Спорт

Лондонға кімдер барады?

Спорт сүйер қауым үшін биылғы жылдың басты оқиғасы — ХХХ жазғы Олимпиада ойындары болмақ. Олимпиада ойындары 27 шілде мен 12 тамыз аралығында Ұлыбритания астанасы — Лондон қаласында өтетіні белгілі.

Бағы жанған Лондон

2012 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге тоғыз қаладан тапсырыс түскен: Гавана, Стамбул, Лейпциг, Лондон, Мадрид, Мәскеу, Нью-Йорк, Париж және Рио-де-Жанейро. Халықаралық Олимпиада комитеті 2005 жылғы 6 шілдеде соңғы таңдауын жасап, Лондонға тоқтағаны белгілі.

Лондон — үшінші рет Олимпиада ойындарын өткізгелі отырған бірінші қала. Бұған дейін мұнда 1908 жылы және 1948 жылы Олимпиада өтті.

Бұл жолы жеңімпаздарға берілетін әр медаль салмағы — 375-400 грамм аралығында. Диаметрі — 85 мм. Барлығы 2100-ге жуық медаль шығарылады.

Өткен Олимпиада ойындарымен салыстырғанда, бұл жолғы бағдарламада өзгерістер бар. Бағдарламадан бейсбол және софтбол шығарылып тасталды; үш салмақ дәрежесі бойынша әйелдер боксы енгізілді; т.б.

Ағылшындар спортшылардың демалуына жағдай жасау мақсатында, Олимпиаданың ашылу салтанатын да ұзаққа созбаймыз, шағын да қызықты етіп дайындаймыз деп отыр.

 

Барселонадан бүгінге дейін…

Лондон Олимпиадасына бірнеше ай ғана қалды. Осы тұста америкалық USAToday агенттігі қай ел қанша жүлдеге ие болады деп жорамал жасапты. Америкалық зерттеушілер болжамына сай, Лондонда Қазақстан 3 алтынға ие болмақ, күмістер саны да — үшеу; ал қола жүлде — бесеу. Әрине, бұл — болжам ғана…

Ал біз бұған дейінгі Олимпиадаларда Қазақстан құрамасының қалай өнер көрсеткенін тағы бір шолып өтелік.

1992 жылы Барселонада өткен Олимпиадада қазақстандық спортшылар өз алдына жеке құрама болып емес, ТМД құрамасы қатарында өнер көрсетті. Бұл Олимпиадаға біздің елімізден 22 спортшы қатысты. Солардың бесеуі жүлдеге — бір алтын, екі күміс және екі қола — ие болды. Жүлдегерлер арасында әйгілі палуанымыз Дәулет Тұрлыханов бар.

1996 жылы Атлантада өткен Олимпиадаға қазақ елі тұңғыш рет жеке құрамасын алып барды. Бұл жолы 96 қазақстандық спортшы бақ сынады. Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында  Қазақстанның көк байрағын боксшы Ермахан Ыбрайымов алып шықты.

Атлантада 11 қазақстандық жүлделі орынға ие болды. Олардың арасында алтын медальға қол жеткізгендер — боксшы Василий Жиров, палуан Юрий Мельниченко (грек-рим күресі) және бессайысшы Александр Парыгин. Василий Жировтан өзге, үш қазақ боксшысы жүлделі орыннан көрінді. Ал барша қазақстандықтардың сүйікті спортшысы, ауыр атлетші Анатолий Храпатый күміс жүлдені қанағат тұтты.

Атланта Олимпиадасына 199 ел қатысқан. Ресми емес жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 24-орында болды.

2000 жылғы Сидней Олимпиадасы ерекше есімізде қалды. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасынан, яғни Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіковтен кейін, араға 20 жыл уақыт салып, қазақ баласы, екі бірдей қандасымыз — Ермахан Ыбрайымов пен Бекзат Саттарханов — Олимпиада чемпионы деген атқа ие болды. Сонымен бірге, туған жері Жамбыл облысы болғанымен, Ермаханның нақ сол Олимпиадаға Ақтөбе қаласынан аттанғанын да атап өткіміз келеді.

