Жаңалықтар

Ойын-сауық саябағы салынады

Қарғалы ауданы

Қарғалы ауданының 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды. Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде аудан әкімі Нұрлыбек Өнербаев ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.

Жыл басынан бері ауданның ауыл шаруашылығы саласында 32 930,3 млн теңгенің өнімі өндірілген. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жалпы құны 684,6 млн теңге болатын 115 жоба тапсырылып, 567,8 млн теңгеге 96 жоба қаржыландырылды.  Өткен жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара, жылқы, қой мен ешкі, құс саны да айтарлықтай артқан.

Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 1,4 миллиард теңгеге жетті. Құрылыс саласы да қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бері 15073 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі де оңтайлы шешімін тауып келеді. Мәселен, «Тас Промтрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 84 адамды жұмысқа орналастырды. «Көктас», «Alina holding» компанияларына жұмысқа орналасқандар да бар. Жалпы аудан бойынша жұмыссыздар саны — 508. Сондай-ақ биыл Қарғалы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесінің жанынан «Сенім» отбасын қолдау орталығы ашылды.      

Биыл әлеуметтік тапсырыс бойынша Бадамша, Желтау ауылдық округтерінде тұратын мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы инватакси бөлінді. Портал арқылы кезекте тұрғандар емдеу-сауықтыру орталықтарына жолдама алды, — деді Нұрлыбек Өнербаев.

Жиын барысында биылғы егін жинау науқаны, мал басын арттыру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, білім, мәдениет, спорт салалары, туризмді дамыту мәселелері де айтылды.

Қарғалы су қоймасында демалыс және ойын-сауық саябағын салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаның құны — 4,5 миллиард теңге. Қазіргі таңда екі қонақүй салынды. «Sametinternational» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі келер жылы суда жүретін моторлы қайықтар, гидроциклдер секілді су көліктерін сатып алуды жоспарлап отыр. Бүгінде «Байқұла» шаруа қожалығына қарасты «Қасқыр сарқырамасы» аумағында экотуризмді дамыту жобасы қолға алынып жатыр. Бұл жоба 2021-2025 жылдар аралығында туризм индустриясын дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда экотуризмді дамыту мақсатында демалыс орнына арнайы қазан-ошақтар, кереуеттер, киіз үйлер әкелініп жатыр. 2025 жылы Қарғалы су қоймасында торлы балық шаруашылығын дамыту жобасы қолға алынбақ, — деді аудан әкімі.

Сондай-ақ брифингте ауданда халықты таза ауызсумен қамту, газ тарту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп жатқандығы баяндалды. Аудан әкімі Нұрлыбек Амандоллаұлы аудандағы 15 елді мекеннің 14-і, яғни аудан халқының 98,8 пайызы орталықтандырылған ауызсу желісін пайдаланатындығын айтты.

Биыл Велихов ауылдық округіне газ тарту жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 50,1 млн теңге қаражат бөлінді. Аудандық маңызы бар 3 жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Ащылысай және Әлімбет ауылдық округтеріндегі жолдар жөнделіп, асфальт төселді. Жалпы бұл жоба аясында 7 көшенің 10,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жоба құны — 650, 9 миллион теңге, — деді ол.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button