Адал азамат —Адал еңбек

Таспа талдау шебері

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫ ЖЫЛЫ

 «Адал еңбекпен мал іздемек — арлы адамның ісі» деп дана Абай айтқандай, әділ қоғамның кілті — адал еңбекте. «Ақтөбе» газетінің «Еңбек адамы» айдарында облысымыздың әр түкпірінде әр салада еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшы мамандар туралы ұдайы мақалалар жарияланып тұрады. Биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында да кәсіби біліктілігімен, жауапкершілігімен ерекшеленетін еңбек адамдарының өмірі мен өнегесін көпке үлгі етпекпіз.

Сондай кейіпкерлеріміздің бірі —  кәсіптік-техникалық мамандық иесі, 42 жылға жуық уақыт теміржол саласында еңбек етіп келе жатқан Гүлзада Өмірзақова.

Кейіпкермен кездеспекке арнайы жұмыс орнына бардық. Қандыағаш пайдалану локомотив депосы ғимаратындағы шеткі кабинеттің бұрышындағы арнайы жабдықталған орында отырған форма киген жылы жүзді әйел көзімізге оттай басылды. Ол таспа талдау шебері екен.

Ә дегеннен-ақ әңгімеге кіріскен Гүлзада Насырқызытаспа тексерудің сауаттылық пен қырағылықты қажет ететінін, таспадағы жазбалар кез келген машинистің локомотивті қалай жүргізе білетінін көрсететін паспорты екенін айтты.

— Мен бұл жерде таспа ленталарына жазылған жазбаларды зерттеймін. Ол жазбалар тепловоз жүргізушісінің бағдаршамға қандай жылдамдықпен тоқтағанын, стансаларға қандай уақытта келгенін, тіпті тежегішті қалай басқанын көрсетеді. Таспа лентасы жылдамдық өлшегіш құралдың барабанына салынады. Нормативтік құжаттарға байланысты сапарға шығатын әрбір машинистке белгіленген тәртіп пен жылдамдық лентасын салу міндеттелген. Ол салынбай, локомотив орнынан қозғалмайды. Жылдамдық таспасына пойызды жүргізу тәртібінің негізгі параметрлері тіркеліп жазылады, ол өте маңызды құжат, — деп жұмысын таныстырды тәжірибелі маман.

Оның айтуынша, арнайы нұсқаулықтарға сәйкес шаблон арқылы талданатын таспа лентасы ұқыптылықпен ашылып, сақталады екен.

— Мен алғаш жұмысымды бастаған уақытта лента тек қағаз түрінде жеткізілетін еді. Оны арнайы өте жарық жерге апарып, талдау жасайтын едік. Кейін 2013 жылы «КЛУБ-У»деп аталатын арнайы жүйе қосылды. Ол жерде арнайы кассета тіркеу арқылы компьютермен анықтадық. Кейінгі жылдары «БОР Т системасы» қолданысқа еніп, заман ағымына қарай модуль тіркеуі арқылы талдау жасайтын болдық. Бірақ қазір 3 жүйе бойынша да қызмет жасаймыз. Себебі ескі тепловоздарға кейінгі шыққан екі жүйе келмейтіндіктен, алғашқы лента қағазымен де жұмысымызды атқарып келеміз, — дейді ол.

Сұхбаттасу барысында кейіпкерімізден бұлмамандықты не үшін таңдағанын сұрадық. Сөйтсек, бала Гүлзаданы теміржол әлемімен таныстырған да, қызықтырған датуған әпкесі болып шықты. Мектепте оқып жүрген кезде теміржол саласында еңбек еткен әпкесінің жұмысын көріп, қызығушылығы артқан. Сол қызығушылығы мамандық таңдауда да әсер етіп,бойжеткен Гүлзада сол кездегі Ақтөбе қаласындағы теміржол техникумына оқуға түседі. Өндірістік тәжірибеден де жолдама арқылы Қандыағаш пайдалану локомотив депосынан өткен. Осы жерді болашағын байланыстырғысы келген ол оқу аяқталысымен сол мекемеге жұмысқа орналасады. Міне, содан бері бір мекемеде тапжылмастан 42 жылға жуық уақыт еңбек етіп келе жатыр. 1983 жылы техник болып жұмысын бастаған Гүлзада Насырқызы 1987 жылы таспа талдау технигі  болған, ал 2006 жылы аға таспа-талдаушы болып еңбек етеді.

Жүрегі кең, адамгершілігі мол, еңбекқор Гүлзада Насырқызы ұжымын екінші отбасындай көреді. Сұхбатбарысын да солай қарай бұрып, әріптестерінің қандай екенін сұрағанымыз сол еді, мақтап ала жөнелді. Алдымен ауызбіршіліктерінің мықтылығын әңгімеледі. Қандай жағдай болмасын бір-бірінің кем-кетігін жасырып, қиын кезде қолдау көрсетіп, мереке-жиындарда бір үйдің баласындай жұмыла кететінін, егер тепловозда ақау бола қалса, бір-бірімен санаспай, барлығы бірдей жұмысқа кірісіп кететінін айтты.

Өмір жолынан да, жұмыс барысынан да сыр бөліскен қандыағаштық Гүлзада Өмірзақова осы еңбек жолында көптеген қиындықтар кездескенін де жасырмады.

Бұл жұмыстың ерекшелігі сол, апатты жағдай болғанда машинистерге көмегі көп тиеді. Адам немесе мал қағып кету секілді оқиғаларда жасаған таспа-талдауларымыз маңызды рөл атқарады.Машинисті қаралап та, ақтап та алатын сол — жылдамдық таспасы. Сондықтан біз таспа лентасының ашылуына да үлкен мән береміз. Оған бөтен ештеңе тигізбей ашып, тек қара қарындаш пен шаблонды ғана пайдалана отырып талдаймыз. Машинист қандай қателік жіберді, нені дұрыс жасамады — бәрін талдап, содан соң оған анықтама жазып, тиісті орындарға береміз, — дейді кейіпкеріміз.

Келесі жылдың мамыр айында зейнетке шығатын Гүлзада Насырқызының отбасы мүшелері де теміржол саласынан алыстамаған. Жолдасы теміржол саласынан зейнетке шықса, ұлы — машинистің көмекшісі. Қызының да мамандығы теміржолмен байланысты екен.

— Зейнетке шығуыма аз уақыт қалды. Біздің жұмысқа негізі жастар көп келеді. Бірақ көбісі шыдамай шығып кетеді. Әйтсе де шыдамдылық танытып, жақсы маман болып кететіндері де бар. Қазір қасымдағы жас маманды өз орныма даярлап, таспа талдауды үйретіп жатырмын, — деді Гүлзада Өмірзақова. Ұрпақтарсабақтастығыныңүлгісіосындайболар.

 Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button