Басты жаңалықтар
Мемлекет басшысы Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты
10 Желтоқсан 2024
97
Президентке Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
Облыс басшысының айтуынша, биылғы 11 айда аймақ экономикасының өсімі 6 пайызды құраған. Ал өнеркәсіп өндірісі 4 пайызға артып, осы жылдың алты айында шетелден тартылған тікелей инвестиция көлемі 175 миллион долларға жеткен.
Президентке Ақтөбе қаласының әуежайын мультимодалды хаб ретінде дамыту үшін мұнда арнайы экономикалық аймақ құрылатыны жөнінде мәлімет берілді. Бұл жобаға 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция тартып, 5 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Облыс әкімі Мемлекет басшысына өңірде жүзеге асырылып жатқан және 2025-2027 жылдарға жоспарланған инвестициялық жобалар туралы да айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақтөбе қаласында салынатын жаңа құрылыс нысандарының макеті таныстырылды. Президент тапсырмасына сай, шаһарда 700 орындық драма театры және 35 мың көрерменге арналған көпфункционалды стадион бой көтермек.
10 Желтоқсан 2024
97