Құқық

Салық төлеуге салғырт қарама!

Жеке тұлғалардың мүлік, жер және көлік салығын төлеуде салғырттық танытатыны байқалып отыр. Бұл туралы Ақтөбе қалалық салық басқармасында өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Ақтөбе қалалық салық басқармасының бастығы Болат Танабергеновтің айтуынша, бүгінгі күні мүлік және жер салығын төлемеген борышкерлердің тізімі нақты анықталыпты. Салық заңнамасын бұзған борышкерлердің мекенжайына бұл қарыздарды жою туралы хабарлама, сондай-ақ сот органдарына салықтарды төлеу туралы сот шешімін шығару үшін талап-арыздар жолдануда.

Үстіміздегі жылдың 1 қазанында жеке тұлғалардың мүлік және жер салықтарын төлеу мерзімі аяқталды. Бүгінгі таңда 124 мың мүлік салығын төлеушілердің 80 пайызы ғана міндетті бережақтарын төледі. Ал қалған салық төлеушілердің қарызы шамамен 8 миллион теңгеге жетіп отыр. Егер салық төлемдері өтелмеген жағдайда біз істі облыстық сот актілерін орындау департаментіне жолдаймыз, — деді Б.Танабергенов.

Жыл басынан бері мүлік және жер салығы бойынша 3 198,4 мың теңге қарызды құрайтын 344 талап-арыз сотқа жолданып, оның 1 041,5 мың теңгесі ғана өндіріліпті.

Ал иелігінде жеке көлігі бар адамдар үшін салық төлеу мерзімінің соңғы күні —  осы жылдың 31 желтоқсаны.

Мамандардың айтуынша, осы жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша Ақтөбе қаласында 87826 салық төлеуші тіркеліпті. Қазіргі күні оның 67 пайызы ғана салық төлеп үлгерген.

Көлігі бар әрбір тұрғын жыл соңына дейін салық төлеуі қажет. Бірақ бірнеше жылдан бері көлік салығын төлемей келген тұрғындар бар. Борышкерлерден сол қарызды  өндіру мақсатында істі сотқа жолдап жатырмыз. Жыл басынан бері көлік салығы бойынша 293 іс сотқа жолданды, — дейді салық басқармасы мамандары.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатына облыстық сот актілерін орындау департаменті директорының орынбасары А. Есмағамбетов, облыстық жол полициясы басқармасы жеке батальонының командирі А.Шотанов және «Ақтөбе облысы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталық» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын директорының орынбасары Л.Кунакиндер қатысты.

Бүгінгі күні салық төлеушілерді анықтау ісінде қиындық тудырып отырған мәселелер де жоқ емес.

«Ақтөбе облысы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталық» РМҚК өкілінің айтуынша, орталықтың электрондық базасындағы жылжымайтын мүлік мәліметтерінде сол нысанның иесі туралы мағлұмат болғанмен, олар құзіретті органдарда (әділет департаментінде) мүлік иегері ретінде тіркеуден өтпейді. Осындай кемшіліктер салық есептеу ісінде кедергі тудырады. Қазір Ақтөбе қаласында осындай 10 мыңнан астам нысан бар. Бұған жеке тұрғын үйлер мен гараждар, саяжайлар да кіреді.

Енді мемлекеттік өкілетті органдармен бірлесе мүліктерді тіркеуге алу үшін үй иелерімен өзара әңгімелесу жұмыстары жүргізілмек.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button