашистерден арылту» болатын. Олар ашық хатта жарияланған міндеттерін толығымен орындады. Яғни жауды елден қуып, жеңіске жетелеген осы ашық хаттағыдай патриоттық жалынды ұрандарды қалың бұқараға жеткізіп отырды.
Оның тағы бір айғағы — Москва облысы Подольскінің мұрағатынан алынған құжаттар. Аталмыш рота командирі Н.Колошин ҚасенғалиӘлекеновтің ерліктерін былайша қысқаша баяндаған: «Баррикада поселкесін жаудан азат етуде 124-атқыштар бригадасы құрамына 2 взводты біріктіріп жауынгерлермен үнемі алдыңғы шепте болып, Әлекенов Қасенғали жаудың 2 автомашинасын, 5 от ошағын, 60-қа жуық жау әскерінің күлін көкке ұшырып, көзін жойды. Берілген тапсырмаларын орындауда қарамағындағы орыс ұлтынан басқа ұлттардан жасақталған жауынгерлермен жауға қарсы ерлік жасады», — делінген. Осы негізде 1942 жылы 25 қарашада «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталсын деген бұйрық шығысымен, ол ауыр жарақаттан 27 қарашада қайтыс болған.
Қасенғали Әлекенов сол кезде небәрі 28 жаста болатын. Ашық хаттағы жас жауынгерлер де сол шайқастан оралмады. Қасенғали Әлекенов 1942 жылдың 23 қарашасында снаряд оғының жарықшағы кеудесіне, оң жақ иығына, аяғына тиіп, ауыр жарақат алған.
Ерлікпен қаза тапқан жауынгер Қасенғали Әлекеновке қатысты материалдар музей экспозицясына қойылды. Отан үшін отқа түскен жиырма сегіз жастағы ержүрек жауынгердің ерліктері бүгінгі ұрпаққа үлгі.
Айсұлу ТҰРАЛИЕВА,
Әлия мемориалды музейінің қызметкері.