Жаңалықтар

«Ақтөбе-Қандыағаш» автожолын қайта жаңарту: Қандыағаш қаласындағы 16 шақырымды құрайтын айналма жолда қозғалыс ашылды

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астраханға қарай) автожолының қайта жаңарту жұмыстары аясында «Ақтөбе-Қандыағаш» учаскесінде көлік қозғалысын ашты. Аталмыш шара барысында ІІ техникалық санаттағы Қандыағаш қаласындағы 16 шақырымды құрайтын айналма жолы қолданысқа берілді. Оның құрамында айналма жолдың басында орналасқан бір көлік жол айрығы мен 7 жасанды нысан бар, оның ішінде 2 малөткел.

Бұл транспорттық дәліз Астраханға қарай қозғалысты қамтамасыз етіп, Қазақстан Республикасы мен Ресей федерациясын байланыстыратын маңызды бағыттардың бірі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астраханға қарай) дәлізін жаңғырту бойынша қайта жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр. Қайта жаңарту жұмыстары барысында жолдың техникалық параметрлері жақсартылды: 77,8 шақырым ІІ санаттан І санатқа, ал 18,2 шақырымы ІІ санатқа ауыстырылды.

«Ақтөбе-Қандыағаш» учаскесінің жалпы ұзындығы 96 шақырымды құрайды. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 5 тамызда Алға қаласынан Қандыағаш қаласына дейінгі 54 шақырымды құрайтын жол қолданысқа берілген болатын.

Қазіргі таңда автожолдың барлық ұзындығы бойынша жолдың төменгі қабатын төсеу жұмыстары аяқталды. Қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетоннан жоғарғы қабатты төсеу жұмыстары атқарылып жатыр (85 % орындалды). Сондай-ақ жолды абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

Жобаны жүзеге асыруға үш асфальтбетон зауыты, 254 жол-құрылыс техникасы мен 574 жұмысшы жұмылдырылған. Жоба аясында 94 жасанды құрылыс нысанын соғу жоспарланған, оның ішінде 15 көпір, 16 мал айдау, 3 көлік жол айрығы мен 60 су өткізгіш құбыр.

«Ақтөбе-Қандыағаш» автожолының қайта жаңарту жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін аяқталады.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button