Билік

Сайлау

ОСК-ға барлығы 12 арыз-шағым келіп түсті

Ләззат СҮЛЕЙМЕН, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

 

— Осы уақытта елде тіркелген саяси партиялар өздерінің съездерін өткізіп, партиялық тізімдерді бекіткені белгілі. Нәтижесінде осы уақытта Орталық сайлау комиссиясына «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Ауыл» партиясы, «Патриоттар партиясы», «Әділет» партиясы, «Руханият» партиясы, «Ақжол» партиясы өздерінің партиялық тізімдерін ұсынды. Ал мәслихат депутаттарына үміткер болып 5 желтоқсандағы мәлімет бойынша, 1 мың 161 азамат өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, сайлауға түсуге өтініш білдірді. Әзірге сайлау науқаны қалыпты жағдайда өтуде.

Бүгінде ОСК-ға барлығы 12 арыз-шағым келіп түсті. Олардың  11-і «Сайлау туралы» заңға түсініктеме беруді қажет етсе, тағы біреуі Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының басшылығынан келіп түсті. Бұл шағым сайлау комиссияларының құрамында кеңесші дауыс беру құқығына ие комиссия мүшелерін енгізумен байланысты болып отыр. ОСК бұл мәселені өзінің отырысында талқылап, ЖСДП-ның шағымын назарға алды. Нәтижесінде учаскелік сайлау комиссияларының құрамына партиялар атынан ұсынылатын кеңесші дауыс беру құқығы бар азаматтарды ұсыну мерзімі 2011 жылдың 15 желтоқсанына дейін ұзартылды. Осы ретте айта кететін мәселе, елде әрбір сайлау комиссиясының мүшесіне қойылатын талаптар бар. Яғни сайлау комиссиясына мүше болатын адам Қазақстан Республикасының  азаматы болуы керек және ол өзі мүше болғалы отырған сайлау комиссиясына қарайтын аймақта тұруы керек. Тағы осы сияқты заңда бірнеше талап бар. Сайлау комиссиясына мүше болатын азаматтардың тиісті талаптарға сәйкестігін тексеру мерзімін ұзаққа созып жібермеу үшін, ұсынылған азаматтарды тексеру мерзімі 5 күнге дейін қысқартылды.

 

http://inform.kz

 

Сайлаудың ашық та жариялы өтуі —  мемлекетіміз үшін үлкен сын

 

Қуандық ТҰРҒАНҚҰЛОВ,

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Елбасы Жарлығы шыққан күннен бастап біз дайындық жұмыстарына кірісіп кеттік. Расында да, дүниежүзі елдері де, әлемдік қоғамдастықтар да көз тігіп отырған сайлаудың ашық та жариялы өтуі – мемлекетіміз үшін үлкен сын. Сайлауды өткізу үшін қажетті бар­лық кадрлық және материалдық ресурс­тарымыз бар. Сондықтан сайлау­ды тиісті ұйымдастырушылық деңгейде өткізуге, азаматтардың және барлық сайлау процесіне қатысушылардың өздерінің конституциялық құқығын ерікті әрі тиімді жүзеге асыруын қамта­масыз етуге дайын деп айтуға болады. Бүгінгі таңда барлық аймақтарда белсенді жұмыстар жүргізілуде.
Сайлаудың әзірлік жұмыстарын ұйымдастыру мен осы науқанды өткізуге барлығы 13315 сайлау комиссиясы қатысатын болады. Олардың 16-сы аумақтық, 207-сі ау­дан­дық және қалалық, 550-і облыстық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік, 2160-ы аудандық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік және 9757-і учаскелік сайлау комиссия­лары. Аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары өз қызметтерін қоғамдық негізде жүзеге асырады. Бүгінгі таңда жұмыс істеп жатқан сайлау комиссияларының құрамын мәслихат­тар 2009 жылы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары негізінде сайлаған болатын.
… 16 қарашада Орталық сайлау комиссиясы мен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі халықаралық байқаушылар институтын ресми түрде ашты. «Сайлау туралы» заңымызға сәйкес халықаралық байқаушыларды аккредиттеу үшiн шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлi­гiне өз байқаушыларының, өкiлдерiнiң тiзiмiн ұсынады. ҚР Сыртқы істер министр­лігінің ұсынысы бойынша халықаралық байқаушыларды Орталық сайлау комиссиясы тіркеуден өткізіп, қолдарына құжат береді. Осы жолы тіркеуден өткізу 2012 жылғы 9 қаңтарға дейін жүргізіледі. Еліміздің қай өңіріне, қай қалаға барамын десе де, еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалған. Халық­а­ралық байқаушылардың қата­рында кездейсоқ адамдар болмайды, көбі бұрыннан тәжірибесі бар сарап­шы­лар болуы тиіс.

