Саясат

Жиырма жыл: қаржы «көзімен»

Ел Тәуелсіздігінің   жиырма  жылдығы қарсаңында, біз,   Қазақстан   қаржыгерлері екі  ерекше  күнді   атап  өтеміз — мемлекеттік  қаржылық  саясатты   жүргізудегі  дербестігіміздің  20 жылдығы   және  Қазақстанның   қаржы  жүйесінің  90 жылдығы.

Ерекшелігі сол, 1991 жылы  17 желтоқсанда, яғни Тәуелсіз ел атанғаннан кейін бір күннен соң мемлекетіміздің маңызды заң актілерінің бірі  —  «Қазақстан Республикасының  бюджеттік  жүйесі  туралы»   заң   қолданысқа  енгізілді.   2008 жылдан  бастап  Қазақстан Республикасының  Бюджеттік  кодексі «іске кірісті».  Бұл өте маңызды оқиғалар еді, себебі  ірі  мемлекет  тұрмақ,  кішкентай  отбасының  бюджетінде  тәртіп  болмаса,   болашақты  жоспарлау   мүмкін  емес.

Осы  жиырма  жыл  — Қазақстан үшін   ауыр  сынақ болумен қатар,  сыртқы  саясат  аренасында   белгілі  жетістіктерге қол  жеткізіп,  әрбір  қазақстандықтың  әл-ауқаты  мен  жағдайын  жақсарту,   Елбасы, Ұлт көшбасшысы   Н.Ә.Назарбаев ел алдына қойған  мақсаттар  мен   міндеттерге   қол  жеткізу  жылдары болды.

Ауыр сынақтан ең  әуелі,   әрине,   ұлттық  экономика мен  қаржы саласы  өтті.

Дағдарыс жағдайында басымды инфрақұрылымды және  индустриялық жобаларды, әлеуметтік саланы, өңірлік  жұмыспен  қамту  және  кадрларды  қайта  даярлау  стратегиясын, ауыл  шаруашылығын дамытуды  және  т.б.   қаржыландыруға  қомақты қаржы бөлінді.

2011  жылғы облыс бюджетінің көлемі  1993 жылғыға қарағанда 119 451,6 млн. теңгеге  өсті.  Оның ішінде  әлеуметтік салаға бөлінген қаржы  70 300,9 млн. теңгеге, соның ішінде  білім саласына  — 41 622,5 млн. теңгеге, мәдениет, спорт  және  ақпарат  саласына   — 7 137,2  млн. теңгеге,  денсаулық сақтау саласына  — 17 169,4 млн. теңгеге, тұрғын  үй  коммуналдық  шаруашылық саласына бөлінген қаржы  19 299,9  млн. теңгеге  өсті.

Тәуелсіздік  жылдары   облыста  20345  оқушыға арналған   54  мектеп  салынып, пайдалануға берілді,  соның ішінде 13797 оқушыға  арналған 41 мектеп   соңғы  он   жылда  салынды.

Облыста  2005 жылдан  бері  жалпы  білім  беретін  мектептерді   пән  кабинеттерімен  жабдықтау   басталды.   Тек осы  шығындарға  мемлекеттік  бюджеттен  800,0 млн.  теңге   бөлінді.  Соңғы  10 жыл  ішіндегі  428   мектепке  дейінгі   ұйым  ашылды.    «Балапан»  бағдарламасы  бойынша    облыста   мектепке  дейінгі   ұйымдарда  мемлекеттік   білім  беру  жобасын жүзеге  асыруға   он жыл  ішінде  1 046,0 млн. теңге   бөлінді.

2005-2010 жылдар  ішінде  6 аурухана,  3 емхана, 19 амбулатория,  45  медициналық  пункт  салынды.

