Тұлға

Жиенғали-ғұмыр

Бүгінгі биігі үшін қазақ ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларына қарыздар. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болу» — үшін, жан-жақты ізденіп-қарманған, қызмет істей, бала оқыта және қоғам өміріндегі түрлі істерге араласа жүріп, күндіз-түні қолынан қаламын тастамаған сол зиялыларымыздың бірі, қазақтың кәсіби әдебиеті, кәсіби журналистикасының негізін қаласқан және ұлттық театр өнерінің бастауында тұрған тұлғалар қатарында да орны бар жерлесіміз Жиенғали Тілепбергенов туралы сөз қозғау үшін, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ғайша Ниязовамен әңгімелескен едік.

Ғайша жазушы Жиенғали Тілепбергеновті зерттеуді 1993 жылы қолға алды.

— Ол кезде Жиенғалиды «Ізбасар» жинағы арқылы ғана білеміз. Ал әдебиет тарихында ол туралы екі ауыз сөз ғана айтылатын. Мен: «Ақтөбе топырағының перзентін біз іздемесек, оған біз жоқтаушы болмасақ, басқа кім іздейді?» — деп ойладым да, бір студентіме «Жиенғали Тілепбергеновтің өмірі мен шығармашылығы» тақырыбында диплом қорғататын болып шештім. Материал өте тапшы. Қолға түскен сәл нәрсеге қуанамыз. Мұрағатшы-ғалым Бейсенбай Байғалиев архивтен тауып, «Социалистік Қазақстанға» жариялаған жазушының Ілияс Жансүгіровке жазған екі хатын көргенде, төбеміз көкке жеткендей күйде болдық. Алайда хаттардың мазмұны… Мазмұны өте аянышты болып шықты, — дейді Ғайша Мұхамбетқызы.

Аянышты болатыны — хат жазушы өмірінің соңғы айларында, төсек тартып жатқанында жазылған. Жиенғалидың небәрі 38 жасында аса аянышты жағдайда көз жұмғаны жұртқа белгілі. Ал сол аз ғұмырды асқақ мұрат, асыл армандар жолында жұмсап, үлкен істердің басы-қасында жүргені, соңына мол мұра қалдырғаны — біздің көңілімізге медет.

Жиенғали ғұмыры — қысқа да болса, халқының, ұлтының қамы үшін өткен мағыналы ғұмыр.

Көз жіберсек:

 

«Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»

Жиенғали Тілепбергенов 1895 жылы дүниеге келген. Туған жері — қазіргі Мұғалжар ауданының аумағында. Айта кетелік, көптеген дереккөздерде оның туған күні көрсетілмей, туған жылы ғана жазылып жүр.

Ғайша Ниязова:

—    Жиенғалидың туған күні — 2 қараша, — дейді.

Жиенғалидың әкесі — Әділ, қарапайым шаруа болған адам. Жазушы былай депті: «Мен өзім кедейдің баласы болдым, әрі момын, әлсіз атаның тұқымы болдық та, ол кездегі орысша үшкілдерге қалай кірердің де мәнісін білмейтін едік. Ауылдағы молдадан оқып, шала-шарпы хат танып, байларға жалданып жүрген жерімнен, жәдитшіл (жаңашыл) мұғалім болып жүрген нағашым бар еді, соның… жәрдемімен Орынбордағы «Хұсайния» деген татардың жәдит медресесіне кірдім».

Ғайша Мұхамбетқызының айтуынша, мұндағы жазушының «нағашым» деп отырғаны — кейін Ленин орденімен марапатталған Абдолла Беркінов екен.

Абдолла Беркінов беріде былай деп естелік жазды: «Сексеннің сеңсең бөркін кисем де, осыдан жарты ғасырдан астам уақыттағы сол бір кездің суреттері сол қалпында көз алдымда. Ащықұдықтағы «Үміт» мектебі ашылып, Хұсайын Ашығалиев екеуіміз сабақ беріп жүрдік. Бірде орта шаруа Қуан екі баласын ертіп келіп мектебімізге қосты. Үлкені — Құдайберген, кішісі — Ахмет, осы «Үміт» мектебінде алғаш рет қалам ұстап, білім тарауларын ашты… Құдайберген 14 жасқа келгенше осы біздің мектепте білім алды. Одан кейін сүйікті шәкірттерімнің бірі — Жиенғали Тілепбергенов екеуі Орынборда «Хұсайния» медресесінде білімін жалғастырды».

