Спорт

Нұрболдың жүлдесі

Жақында Ресейдің Сургут қаласында мұнайлы елдер арасында бокстан Әлем кубогы үшін халықаралық турнир өтті.

Турнирде Қазақстанның намысын бес боксшы қорғады. Оның үшеуі — ақтөбеліктер: Баққожа Инаятуллаев (49 кг), Нұрбол Қалжанов (56 кг), Камран Шахсуварлы (75 кг). Ақтөбелік боксшыларды облыстық бокстан олимпиада резервін даярлайтын спорт мектебінің директоры Әлімбек Балмағамбетов бастап барды.

Турнирде Қазақстанның екі дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы Нұрбол Қалжанов қола жүлдеге ие болды. Қазір ол Ақтөбе қаласындағы Халықаралық қазақ-орыс университетінде оқып жүр.

Бала күннен қолғап түйістіруге жаны жақын Нұрбол осыдан үш жыл бұрын туған жері Шалқардан мүмкіндігі мол облыс орталығына келген болатын. Мақсаты да айқын: әлемдік додаларға түсіп, чемпион болу. Нұрболдан жылт еткен ұшқын көріп, қазір оны тұңғышындай көретін бапкері Ғалымжан Құрымбаев та Шалқарды тастап, жас боксшының шеберлігін шыңдау үшін Ақтөбеге көшіп келді. Қазір де боксшының жанынан табылып жүр.

Бұйырса, 2013 жылы бокстан әлем чемпионаты Астанада өтеді. Келер жылдан бастап соған дайындық басталады. Бапкер мен оның шәкірті Нұрбол да даярлықтарын пысықтап, чемпионатқа жолдама алуға барын салмақ.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button