АЭС

Ел дамуы үшін…

Аманкелді ШУНИМОВ,

мемлекеттік қызмет ардагері,

Мұғалжар ауданының құрметті азаматы.

Өндірісі дамыған сайын энергияға тәуелділік арта беретіні ақиқат. Бүгінде еліміздегі ірілі-ұсақты 200-ден астам қуат көздері қажетті сұранысты жыл өткен сайын қамти алмай отырғанын білеміз. Ал электр станцияларының дені солтүстік өңірлерде орналасқандықтан, оңтүстікте энергияға деген тапшылық уақыт өткен сайын қиындап бара жатқаны рас.

Энергия құрылғыларының бәрі табиғи отын — мұнай мен газға, көмірге тәуелді. Кең-байтақ қазақ жері бұл табиғи отынға бай болғанымен, оның да шегі бар.

Ендігі 5-10 жылда әуелі газ тапшылығы, одан кейін мұнай тапшылығы, көмірдің азаюы энергияның басқа баламаларын іздестіруге мәжбүр етеді. Бұны мамандар мен ғалымдардың халыққа айтып түсіндіруінде кемдік жоқ.

Бүгінде Қазақстан қомақты энергияны Ресейден, көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан және Тәжікстаннан тасымалдайтынын жұрт біле ме екен? Бұл тәуелділіктен арылу үшін келешек энергия көзінің тетігін табуымыз керек. Меніңше, бұл тетік —  атомды бейбіт іске қосып, оның табиғатқа таза  орасан зор арзан қуатын ел игілігіне пайдалану.

АЭС салу мәселесі ондаған жылдардан бері дүркін-дүркін сөз болып келе жатқанынан хабардармыз. Алғаш бұл әңгіме 1990 жылдары басталып, 2000 жылдың басында және 2011 жылы біршама талқыға түскені бар.

Украинадағы Чернобыль, Жапониядағы Фукусима сияқты орасан зор апатты жағдайды еске түсірсек, бойымызды қорқыныш пен үрей билейтінін неге жасырайық. Бірақ уақыт күттірмейді. Технологиялардың дамуына сай энергия тапшылығын қамтамасыз етуде АЭС-тің елімізге қажеттілігі айқын. Қазіргі таңда бұл маңызды шаруаны одан әрі соза беруге болмайтындығын халық та түсінетін болар, себебі күн сайын энергия тапшылығы артпаса кемімейді және уақыттан ұтылатынымызды да ойлау керек.

Қазіргі уақытта жер шарының 31 мемлекетінде 400-дей ядролық реакторлар жұмыс істейді екен. Оның көпшілігі Еуропада, Солтүстік Америкада, Оңтүстік-Шығыс Азияда және бұрынғы Кеңес Одағының аумағында орналасқан. Реакторлар санының көптігі бойынша әлемде АҚШ бірінші орында тұр, мұндағы реакторлар саны — 93. Одан кейінгі Францияда — 56, Қытайда — 54, Ресейде — 38, Жапонияда — 33, Оңтүстік Кореяда — 24, Үндістанда 23 реактор жұмыс істейді. АЭС-тер құру жағынан — Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея және Ресей алдыңғы орында. Кейбір елдерде электр энергиясын өндірудегі АЭС-тің үлесі жоғары. 13 елде бұл үлес 25 пайыздан асады. Соңғы 2-3 жылда АЭС салуды Белоруссия, Түркия мемлекеті қолға алды. Мысалы, 2023 жылдың қарашасында пайдалануға берілген Беларусь АЭС-нің №2 блогі елдің электр энергиясына деген қажеттілігін 40 пайызға өтеп отыр. Соның нәтижесінде бұл елдегі ескі және тиімсіз элетростанциялар пайдаланудан шығарылған. Айтуға оңай, бірақ пайдасы бар екені көрініп-ақ тұр.

АЭС салу мәселесі жөнінде елімізде белсенді пікір алмасу жүріп жатыр. Мемлекет басшысының биылғы халыққа Жолдауындағы тапсырысымен 6 қазанда бүкілхалықтық референдум өтпек.

Соңғы деректерге сай Қазақстанда салынатын АЭС 3-ші буын санаттағы, ең жоғары деңгейдегі реакторлар екен. Бұл құрылғының қауіпсіздігі жоғары және апатты жағдайда автоматты түрде тоқтатылып, реактор 3 тәулікте, яғни 72 сағатта салқындайтын көрінеді.

Әрине, кадр мәселесіне де алаңдаушылық жоқ емес. Дегенмен бұл мәселенің де алғашқы шешілу шарттары елімізде бар екен. Мысалы, Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталық жұмыс істейді. Ол жерде осы саланың білікті мамандары баршылық. Сондай-ақ «Атомөнеркәсіп» компаниясында реактивті материалдармен жұмыс істей алатын көптеген мамандар бар. Алматыда 60 жылдан бері ядролық физика институты жұмыс істеп тұр. Көптеген академиктер мен профессорлардан құралған бұл мекеменің болашақ АЭС үшін білікті 400-ден аса маман даярлауға мүмкіншілік бар екен. Сонымен қатар еліміздегі ядролық отын өндіретін Ульбинск зауыты бар екенін ескерсек, АЭС салудың алғышарттары көңілге қонымдырақ деп ойлаймын.

Қазақ елі дамудан шет қалмауға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, АЭС бізге қажет. Өйткені ол елді тұрақты, арзан энергиямен қамтамасыз етіп қоймай, отандық ғылым мен технологияны жаңа деңгейге көтереді. Шешім қабылдайтын уақыт келді. Олай болса барша жерлестерімізді 6 қазанда өтетін референдумға келіп, өз таңдауларын жасауға шақырамын.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button