(Кейін Жиенғали мен Құдайберген бірігіп, осы Абдолла Беркінов туралы «Өнегелі мұғалім» деген мақала жазып, ол «Қазақ» газетінің 1915 жылғы №103 санында жарияланған.)

Ұстазы «Хұсайнияға» апарғанымен, еті тірі, талапты жас кейін Уфадағы «Ғалия» медресесіне түседі. Бұл медресе өз заманының жоғары дәрежелі оқу орны болған. Мұнда ислам қағидаттары ғана оқытылмай, дүнияуи сабақтар да жүргізілген. «Ғалия» медресесінде кемінде екі жүздей қазақ білім алған. Бұл туралы Тұрсынбек Кәкішев: «…ең аз дегенде екі жүздей қазақ жастары жоғары оқу деңгейіндегі медреседен біліп алып, елге пайдалы еңбек етті деп шамалауға болады» — деп жазды. Жиенғали осы медреседе Бейімбет Майлинмен қатар оқыды. Медреседегі қазақ жастары білім алып қана қоймай, ұлт мүддесі тұрғысынан көптеген шаруалар атқарған. Мысалы, қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі саналатын «Садақ» журналын осы медресе шәкірттері  шығарғаны белгілі. «Садақ» қолжазба журналы 1915-1918 жылдар аралығында шығып тұрған. Ал Жиенғали журналдың Бейімбет Майлиннен кейінгі редакторы болды. Сондай-ақ, медреседе оқыған жылдарында ол «Айқап» журналына, «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» газеттеріне де жиі жазып тұрды.

Жиенғали «Ғалия» медресесін 1918 жылы тәмамдап, елге оралған.

— Ол еңбек жолын мұғалімдіктен бастады. Алдымен «Қандыағаш» мектебінде мұғалім болды. 1920 жылы Қонжар деген жерде мұғалімдер даярлайтын қысқа курс ашылады. Осы курстың негізгі ұйымдастырушысы, әрі қазақ тілі мен қазақ тілін оқытудың әдістемесінен сабақ берген де Жиенғали болды, — дейді Ғайша Ниязова.

1921 жылы ол Темір уездік халық ағарту бөліміне қызметке ауысады. Осы жерде 1925 жылға дейін істеген.

1925 жылдың күзінде «Кедей» газетіне (қазіргі — «Ақтөбе» газеті) жұмысқа тұрып, Ақтөбеге көшеді. Кейінірек газеттің редакторы қызметін де атқарған. Сонымен қатар, Жиенғали Ақтөбеде педагогикалық техникумда, партия-кеңес мектебінде сабақ берген, қаланың мәдени өміріне, қоғамдық істерге белсене араласқан.

Ал 1927 жылы оны Қызылжарға, губерниялық «Бостандық туы» газетіне редактор етіп жіберген. «Бостандық туы» газетінің жұмысын жолға қойғаннан кейін, Жиенғалиды Қызылжардағы қазақ педагогика техникумына директор етіп тағайындайды. Бұл қызметті ол 1927-1928 оқу жылында атқарған. 1928 жылы  Қызылордадағы Қазақ ағарту институтының оқу-тәрбие жұмысының басқарушылығына шақыртылды. Кейін сол институттың директоры болды.

— Ал Жиенғалидың алдында бұл институттың басшысы — Сәкен Сейфуллин болған, — дейді Ғайша Ниязова.

