Саясат

Мәжіліске қай партиялар келеді?

16 қараша күні төртінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі тарады.

ҚР Президентінің Жарлығымен Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы 2012 жылдың 15 қаңтарында өткізілетін болды.

 

Саяси дода басталды. Партиялар етек-жеңдерін жинап, алдағы сайлау науқанына дайындала бастады.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин Парламент Мәжілісі және мәслихат сайлауларына толық дайын екендіктерін мәлімдеді. Ертең, 25 қараша күні «Нұр Отан» партиясының XIV съезі өткізіледі. Онда партияның сайлауалды тұғырнамасы талқыланып, үміткерлер анықталмақ. Қазірдің өзінде нұротандықтар ел аумағында 200-ден астам штаб құрып үлгерген.

Болашақтағы көппартиялы Мәжіліс құрамына енуге үмітті «Ақжол», «Патриоттар», «Ауыл», «Руханият», «Әділет», «Азат» партиялары да үзеңгіге аяғын салып, сайлау додасына түсуге дайын отыр.

Саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, жеңіске негізінен «Нұр Отан» мен «Ақжол» партиясы жетуі мүмкін. «Биліктің басқа партияларды өткізуге құлқы да жоқ, дайындығы да жоқ», — дейді ол.
«Бұл сайлаудың алдыңғылардан еш айырмашылығы болмайды. Яғни, жоспарлы шаралардың бірі. Бір ғана ерекшелік — келесі жасақталатын Парламентке елге танымал, саяси жағынан белсенді немесе оппозициялық пікірі бар азаматтардың сайлануы мүмкіндігі. Біздегі қазіргі ішкі саясатта үлкен шаршау бар. Көбі сайлауға баруға құлықсыз», —  дейді ол саясаттанушы Мұхит Асанбай.

«Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашов «Ақжол» партиясынан қанша адамның депутат болатынын алдын ала есептеп қойғанға ұқсайды. Ол жаңа Мәжіліс құрамының 15-20 пайызы — ақжолдықтар болатынына сенімді.

Саясаттанушы М.Асанбай бұл сайлауда «Нұр Отан» мен «Ақжолдан» өзге «Руханият» партиясының да айы оңынан тууы мүмкін екендігін айтады, тіпті «Руханияттың» «Ақжолға» қосылу ықтималдығы да бар екендігін тілге тиек етті.

— «Нұр Отан» мен «Ақ жол» партияларының Мәжіліске өтетіні анық.  «Руханиятты» жіберетін болса, оның саясаттағы салмағы артады. Мәселе «парламентке үш партия болып кіре ме, әлде екі партия болып кіре ме?» деген сұраққа барып тірелуінде. Бірақ болашақта  оппозициялық партияларды парламентке ендіру керектігін билік те түсініп отыр. Өйткені бізде қазір оппозициялық риторика далада,  көшеде, заңсыз элементтер арасында орын алып жатыр. Ал егер оны саяси жүйеде институттандыра алсақ, саяси жүйенің қажетті бір аспабы ретінде, оны жаңғыртуға, сол жүйені сынай отырып жақсартуға үлес қосқан болар еді. Меніңше, сол міндетті «Ақ жол» алуы мүмкін», —  дейді саясаттанушы.
«Патриоттар» партиясының төрағасы Ғани Қасымов партияның съезі мен 14 облыста пленумын өткізіп, үміткерлерді іріктейтінін айтады, ал «Ауылдың» Ғани Қалиеві: «Көшбасшы партиямен тең түсеміз деп айту ешкімнің қолынан келмейді», — деп жеңілісін алдын ала мойындап қойды. «Әділет» демократиялық партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев «Нұр Отан» партиясының бұл жолы да рекордтық дауыс жинайтынына сенімді.  

 

Үкімет те тарай ма?

