Қасіретті шежіре

Адамзат тарихындағы ең сұмдық оқиға — Ұлы Отан соғысы ұмытылмастай ізін қалдырды. 1 миллион 400 мыңға жуық қазақстандық жауынгер ұрыс даласының барлық майданында ерлікпен шайқасты. Қызыл әскер және бұрынғы кеңес одағының халқы осы соғыста жеңіске жету үшін 1418 күн мен түнді сарп етті.
Қазақстандық жауынгерлердің қаһармандық жолдары Ұлы Отан соғысының шежіресіне алтын әріппен жазылды. Көпұлтты Қазақстанның өкілдері Мәскеу түбіндегі ұрысқа, Ленинград пен Сталинградты қорғауға, Курск иініндегі шайқасқа, Украинаны, Белоруссияны, Еуропаның Батыс және Оңтүстік Шығыс елдерін азат етуге, Берлинді шабуылмен алуға және Рейхстагтың төбесіне Қызыл Ту тігуге, сондай-ақ Жапон милитаристерін талқандауға қатысты.
Фашизмді жеңуге ақтөбеліктердің елеулі үлес қосқаны сөзсіз. Біздің 122 мыңнан астам жерлесіміз Ұлы Отан соғысының барлық майданында шайқасты. Оның 36192-сі соғыстан қайта оралмады, 17009-ы майдан даласында қаза тапты, 1679 адам — госпитальда, 137 адам тұтқында болып, қайтпағаны, яғни 17367 адам із-түзсіз жолғалғандар қатарында болды.
Ұлы Отан соғысында ақтөбелік 35 жауынгер — Кеңес Одағының Батыры,
9 жауынгер «Даңқ» орденінің үш дәрежесінің толық иегері атанды.
Соғыстың алғашқы күндерінде Ақтөбе облысынан өз еріктерімен соғысқа баруға 300 адам өтініш берген екен.
Ұлы Отан Соғысы жылдарында, 1941 жылдың аса қауіпті күндерінде Ақтөбе жерінде полковник А.Наумовтың басқаруымен 312-атқыштар дивизиясы, подполковник С.Яковленконың басқаруымен 101-атқыштар бригадасы, Сталингард қаласын қорғау үшін 74-теңіз атқыштар бригадасы мен 129-минометшілер полкі құрылған еді. Сол кезде теңіз әскерлерін қаламыздағы №14 мектепте даярлаған. КСРО-ның барлық аймағынан әскери қызметшілер осында курсқа келді.
1941 жылдың тамыз-желтоқсан айларында Ақтөбе облысы Сталингард шайқасының тылына айналды. Сталинград шайқасының қарқынды кезеңінде Ақтөбе авиашеберханасы ай сайын 30 ұшақ және 160 авиамотор жөндеп, жөнелтіп тұрды.