Осылайша, тек  11 жыл  ішінде  (200-2010 жылдары) әлеуметтік  салаға   322 032,0 млн. теңге (яғни бюджеттің  жалпы көлемінің  58%), соның ішінде  білім саласына  — 172 155,0 млн. теңге, денсаулық сақтау саласына  — 90 270,0 млн.  теңге,   әлеуметтік  қолдауға —  25667,0 млн. теңге; мәдениет, спорт салаларына — 33940,0 млн. теңге, ал тұрғын үй-коммуналдық   шаруашылық саласына  — 78 563,0 млн. теңге (яғни бюджеттің  жалпы көлемінің 14,1%-ы)  бағытталды.

2011-2013  жылдарға арналған  облыс  бюджетінің  негізгі  жаңалығы — өңірдің  индустриялық-инновациялық  дамуына  айтарлықтай  мол бюджеттік   қаржы   бағыттағандығы.

Үш жылдық бюджетте Жылдамдатылған  индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік  бағдарламасы  аясындағы іс-шараларды  іске асыруға  қаржылар қаралған. Мынадай бағыттарға: «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік  әлеуетті сауықтыруға және күшейтуге; аталған бағдарлама аясында өңірлерде жеке кәсіпкерлікті қолдауға; инновациялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін даярлауға; жылдамдатылған индустриялық-инновациялық дамыту бойынша мемлекеттік  бағдарламаны сүйемелдеуге қаржылар  қаралды.

Соңғы 7 жыл  ішінде  елді мекендердің жылу-энергетикалық жүйесін  дамытуға,  инвестициялық  жобаларды  іске асыруға  жалпы  сомасы  21 631,7 млн  теңге; автокөлік  жолдарын  күрделі  және  орташа  жөндеуге   15 120,8 млн. теңге; көліктік инфрақұрылымды  дамытуға 2 850,0 млн. теңге;  «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы  аясында  индустриялық инфрақұрылымды дамытуға  903,2 млн. теңге; инженерлік-комуникациялық инфрақұрылымды дамытуға,  орналастыруға және  сатып алуға  33 426,9 млн. теңге; мемлекеттік коммуналдық  тұрғын үй  қорының  тұрғын үйлерін салуға  және  (немесе)  сатып алуға 5 646,8 млн. теңге;  коммуналдық  шаруашылықты дамытуға 4 179,2 млн. теңге бағытталды.

Негізгі үлесті, жоғарыда  айтылғандай, әлеуметтік сала  (58%) алып отыр. Орта  мерзімді кезеңде Білім  беруді дамытудың 2011-2012 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын және «Балапан» салалық бағдарламасын жүзеге  асыруды жалғастыруға  қаржы қаралып отыр. Аталған бағдарламалар  аясында: электронды оқыту  жүйесін ендіру,  білім  беру  ұйымдарының кең  жолақты  Интернетке  қол  жеткізуі; мектептер салу; мектепке  дейінгі  жастағы  балаларды   тәрбиемен  және  оқытумен  толық  қамту  үшін  мектептерде  және  басқа  ұйымдарда  кішігірім орталықтар ашу,  меншік нысанына қарамастан    мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік  тапсырысты орналастыру  және  мектепке  дейінгі білім  беру мекемелерінің жаңа  нысандарын салу  қаралған. Білім беру нысандарын салуға және  қалпына келтіруге 18 467,6 млн. теңге  бағытталды.

Денсаулық сақтау  саласы  Денсаулық сақтаудың  бірыңғай ұлттық жүйесі аясында еңбек ететіні мәлім.  Жүйе аясында нысандарды салуға және қалпына  келтіруге   19 394,9 млн. теңге  бағытталған.  Сондай-ақ 2011 жылдан денсаулық сақтауды  дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» атты  жаңа  мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру   басталды.  2011 жылға 2 351,0 млн. теңге  бөлінді.

Мемлекеттік басқару  реформасының аясында  соңғы үш жылда  елімізде бюджеттік процесті  жетілдірудің бірнеше  маңызды  қадамы   қабылданды. Мемлекет басшысының 2008 жылғы ақпандағы Қазақстан халқына  Жолдауында айрықша көрсетілген басымдылықтардың қатарында нәтижеге бағытталған мемлекеттік жоспарлау  және  бюджеттеудің  жаңа жүйесін  ендіру қажеттігі  айқын көрсетілді. 2009 жылдан бастап барлық орталық мемлекеттік органдар нәтижеге  бағытталған жоспарлаудың  жаңа  жүйесіне  көшті,  ал  жергілікті  атқарушы органдар оған 2010 жылы  ауысты.