Сидней Олимпиадасына 130 қазақстандық қатысып, спорттың 17 түрінен бақ сынады. Бұл жолы қазақстандықтар үш алтын және төрт күміс медаль иемденіп, жалпыкомандалық есепте 22-орынға көтерілді. Әзірге Қазақстан үшін Олимпиада ойындарындағы ең сәтті көрсеткіш те осы болып отыр.

Жоғарыда аталған боксшыларымызбен қоса, жеңіл атлетші Ольга Шишигина алтын медальға ие болды.

2004 жылы Грекия астанасында өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы, Сиднеймен салыстырғанда, сәтсіз өнер көрсетті. Афина ойындарына 118 қазақстандық қатысты. Олардың олжасы — 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль. Бұл саны жағынан Сиднейден артық болғанымен, алтын небәрі біреу болғандықтан, біздің еліміз жалпыкомандалық есепте 40-орыннан ғана көрінді.

Ал жалғыз алтын медальға қол жеткізген, әрі сол жолы жанкүйерлерін Баркер кубогын иемденіп қуантқан — даңқты боксшымыз Бақтияр Артаев екені, әрине, жұртшылықтың есінде болар.

2008 жылы өткен Бейжің Олимпиадасында 132 қазақстандық 22 спорт түрі бойынша бақ сынады. Бұл жолы қазақстандық саңлақтар жалпы саны 11 медаль олжалады. Олардың арасында боксшы Бақыт Сәрсекбаев пен ауыр атлетші Илья Ильин бізді алтын медальмен қуантқан еді.

Бейжің Олимпиадасының қорытындылары бойынша, Қазақстан жалпыкомандалық есепте 29-орыннан көрінді.

Сонымен, Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта біздің спортшыларымыз Олимпиада ойындарында 45 медаль иемденген, оның ішінде 10 алтын, 19 күміс және 16 қола жүлдеге қол жеткізіпті. Олимпиадада Қазақстан қоржынына бұйырған он алтынның бесеуі — боксшыларымыздың еншісінде. Тағы бір дерек: осы он Олимпиада чемпионының төртеуі — қазақ және олардың төртеуі де — боксшылар.

 

Әзірге 47 жолдама…

Бүгінге дейін қазақстандық спортшылар Лондон Олимпиадасына ұтып алған жолдамалар саны — 47. Қазақстандықтар әзірге спорттың 11 түрі бойынша жолдамалар иемденіп отыр.

Олардың арасында алдымен еліміз үшін №1 спорт түрі болып табылатын боксқа тоқталсақ, қазақстандық былғары қолғап шеберлері қоржынында қазір 6 жолдама бар. Алғашқы жолдаманы 2011 жылы 27-28 мамырда Қытайда өткен Бүкіләлемдік бокс сериясының жекелей чемпионатында Қанат Әбутәліпов (54 кг) жеңіп алды. Қанат — бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы атанған, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген, ұлттық құрама сапында ұзақ жылдардан бері келе жатқан боксшы.

Бокстан басқа бес жолдамаға 2011 жылдың күзінде Бакуде өткен әлем чемпионатында қол жеткіздік. Осы чемпионатта күміс жүлде иемденген Серік Сәпиев (69 кг) пен Әділбек Ниязымбетов (81 кг), қола жүлдегер атанған Иван Дычко (+91 кг) мен Ғани Жайлауов (60 кг) сынды саңлақтарымызға қоса, 75 кг салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсеткен жас боксшымыз Данабек Сужанов та ширек финалға дейін жетіп, Олимпиада жолдамасын қанжығасына байлады.

Жалпы, Қазақстан құрамасы Олимпиадаға барлық салмақ дәрежесі бойынша түгел баруды жоспарлап отыр. Келесі лицензиялық турнир алдағы көктемде Астанада өтеді. Осы сында қазақстандық боксшылар тағы да 4 жолдама ұтып алуды көздейді.