alashainasy.kz

Саяси дода барысын бақылайтын жаңа қоғамдық ұйым

 

Қаңтарда өтетін Парламент Мәжілісі сайлауында саяси дода барысын бақылайтын жаңа қоғамдық ұйым құрылды.

Оның құрамына он адам енгізілді. Олардың арасында ҚР ҰҒА академигі, белгілі ғалым Төрегелді Шарманов, «АйтПАРК» қоғамдық-саяси клубының құрушысы және модераторы Нұрлан Ерімбетов, саясаткер Айдос Сарым, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Игорь Вовнянко, белгілі заңгер Тагир Сисембаев, Қазақстан саясаткерлері ассоциациясының жетекшісі Есенжол Алияров, «Бас редакторлар клубының» президенті Болат Ережепов және басқалар бар.

Қоғамдық комиссияның басты мақсаты жаңа саяси мәдениетті, жаңа саяси дәстүрлерді қалыптастыру, ал мұның өзі Қазақстандағы сайлаудың әрдайым әділ, таза және ашық өтуіне ықпал етпек деседі комиссия мүшелері. Бұл жолы олар Алматыдағы Ұлттық кітапханада, одан соң Астанада тағы бір қосындарын ашып отыр. Сайлау күні бақылаушыларын қойып, одан соң ел арасында сауалнама жүргізбек.  Ал 15 қаңтар күні Орталық сайлау комиссиясынан бөлек сайлау қорытындысын да «алдын ала жариялап отырамыз» дейді.

www.ktk.kz

Үміткерлерді ұсыну анықталды

 

5 желтоқсан күні Мәжіліс депутаттығына партиялық үміткерлерді ұсыну аяқталды.

Тізімдерін сегіз партия беріп үлгерді.

Бірінші болып үміткерлерін жариялаған «Нұр Отан» партиясы атынан 217 адам

сайлауға түспек. Олардың арасында төменгі палатаның экс-депутаттары,

министрліктер мен ведомство өкілдері, облыстар мен қалалар әкімшіліктері

басшылары, белгілі қоғам қайраткерлері, әртістер мен спортшылар бар.

Азат Перуашев бастаған екінші орын алуға үмітті «Ақ жол» демократиялық

партиясы да үміткерлерін ұсынды.

Қазақстанның коммунистік халық партиясы ұсынған тізімде 23 адам бар, олардың

қатарынан биыл өткен Президент сайлауына кандидатурасын ұсынған Жамбыл

Ахметбековті көруге болады.

Орталық сайлау комиссиясына үміткерлер тізімін беру аяқталатын күні

Қазақстанның патриоттар партиясы, «Ауыл», «Руханият» пен құрамында «Азат»

партиясы бар Жалпыұлттық социал-демократиялық партиялары да үміткерлер

тізімін ұсынды.

Әзірге сайлауға түсуге үміткерлердің партиялық тізімінің ешбірі ОСК-де ресми тіркелген жоқ. Тіркеу 15 желтоқсанға дейін жүргізіледі.

 

vz.ru

 

Интернет материалдары бойынша дайындалды.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button