 

Заң бойынша ел үкіметі Мәжіліс сайлауы өте салысымен отставкаға кетеді. Бұл — Президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың мәлімдемесі. Ертісбаевтың айтуынша, қаңтардың 15-інде өтетін науқаннан соң іле-шала жаңа үкімет жасақталмақ. Оның тағы бір болжамы — сайлаудан екінші орын алған партия өкілдері жаңа Үкіметке мүше болып қабылдануы мүмкін. Оның пікірінше, бұл сайлауда «Нұр Отаннан» кейінгі екінші орынды «Ақ жол» партиясы алуы кәдік.

Ертісбаев жаңа Үкімет басшысының да келуі ықтимал деген жорамал айтты.

— Қалай болғанда да, Ертісбаев айтпақшы, қаңтардың 15-інен соң Үкімет қайта жасақталатыны белгілі. Оған «Нұр Отан» мен «Ақжолдықтар» да кіреді деген болжам бар. Дей тұрғанмен, Конституцияға сәйкес, ел Премьері жаңадан сайланған Мәжілістен Үкіметке сенім арта ма, артпай ма — соны сұрауы тиіс. Егер Мәжіліс сенім білдірсе, Президенттің келісімімен Үкімет мүшелері өз міндеттерін атқара береді. Олай болмаған жағдайда, Үкімет Президентке отставкаға кететіні жайлы мәлімдейді де, Мемлекет Басшысы өз жауабын 10 күннің ішінде жариялайды, — дейді саясаттанушы А.Сарым.

 

Не дейсіз?

 

  • Келесі шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарынан мемлекеттік тілді білуді талап ету керек деген пікірге қосыласыз ба?

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:

 

– Әрине, қосыламын. Мәжіліс депутаттары қазақ елінің халық қалаулылары болғандықтан, партиялық тізіммен өткен күннің өзінде, олардың мемлекеттік тілді білуі қай тұрғыдан алып қарасақ та, қисынды әрі заңды деп есептеймін. Депутаттардың мемлекеттік тілді білмей отырғаны, біріншіден, өздеріне ұят емес пе? Кез келген мемлекеттің депутаты өзінің мемлекеттік тілін меңгеруі тиіс. Барлық елде солай. Енді оған қатысты заң жоқ болса да, адамгершілік тұрғысынан мұны ретке келтіруге болады. Оның бірнеше жолы бар. Алдағы уақытта жаңа шақырылымдағы депутаттардың тізімін жасар кезде саяси партиялар осы жағына ерекше мән берсе екен деймін. Мұны қоғамдық бастама ретінде көтеріп, болашақ депутаттардың мемлекеттік тілді меңгергендігіне назар аударса, жақсы-ақ болар еді. Саяси партиялардың бұған толық мүмкіндігі де, қауқары да жетеді. Бұл ана тіліне, мемлекеттік тілге деген құрметтің белгісі болып қалар еді.
Амангелді АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері:

 

– Келесі шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарына қазақ тілін білуді талап ету керек дегенге мен толық қосыламын. Тіпті мемлекеттік тілді білуді қазақ депутаттарына міндетті деп есептеймін. Біз 20 жыл бойы жартылай мылқау Парламентпен жұмыс жасап келеміз. Қазақ тілін білмеудің астарында үлкен мән жатыр. Мәселе тек қазақша сөйлеуде емес, олар қазақша ойлап, ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдауы тиіс. Көптеген халық қалаулылары қазақ мәдениетін, өркениетін, дәстүрін, қазақы болмысты білмей, болмаса үстіртін ғана ойлап, заң қабылдайды. Қазіргі қабылданған кейбір заңдардың жұмыс істемей жатуы осының салдарынан деп ойлаймын. Сондықтан, ең болмағанда, қазақ депутаттарының мемлекеттік тілді білуі Парламент жұмысының тиімділігін арттырар еді.

(«Алаш айнасы» басылымынан).

 

Интернет материалдары бойынша әзірлеген М.Сатаева.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button