Құқық

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Марқұмның несиесін кім төлейді?

Туысым 2011 жылдың 20 маусымы күні «Халық Банкінен» сенімді өкілсіз 550 мың теңге көлемінде несие алған болатын. Ол аяқ астынан 9 шілде күні қайтыс болды. Енді сол қайтыс болған адамның артында қалған несиесін кім төлейді?

Алтын,

Хромтау қаласы

 

Туысыңыздың несиесін өтеуге тікелей ешкім де міндетті емес. Бірақ марқұмның артында дүние-мүлік, оның ішінде жылжымайтын мүлік (айталық, үй-жай, гараж, саяжай) қалса, ҚР Азаматтық кодексінің 1038-бабына сәйкес осы дүниенің бәрі мұра ретінде  оның мұрагеріне (мұрагерлеріне) тиесілі болады. Ал сіз жазған хатыңызда туысыңыздың артында қалған дүние-мүлкінің бар-жоқтығын, егер бар болса, оған кім (кімдер) ие болып қалғанын айтпағансыз. Себебі мұраға ие болу өсиет негізінде немесе заң бойынша жүзеге асырылады (1039-бап). Өсиет бойынша марқұм көзі тірісінде барлық мүлкін бір ғана туысына немесе тіпті туыстық қатынасы жоқ басқа адамға (тұлғаға) мұра қылып рәсімдетіп (және құпия түрде де) кетуі мүмкін.

Өсиет қалдырылмаған жағдайда мұрагерлiк заң бойынша жүзеге асырылады. Заң бойынша мұрагер болу (заңды мұрагерлік) құқығын бiрiншi кезекте мұра қалдырушының балалары, сондай-ақ жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады (1061-бап). Мұраға ие болушыларға марқұмның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын мiндеттерi де (яғни, қарызы) қоса жүктеледі (1040-бап). Несие төлеу адамның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын міндеттердің қатарына жатады және марқұмның мұрагері (мұрагерлері тең үлеспен) толық көлемінде өтеуге міндетті. Егер мұра қалмаса, туыстық байланысына қарамастан ешкім де өтеуге тиіс емес.

 

Үйді қалай жекешелендіруге болады?

 

Ырғыз ауданының Аманкөл ауылына аға дәрігер болып осыдан алты жыл бұрын көшіп келгенімде жаңадан амбулатория салынып, бұрынғысын маған тұрғын үй ретінде беріп еді. Сол үйге жөндеу жүргіздік. Әлі күнге дейін тұрып жатырмыз. Енді маған осынша уақыт өткенде үйді жекешелендіріп алуға бола ма?

Гүлжан Кенжеғалиқызы,

Ақтөбе облысы

Ырғыз ауданы

 

Егер сізге осы мекенжай қызметтік тұрғын үйге теңестірілген үй ретінде берілген болса, оны жекешелендіру құқығыңыз «Тұрғын қатынастары туралы» Заңның 101-бабының 2-тармағымен реттеледі. Ауылдық дәрігер ретінде, әрине, жалақыңызды мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мекемеден аласыз. Ендеше мемлекеттiк қызметшiлер мен бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, сондай-ақ мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар, егер олар мемлекеттiк қызметте немесе бюджеттiк ұйымдарда (мемлекеттiк сайланбалы қызметте болу мерзiмiн қосқанда) кемiнде он жыл жұмыс iстесе, өздерi тұратын, қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үйдi меншiк иелерiнiң келiсiмiмен заңдарда белгiленген ретпен және шарттармен жекешелендiре алады. Демек, үйді жекешелендіру құқығыңызды жүзеге асыруыңыз онда қанша жыл тұрғаныңызға емес, бюджеттік мекемедегі еңбек өтіліңіз бен меншік иесінің келісіміне байланысты.

Оқырмандар үшін осы мәселені тарата талдасақ, қызметкердің еңбек қатынастары ұйымның (кәсiпорынның) таратылуына, қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуына, одан әрi қызмет iстеуге кедергi келтiретiн сырқатына, зейнет демалысына шығуына байланысты тоқтатылса, бюджеттік мекемедегі еңбек өтіліне және үйді жекешелендірмегеніне қарамастан сол үйден шығарылмайды немесе басқа тұрғын жай беріледі.

Қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан қызметкерлердiң отбасылары да тұрғын үйден шығарылмайды. Қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген мекенжай берiлген азамат қайтыс болған жағдайда, егер оның осы тұрғын үйге құқығы болып, бiрақ оны жүзеге асырмаса, тұрғын үйдi жекешелендiру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелерiне ауысады.

Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

тел.: 8 (7132) 57-92-10; 51-04-13; 8-702-318-04-13

E-mail: sultan.ns@mail.ru

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button