Ғайша Мұхамбетқызының айтуынша, 1920 жылдары Жиенғали журналист ретінде де, жазушы ретінде де өте көп жазған. Өзі редакторлық еткен газеттерден басқа, «Жаңа әдебиет», «Қызыл Қазақстан», «Балға», «Жаршы», «Әйел теңдігі» журналдарына, «Еңбекші қазаққа» мақала, фельетон және сатиралық әңгімелер жіберіп тұрған. Сондай-ақ, 1928 жылы Қызылордада оның «Перизат-Рамазан», «Тілші» пьесалары жеке-жеке кітап болып жарық көрді, осы және басқа драмалық шығармалары академиялық театр репертуарына енгізіліп, сахналанды. 1930 жылы «Таңбалылар» повесі басылып шықты.

Қазақстанның астанасы Алматыға көшкен кезде Жиенғали «Сыр бойы» газетінде қалып, кейіннен газеттің редакторы болып тағайындалды. Осы қызметте 1931 жылдың сәуір айына дейін істеген.

Бұдан соң ол Қазақ мемлекеттік баспасында редактор болып қызмет еткен.

— Осы тұста Жиенғали аударма жұмысымен де айналысқан. Жиенғалидың аудармашылық қыры әзірге зерттелмей қалып отыр, осы жағы мені алаңдатады, — деді бізге Ғайша Мұхамбетқызы.

Сірә, Жиенғали Тілепбергенов сол тұста республика билігі қолға алған шаруа — пролетариат көсемдері еңбектерін аударуға атсалысқан. Бұл жөнінде кейіннен СОКП Орталық Комитеті жанындағы марксизм-ленинизм институтының Қазақ филиалын басқарған жерлесіміз, академик Сақтаған Бәйішев білген секілді. Және 1950 жылдардың ортасында Жиенғали Тілепбергеновтің әдебиет тарихына оралуына тер төккен Тұрсынбек Кәкішевке жөн сілтеген де осы Сақтаған Бәйішев болуы әбден мүмкін.

1995 жылы «Ақтөбе» газетінде жарияланған «Көрнекті қаламгер» атты мақаласында Тұрсынбек Кәкішев былай деп жазды: «1955 жылы Ж.Тілепбергенов жөнінде «Әдебиет және искусство» журналына көлемді материал жариялағанымда, «Қайдағы біреуді қайдан тауып жүрсің? Алаш шығар өзі» — деген мәңгүрт тарихшылардан академик Сақтаған Бәйішев қорғап қалмағанда, бүгін қай сайда жүрерімізді бір құдайдың өзі білер еді».

…Жиенғалиға оралсақ, мемлекеттік баспада ол ұзақ істей алмаған. Денсаулығы күрт төмендеуі себепті, 1931 жылдың соңында елге оралған. Өзінің 1931 жылғы 2 мамырда өлкелік партия комитеті жанындағы емдеу комитетіне жазған арызына үңілсек, жазушы 1927 жылы туберкулезге шалдыққан. «Қыстың ортасынан бермен қарай Қызылордада қан құсып, бір айдай төсек тартып ауырып жаттым» — делінген арызда. Сөйте жүріп, ол елге келгеннен кейін де еңбектен қол үзбеді. Сол кезде Темір қаласында шығып тұрған аудандық «Социалдық майдан» газетінің редакторы болып қызмет атқарды. 1933 жылдың 15 қаңтарына дейін таяққа сүйеніп, кеңсеге барып жүрген. Одан соң үш ай төсек тартып жатқан. «…Төсек тартып жатып та газет жұмысына басшылық етті» — деп жазылған кейін «Социалды майдан» газетінің Жиенғали қазасына арналған нөмірінде (1939 жыл, 19 сәуір, №20). Бұл Жиенғалидың 14 наурыз күні редакцияға жолдаған хатынан да көрінеді:

«Басқармадағы жолдастарым!

Бүгін ескі әдетше — Жаңа жыл — Наурыз.

Күн шығысымен терезеден қыздыра қарап мені қызықтырады. Көшеде жүруге шақырғандай болады, көкірек талпынғанмен, бойда қайрат, аяқта дәрмен болмаған соң, не пайда?