Соңғы уақытта қазақстандық ауыр атлетшілер де үлкен жетістіктерге жетіп, әлемдік деңгейде ең мықтылар сапында жүр. Бұл, әсіресе, Илья Ильиннің жеңістерімен байланысты екенін жұртшылық жақсы біледі. Ильяның жеңісті жолы 2005 жылы Катарда басталған еді. Бүгінгі күні ол — тәуелсіз Қазақстанның ең үздік, ең табысты спортшысы. Үш мәрте әлем чемпионы, Бейжің Олимпиадасының чемпионы Илья Ильин Лондон Олимпиадасында да жоғары дәрежеде өнер көрсетемін, елім үшін аянбаймын деп отыр.

Лондонға Ильядан басқа тағы 7 ауыр атлетшіміз барады. Бұл жолдамалар құрама қоржынына 2011 жылдың соңында Парижде өткен лицензиялық чемпионатта түсті. Ауыр атлетика бойынша жолдамалар атаулы емес, яғни қай салмақта  нақты кімдерді апаратынын бас бапкер шешеді. Дегенмен, Майя Манеза, Зульфия Чиншанло, Светлана Подобедова сынды мықтыларымыздың Лондонға баратыны сөзсіз. Ал Парижде бапкерлер мен жанкүйерлердің үмітін ақтай алмаған қандасымыз Алмас Өтешовтің Лондонға бару-бармауы әзірге белгісіз.

Қазақстандық жанкүйерлер Лондонда боксшылар және ауыр атлетшілермен қатар, палуандардан да үлкен үміт күтеді. Палуандарымыз әзірге 9 жолдамаға қол жеткізіп отыр. Еркін күрес түрі бойынша қоржынымызда 4 лицензия бар. Еркін күрестен Қазақстан құрамасы биыл тағы да үш жолдамаға қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Егер бұл мақсат орындалса, қазақстандық еркін күрес шеберлері Олимпиадада барлық салмақ дәрежесінде сынға түсетін болады.

Грек-рим күресі бойынша бізде әзірге үш жолдама бар. Соның ішінде 2011 жылы Стамбулда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Алмат Кебіспаев (60 кг) пен әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрмахан Тінәлиевке (120 кг) сенім артамыз. Ал үшінші жолдама — Стамбулда 5-орыннан көрінген Асхат  Ділмұхаммедовтің еншісінде.

Сондай-ақ палуан қыздарымыздың қоржынында да екі жолдама бар.

Алда әлі де лицензиялық турнирлер жоспарланған. Сондықтан палуандар қоржынындағы Лондон жолдамаларының саны тоғызбен шектеліп қалмайды деп ойлаймыз.

Жеңіл атлетшілеріміздің еншісінде 12 жолдама бар. Бұл да әзірге деп айтылуы тиіс, өйткені алда Олимпиада жолдамасын сарапқа салатын сындар күтіп тұр. Бүгінгі күні жолдаманы қолда ұстап отырған спортшылар қатарында Марина Аитова, Ольга Рыпакова, Дмитрий Карпов сынды мықтыларымыз бар. Сондай-ақ, 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарында бізді алтын медальмен қуантқан Маргарита Мацко да Олимпиада жолдамасына ие болып, көңілін бірлеп отыр.

Лондонда жеңіл атлетика бойынша 48 (!) медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Өткен жылдың соңында таэквондодан Тай елінде өткен іріктеу турнирінде екі қандасымыз — Нұрсұлтан Мамаев пен Гүлнафис Айтмұхамбетованың айы оңынан туды. Сондай-ақ Феруза Ергешова да осы турнирде Олимпиада жолдамасын жеңіп алды.

Қазақстан қоржынында бұлардан басқа тағы 6 спорт түрінен Олимпиада жолдамалары бар.

Жалпы, өткен жылғы әлем чемпионаттарында қазақстандықтар Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрлері бойынша 2 алтын, 7 күміс және 6 қола медальға ие болды. Бұл — әлем елдері арасында 22-орындағы көрсеткіш, ал медальдар саны жағынан 14-орындағы көрсеткіш. Лондон Олимпиадасы қарсаңында спортшыларымыз, міне, осындай жетістікке жетіп отыр. Демек, алдағы Олимпиадаға зор үмітпен қарауымыз әбден орынды.

 

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button