Білім

Балдырған

Менің арманым
Біз Тәуелсіздіктің тағы бір Жаңа жылын қарсы алғалы отырмыз.
Қазақ елінің сан мыңдаған жылдар бойы арман еткен тәуелсіздігі бүгінгі қазақтың мақтанышына айналды. Еліміз еңсесін көтеріп, тәуелсіздік тұғырын орнатқанына жиырма жыл толды.
Президентіміз Нұрсұлтан атаның «Мықты мемлекет болу үшін терең білім керек» деген сөзін мен ұдайы жадымда ұстап келемін. «Әркімнің өз туған жері — Мысыр шаһары» деген сөз бар емес пе?! Менің арманым — терең білім алып, сол шаһарымды жайнату, қазақ деген ұлы есімді ардақтап ұстау.
Менің Жаңа жылда да ұстанар мақсатым — осы.
Таңнұры ҚАНЫШҚЫЗЫ,
М.Жұмабаев атындағы орта мектептің 2-сынып оқушысы.
Әйтеке би ауданы.
Менің мақтанышым
Мен — қазақпын.
Мен өзімнің тәуелсіз Қазақстанда туып-өскеніме қуанамын және мақтан тұтамын.
Тәуелсіздік деген сөздің өзі ешкімге бағынышты емес дегенді білдіреді.
Біз биыл сол Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өттік.
Енді, міне, Жаңа жыл келе жатыр. Жаңа жыл жаңа бақыттар әкелсін деп тілеймін.
Жансая ЖАКЕНОВА,
3-сынып оқушысы.
Бестамақ ауылы,
Алға ауданы.
Оқушының өлеңі
Ақша қардай ақ тілек
Қазақстан — туған жерім,
Алтын бесік — Ақ ордам.
Құтты болсын думанды елім,
Жаңа жылың жаңарған!
Туған елім — мекенімді,
Саялаймын, жай табам.
Мен бақытты екенімді
Мақтанышпен айта алам.
Айсән АБЫЛАЙ,
Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептің 2-сынып оқушысы.
Қобда ауданы.
Тәуелсіз елім — тірегім,
Соғады сен деп жүрегім.
Тәуелсіздіктің жолында
Көрмеді нелер бұл елім.
Елімнің мұңын мұңдармын,
Жерімнің жырын жырлармын.
Жыл өткен сайын есейіп
Биікке әркез самғармын.
Жанар ҚАЗБЕКОВА,
№2 орта мектептің 4-сынып оқушысы.
Ембі қаласы,
Мұғалжар ауданы.
Тәуелсіздік туралы мен ән салам,
Ата-бабам осы күнді аңсаған.
Мақтанамын ұлан байтақ жеріммен,
Шаттанамын бірге жайнап еліммен.
Әр Жаңа жыл жақсылықты жалғасын,
Қазақстан биіктерге самғасын.
Әбілхайыр ЕРМЕКТЕГІ,
Қарашоқат орта мектебінің 5-сынып оқушысы.
Шалқар ауданы.
Табиғат
Шырша мен оның туыстары
Шырша, қарағай, майқарағай, балқарағай, самырсын (самырсын қарағай), арша — бұлардың бәрі біздің елімізде өсетін қылқан жапырақты ағаштар. Бұл ағаштардың жапырақтары — қылқан деп аталатын тікенек-инелерден тұрады.
Қылқан жапырақты ағаштардың ерекше бір түрі — балқарағай. Ол аязға да, долы боранға да міз бақпайтын төзімді ағаш. Жылдам өседі, 400-500 жыл жасайды, биіктігі 30-50 метрдей болады да диаметрі бір жарым метрден де асып кетеді. Ағашы аса мықты, оңайлықпен шірімейді, ерте кезде одан су құбырларын да жасаған. Балқарағайдың қылқаны күзде алтындай сары түске енеді де, қысқа қарай түсіп қалады.
Міне, осы балқарағайдан басқа қылқан жапырақты ағаштардың бәрі де мәңгі жасыл ағаштар деп аталады. Бірақ бұл онша дәл ұғым емес. Қылқан жапырақты ағаштардың бәрі де қылқанын ауыстырады.
Қарағайдың қылқандары небәрі екі-үш жыл тіршілік етеді, сонан соң түседі де, олардың орнына басқалары өсіп шығады.
Шыршаның қылқандары бес-жеті, кейде тіпті тоғыз жыл бойы өсіп тұрады.
Аршаның қылқаны бұтағында төрт жыл тұрады.
Қылқан жапырақты ағаштар әрбір көктем сайын гүлдейді. Әсіресе, қарағай жаппай гүлдеп, айналасына көптеген сары тозаңын шашады. Мұндай кезде қарағай орманында нағыз «тозаң жаңбыры» болады. Ал қарағай тозаңы қонған көл беті тымық ауа райында сап-сары болып көрінеді.
Гүлдеп болған соң қылқан жапырақты ағаштардың бұтақтарында жемістер, яғни бүрлер пайда болады. Олардың тығыз қабыршақтарының астында тұқымдары пісіп жетіледі.
Шыршаның тұқымы сол жылы күздің соңында-ақ пісіп жетіледі, ал қарағайдың бүрлері гүлдегеннен кейінгі екінші жылы пайда болады.
Тұқымы піскен кезде бүрлер ашылады. Тұқым бүрден төгіліп, жел арқылы таралады. Олар тіршілікке қабілеттілігін ұзақ уақыт сақтайды. Шыршаның тұқымы он жылдан кейін де өніп шыға алады.
Қылқан жапырақты ағаштардың тұқымы — көптеген аң мен құстың сүйіп жейтін қорегі. Сондықтан шырша, қарағай, балқарағай тұқымы және сібір самырсын қарағайының «жаңғағы» мол түсім берген жылдары қылқан жапырақты ормандарда құстар, боршатышқан, тиін және түрлі тышқандар көп болады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button