Сендерге барып сәлемдесуге клишеден салған суретімді жібердім. Жаңа жыл — Жаздың басы. Жаздың басы — егістік, тойдың басы, бұл жөнінде жақсы қызмет ету керек».

Хат соңына Жиенғали деп қол қойылған.

Төсекке таңылған аяулы жанды өз басының қасіреті ғана емес, сол тұста қазаққа қарсы қолдан ұйымдастырылған нәубет — аштық қасіреті қатты күйзелткен тәрізді. «Бәрінен де маған қиын соғып тұрған жері — аурудан өлмей, аштан өлу» — деп мұң шағады ол Ілияс Жансүгіровке жазған хатында.

Қазір Жиенғали қолдан өлтірілмеді ме екен деген күдік те айтылып қалады. Сырқаты әбден меңдеп, оған аштық азабы қосылып, қатты қиналып жатқан жазушыны ақырғы сәтке дейін аудандық партия комитетінің қызметкері бақылап отырған. Ашынған Жиенғали өзін бақылап отырған қызметкерге партиялық билетін лақтырып жіберген екен.

— Оның партиялық билетін лақтыруы — саясатқа қарсылығын көрсеткені болса керек, — дейді Ғайша Ниязова.

 

Жар тағдыры

Дүниеден өтер шағында Жиенғали соңына қалдырып бара жатқан мұрасын жары Альфияға аманаттаған. «Мен енді жоқпын. Мен өлгеннен кейін, қайткенде де Алматыға жетіп, жазбаларымды жолдастарыма тапсыр. Жарыққа шығуына бас-көз бол» — деп өтінген.

Жарының өтінішін орындау үшін, Альфия жас нәрестесі — Нұрашты туғандарына табыстап, Алматыға аттанады.

Осы сапар жөнінде Альфияның туған сіңлісі — Айман Атантаеваның естелігінде (естелік Ғайша Ниязованың өтінішімен жазылған) былай деп баяндалады: «Жиенғалидың өсиетін орындау үшін, апам екеуміз ақылдасып, жездемнің бүкіл жинақтарын, үй-құрал заттарымызды багажға беріп, өзіміз Алматыға көшіп жеттік. Барғасын Жиенғалидың жолдастары апамды жақсы қарсы алып, үй беріп, өзін Казиздатқа хатшы-машинистка етіп алды. Жездемнің жинақтарын да кешікпей баспаға беріп, кітап етіп шығарамыз деді. Оған біздер қатты қуандық.

Бірақ бұл қуаныш көпке созылмады. Апам әдемі, ажарлы, әрі жас (28 жаста) еді. Жиенғалидың бір жолдасы апама көз қырын салған, оған апам ашуланып, қатты сөздер айтқан. Ол кісі апама ерегісіп, станса бастығына айтып, багажымызды алты айға дейін бергізбей қойыпты. Ол кезде Алматыда алты айға дейін багаж иесіне тимесе, торгке салып сатқызатын. Багаж алты айға дейін келмеді, апам қайда барса да ештеңе шығара алмады.

…Жарыққа шығарам деп, көзінің қарашығындай сақтап жүрген Жиенғалидың қолжазбаларынан айырылып, әрі жұбайының қайғысын көтере алмай, апам ауруға шалдықты».

Айман апай Альфияға қиянат жасаған жанның атын атамайды. Естелігінде: «Ол кісінің атын ұмыттым» —  деп жазған. Бірақ станса бастығына сөзі жүргеніне, Айманның «Багаж алты айға дейін келмеді, апам қайда барса да, ештеңе шығара алмады» — дегеніне қарағанда, ол ықпалды адам болса керек деп шамалаймыз. Көп ұзамай ол кісі де ұсталып, істі болған секілді.

Айман Атантаева былай деп жазыпты: «Апам бір күні жездемнің бір жолдасының үйіне барғанда, өзіне қастық істеген кісіні ұстап алып кеткенін естиді. «Мені жылатып еді, өзінің де бала-шағасы жылап қалыпты» — деді».