2013 жылдың  1 қаңтарынан бастап  ұйымдардың,  соның  ішінде мемлекеттік ұйымдардың Қаржылық есептеудің халықаралық стандарттарына (ҚЕХС) ауысуы жоспарланып отыр.  Есептеу әдісі  бойынша  ҚЕХС ендіру оларды сақтау  бойынша  ақпаратты  ашумен қатар,  мемлекеттік сектор субъектілері  ұсынатын  қаржылық есептеудің  сапасын айтарлықтай арттырады.

Облыс қаржыгерлері жоғарғы кәсіби шеберлігімен, сауаттылығымен һәм жауапкершілікті сезіне білуімен ерекшеленеді.  Кәсіби біліктерінің жоғары болуы оларға  облыс әлеуетін  арттыру жолында қойылған міндеттерді қысқа мерзімдерде орындауға көмектеседі.

Қазіргі таңда қаржыгерлер алдында ақша қорларын сауатты  жоспарлау және  бөлу, оларды  жұмсауды  тиімді басқару сияқты  елеулі міндеттер тұр.

Тарихқа үңілсек,  қаржыгерлердің  қаржылық  даму  ісіне  қомақты үлес қосқанын  аңғару қиын емес.

Мереке қарсаңында өз дәуірінде зор құрметке бөленіп, ұрпақтың есінде қалған  Т.Алдияров, Я.Б.Нам, С.Б.Бердешев, Н.Б.Балмұқанов, И.С.Ахметова, Б.Құлмановтардың есімдерін атап өтудің артықтығы болмас.

Қаржы  басқармасының аппаратында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп,  жоғары білікті  қаржыгерлерді тәрбиелеген Г.Ж.Буринге, Р.Д.Абашеваға, М.Ж.Байғановаға, А.П.Когайға, Б.Сайжапаровқа, Е.Сейтехановқа, А.Өмірбековке, Р.С.Өмірзақоваға, Т.Индиевке, Қ.С.Сейтеханға, сондай-ақ зейнеткерлік демалыстағы және еңбек етуді жалғастырып жүрген  барлық  басқа   ардагерлерімізге шын жүректен  алғыс айтамыз.

Қазіргі таңда басқарманың  беделін арттырып, әлеуетін нықтауға  үлес қосып отырған   А.Дәулетова, А.Оразғұлова, Ш.Қасымова, Ж.Меңдіғалиева, Т.Төлегенов, Ж.Тасмағамбетова, М.Токова, Ш.Көпекова секілді білікті қаржыгерлер қандай құрметке де лайық!

Олар қазақстандық қаржы саласы тарихының  Тәуелсіздікпен бірге ашылған жаңа парағын толтырушылардың қатарында болды һәм бүгінде сол үрдісті жалғастырып келеді. Сондықтан олар  біздің әрбір қадамымыз бен әрекетімізді  бақылап, қателігімізді бетімізге айтуға, ел алдында сала қызметкерлерінің беделін түсіріп алмау үшін дұрыс жол сілтеуге құқылы.

Біз  бүгінгі  таңда  экономиканы  тұрақтандыру,  соның  ішінде   қаржы саласында  қажетті  өзгерістерге  қол  жеткізу үшін жұмысты  мейлінше жетілдіре түсуіміз  керек.  Барлық  қаржылық    жұмыстардың   деңгейін  көтеруіміз  қажет. Жас мамандар алдыңғы буын ағалардың абыройлы дәстүрін жалғастыратынына бек сенеміз. Өйткені олар үшін жас, тәуелсіз мемлекеттің гүлденуіне атсалысып, халықтың әл-ауқатын арттырудан артық қандай мұрат бар!

 

Сағат ЕҢСЕГЕНҰЛЫ,

облыстық қаржы

басқармасының бастығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button