Сөйтіп, Алматыға келгендегі мақсаты орындалмаған әрі қайғыдан дертке ұшыраған Альфия Сарыағаш жағындағы сіңлісіне барып паналауға мәжбүр болған. Сағы сынған нәзік жан ерінен кейін көп өмір сүрмеді, 1936 жылы қайтыс болды.

Осы жерде айта кеткіміз келеді, Альфиядан соң Жиенғалидың кітабын шығаруға бірінші болып Тұрсынбек Кәкішев талпыныс жасады. Бірақ бұл көп кейін — 1957 жыл болатын.

— Тұрсынбек Кәкішев — жиенғалитанудың бастауында тұрған зерттеуші. Ол тірнектеп жинап жүріп, жазушы шығармаларын 1957 жылы баспаға тапсырған. Сөйтсе де, кітап араға 12 жыл салып, онда да «жал-құйрығы күзеліп», 1969 жылы «Ізбасар» деген атпен жарыққа шықты. Жинаққа тіпті «Таңбалылар» повесі де енбей қалған, — дейді Ғайша Мұхамбетқызы.

Әрине, Жиенғали шығармашылығы, жиенғалитану — өз алдына жеке-жеке ұзақ әңгіме. Ал біздің айтпағымыз — кейін қайткенде де Жиенғали аманатының, Альфия арманының орындалғаны және соған шырылдап жүріп үлес қосқан жандар.

Жоғарыда айтылған «Ізбасардан» кейін,  арада жиырма жылға жуық өткен соң, жазушы шығармаларының жинағы  екі том  болып, 1997 жылы жарыққа шықты. Жинақ Ақтөбеден шықты. Жинақты Ғайша Ниязова құрастырған, ал белгілі  кәсіпкер, бүгінде ортамыздан озған Сейітхан Байтөбетов қаржылай шығынын көтерген. Кітапты әзірлеу барысында Ғайша Ниязова Жиенғали туындыларын мұрағаттардағы көне газет-журнал тігінділерінен жинады, сондай-ақ Тұрсынбек Кәкішевтің жеке мұрағаты мен Жиенғалидың ұлы — Нұраш Жиенғалиевтің қолында сақтаулы қолжазбаларды пайдаланды.

— Жиенғалидың «Атсыз роман я Құбаш бақсы» туындысы ақын Жақан Сыздықовтың мұрағатында сақталып, кейін Нұраш ағайдың қолына тиген. 1997 жылғы жинақта ол оқырманға тұңғыш рет жол тартты, — дейді Ғайша Ниязова.

1997 жыл — тіпті де оңай кез емес еді. Сондай шақта жазушы кітабының жарыққа шығуына қаржылай демеушілік көрсеткен Сейітхан Байтөбетов есімін алғыспен еске алған жөн.

2006 жылы Жиенғали Тілепбергеновтің екі томдық жинағы «Алаш мұрасы» айдарымен шыққан кітаптар қатарында Алматыдағы «Алаш» баспасынан жарық көрді. Бұл жинақ та баспаға Ғайша Ниязованың құрастыруымен ұсынылған. Оның жарыққа шығуына тікелей мұрындық болған — жазушы Дидахмет Әшімханұлы.

Ал биыл Жиенғали Тілепбергеновтің еңбектері «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен жеке кітап болып жарыққа шықты.

 

«Бауырым, замандасым Құдайберген»

Біздіңше, Жиенғали туралы әңгіменің бір тармағы — жазушы мен Құдайберген Жұбанов арасындағы достық қарым-қатынас болуы тиіс.

Балалық шақтан бірге өсіп, кейін Темірде, Ақтөбе қаласында ағарту саласында тізе қосып еңбек еткен Жиенғали мен Құдайбергенді арман мен мүдде ортақтығы жақындастырған. Бір-бірінен жырақта жүрген кездерінде олар хат жазысып тұрған. Бұған Жиенғали редакторы болған «Бостандық туы» газетінде қызмет еткен ақын Жақан Сыздықовтың естелігінен мына үзінді дәлел: «…көп ұзамай-ақ Жиенғалидың өте кішіпейіл, мейірбанды адам екенін білдік. Кейін Жиенғали Әділұлы Тілепбергеновпен дос болып кеттім. Кейде ол Бейімбеттен, Нұғыман Манаевтан, Құдайберген Жұбановтан, т.б. жолдастарынан келген хаттарды бізге көрсетіп, оқып беретін еді».

Сондай-ақ, Жақан Сыздықов арқылы Нұраш Жиенғалиевтің қолына тиген жазушының қойын дәптерінде Құдайберген Жұбановтың Електегі екі кластық орыс-қазақ училищесінде оқып жүрген кездегі мекен-жайы тұр.

Бірақ, өкінішке орай, олар жазысқан хаттардың бірде-бірі сақталмаған.

Жоғарыда біз Жиенғали мен Құдайбергеннің бірігіп жазған «Өнегелі мұғалім» атты мақаласы бар екенін айтқан едік. Филология ғылымдарының докторы, академик Рабиға Сыздықова: «Қ. Жұбановты журналистікке баулыған, бір жағынан, өмірге ілесіп, оның көкейтесті мәселелеріне үн қосу қажеттігін туғызған жаңа заман болса, екінші жағынан жанында үлгі-өнеге алатын Жиенғали Тілепбергенов сияқты қалам иесі болды» — деп атап көрсетті.

1920-жылдардың басында Жиенғали мен Құдайберген Темір уездік оқу бөлімінде бірге қызмет атқарған. Сол жылдар туралы естелігінде Хайрулла Меңдібаев өзінің Қ. Жұбановпен әңгімесін еске ала отырып, былай деп жазған: «Жиенғали Тілепбергенов екеуінің 4 айлық курс ашып, ана тілі, ана тілін оқытудың методикасы жөнінде мұғалімдерге ақыл-кеңес бергендерін, Темір-Орқаш болысының Тепсең, Шилі, Қопа сынды ауылдарында тұңғыш мектептер ұйымдастырғандарын, ал осы жылдың жазында уездің барлық советтерінде сауатсыздарды оқытатын мектептер ашуды ұйғарып отырғандарын айтты».

Осындай үлкен істермен айналыса жүріп, Жиенғали мен Құдайберген Темірде жастарға арнап, ойын-сауық кештерін де жиі ұйымдастырған. Құдайберген «Кек» атты пьеса жазып, оны бір саудагердің сарайында сахналаған. Ол тұста қазақтың қыз-келіншектері сахнаға шыға қоймаған, сондықтан қойылымдағы әйелдер ролін ер адамдар ойнаған. Жиенғали «Кекте» сахнаға байдың бәйбішесі болып шыққан.

1924 жылы Құдайберген губерниялық оқу-ағарту бөліміне  басшылық қызметке ауысып, арада бірер жыл өткенде, Жиенғали да Ақтөбеге келеді. Осы тұста екі отбасы бір үйде тұрған.

Ғайша Ниязова:

— Марқұм Есет Жұбановтың әңгімелерінен шамалауымша, бұл үй қазіргі Некрасов көшесінің бойында, Пушкин атындағы парк маңында болса керек, — дейді.

1926 жылы Жиенғали мен Құдайберген Ақтөбеде тұңғыш қазақша қойылым қойған және бұл жөнінде Құдайберген Жұбанов «Еңбекші қазақ» газетіне «Біз де ұлт театрына маңдайлап келеміз» атты мақала жазған. Мақалада 4 қаңтарда Ақтөбеде «Еңлік-Кебектің» қойылғаны, Кебек ролін Жиенғали Тілепбергеновтің ойнағаны жазылған. «Басты рольдердің бәрі де бұрын ойнап, ысылып қалған жігіттерге жүктеліп еді. Ойын жағы да көңілдегідей болып шықты. Әсіресе Еңлік ролін ойнаған Баймағамбет келіні Шайзада, Кебек ролін ойнаған Тілепбергенұлы Жиенғали, малшы мен Жапал ролін ойнаған Сегізбайұлы, тағы басқалар өте келістіріп жіберді» — деп жазды Құдайберген Жұбанов.

1927-1928 жылдары республикалық драма театры (қазіргі — Мұхтар Әуезов атындағы театр) репертуарына енген Жиенғалидың «Сүйіскендер» пьесасында Құдайберген Жұбанов пен оның жары Раушанның қосылу тарихы баяндалған.

Ақырап және Есет Жұбановтардың «Әке шаңырағының шырағы» атты естелігінде былай баяндалады: «…сол күндерде шешеміз Раушан әлі ұзатылмаған, оң жақтағы қыз болғанымен, қалың малы жарым-жартылай төленіп қойған, біздің елдің тілімен айтқанда «берулі қыз» екен. Бірақ үлкендердің баталасып қойғаны жас жүректердің өз қалауынша ұғынуына бөгет бола алған ба, айт пен тойы аралас, көші-қоны қоныстас елдердің қыз-бозбаласы да өз жөндерінше көңіл қосып, жол тауып, сөз байласып, уағдаласып жататыны мәлім. Сондай балғын шақтарында бірін-бірі ұнатып, мәңгілікке бас қоспаққа серттескен Құдайберген мен Раушан жаңа заманның бостандығын арқа тұтып, отау тікпекші болады».

Құдайберген мен Раушан көп қиындықтарды жеңіп барып қосылады. Осы дау кезінде Раушанды айттырған, тіпті ұзатып, туған аулынан алып шыққан жақтың сөзін ұстап, «мәселені шариғат арқылы шешу керек» — деп келген Оспан ишанға қарсы Құдайбергеннің жағынан Жиенғали сөз алған. «Ғалия» медресесінде оқыған, ислам қағидаттарын, ислам ғұламалары еңбектерін жақсы білетін Жиенғали неке қию кезінде міндетті түрде қыз баланың рұқсаты керектігін дәлелдей білген. Кейін Оспан ишан: «Ол мені үш жерден сүріндірді» — деп мойындаған екен.

Осы оқиғалардың кезінде Құдайбергеннің әкесі Қуан көз жұмады. Бұл қазаны Жиенғали Құдайбергенге хат арқылы өлеңмен естірткен:

«Әке шаңырағының шырағында» былай делінген:

«…сонау 70-жылдарда жасы сексендерді алқымдап қалған Ақнияз Салмағамбетов атты қадірменді қариядан жазып алынған «Естіртудің» бізге жеткен шумақтары мыналар:

Бауырым, замандасым Құдайберген,

Бәлені қазаменен әркім көрген.

Осындай үлгі сөзбен естіртеді

Біреудің жанашыры болса өлген.

Азалда тағдыр сондай болғаннан соң,

Әкең Қуан дем бітіп, шамы сөнген.

Тағдырға таад-бир жоқ қайғырғанмен,

Басына Қуан-екең нәубет келген.

Дүние — фәни нәрсе, баяны жоқ,

Секілді қызыл түлкі түсте көрген.

Қазаға разы, бәлеге сабыр керек

Кірмей адам қалмайды қара жерден.

Алланың хұкімі солай болғанан соң,

Айрылдың басшыңыздан соңына ерген.

Көз салып, төңірекке қарасаңыз,

Адасып қалған аз ба кемеңгерден?..»

 

1927 жылы Жиенғалиды Қызылжарға жіберді, ал Құдайберген кейін Ленинградқа оқуға кеткені белгілі. Жолдары екі айырылғаннан кейін олар қанша уақытқа дейін хат жазысып тұрды, кейін Жиенғали аманатын арқалап, Алматыға барған Альфияға көмектескендердің арасында Құдайберген Жұбанов болды ма — ол жағы бізге белгісіз. Ең өкініштісі, екі тұлғаның арасындағы достықтың белгісі сынды «Сүйіскендер» пьесасының да мәтіні сақталмаған.

Әйтсе де, ендігі жерде осы достыққа қатысты қандай да болсын деректерді жинап, оны ұрпақтарға үлгі етуді өзімізге парыз санауға тиіспіз.

 

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button