Саясат

Ел

Этномәдени орталықтар да қатыстырылады

 

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының Әлеуметтік жауапкершілік форумы болып өтті.

Форум арнайы ұйым­дас­тырылған үш секциялы көр­ме­нің тұсаукесерімен ашыл­ды. Онда этномәдени бірлес­тіктердің бизнес, ауыл ша­руа­шылығы, индустриялық-ин­но­вациялық даму сала­ла­рын­дағы бастамалары жан-жақты көрсетілген. Сондай-ақ әлеу­меттік жаңғыртуларға бағыт­тал­ған бірқатар жобалар да бар. Әсіресе, келушілерді елі­міздің әр аймағынан келген қолөнер шеберлерінің туын­ды­лары тәнті етті. Сонымен қатар, көрмеде Астана қала­сы­ның «ЕХРО-2017» халы­қ­ара­лық мамандандырылған көр­ме­сін өткізу құқығын жеңіп алуға өтінімін насихаттау бой­ынша ақпараттық тақталар да қойылған.

Аталған шара еліміз Тәу­ел­сіздігінің 20 жылдығы ая­сын­да «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және Индустрия және жаңа технологиялар минис­тр­лі­гінің қолдауымен өтті. Ал форумның мақсаты — Мемлекет басшысының Қа­зақстан халқы Ассамблея­сы­ның ХVI және XVII сес­сия­ларында Ассам­блеяның елімізді ин­дус­триялық-иннова­циялық дам­ы­ту және әлеу­меттік жаңғырту үдерісіндегі рөлін күшейтуге байланысты берген тапсырма­ларын жүзеге асыру.

Пленарлық отырысты жүр­гізген ҚХА Төрағасының орынбасары — Хатшылық мең­герушісі Ералы Тоғжанов еліміздегі мәдени орта­лық­тар­дың ішкі әлеуетін еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына араластыру екендігін ерекше атап өтті. Қой­ыл­ған индустриялық-иннова­ция­лық жобалардың жалпы саны 60 болса, өздерінің салт-дәс­түрімен астасып жататын эт­ностардың 20 жобасы келушілер назарына ұсынылды. Мы­са­лы, Түрік мәдени орталы­ғы­ның Алматы облысы, Талғар қаласында қазақ-түрік лицейін салуы нақты жүзеге асы­рылған жобалардың бірі са­налады.

Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев өз кезегінде 2010-2014 жылдарға ар­нал­ған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында бизнеске мемлекеттік қолдау шараларын және қабылданған құжаттар мен бағдарла­ма­лар­ға кеңінен тоқталды. Отандық тауар экспорттаушыларға шы­ғындарын өтеу тетігі енгізілсе, тек былтырдың өзінде бұл сома 41 миллион теңгені құ­ра­ған. Жалпы, мұндай қолдау елі­міздің 1,5 мыңға тарта экс­порттаушы кәсіпорындарын қамтуы тиіс. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша құны 194 миллиард теңге болатын 500-дей жоба бекітілсе, көрмеге қойылған жо­ба­лардың ішінде де осы бағ­дар­ламаға лайықтылары бар екендігін вице-министр атай кетті.

Қызмет көрсету мен тау­ар­ларды сатып алуда қазақ­стан­дық үлесті арттыру бағы­тын­да 8,5 триллион теңге көз­дел­ген. Бұл жер қойнауын пай­да­ланушылар, ұлттық холдингтер мен мемлекеттік орган­дарға қатысты. Шамамен ол 30 миллиард АҚШ доллары болса, оған ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау қолға ал­ыныпты. Индустрияландыру картасы бойынша жалпы құ­ны 8,3 триллион теңгелік жобалар жүзеге асырылуда. То­лықтай алғанда 2011 жылдың 9 айы ішінде құны 120 миллиард теңгенің 82 жобасы іске қосылған.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-тың басқарушы дирек­то­ры Ерлан Байжанов Қазақстан халқының бірлігі мен қоғамын ұйыстыруға ықпал ететін Ас­самблеяның бастамаларына ерекше маңыз беріп, АҚ бұдан былай да қолдай береріне сендірді. Жалпы, тартылған ин­вестицияның 51 пайызы немесе 22 миллиард АҚШ дол­ла­ры «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ үлесіне тиеді екен.

Басқарушы директордың мәліметіне қарағанда, келесі жылы инновациялық жоба­ларға 40 миллиард теңге ба­ғытталса, 2015 жылы 72 миллиард теңге жұмсау көзделген. Бүгінгі таңда холдинг 19 жо­баны таңдап алып, қаржы­лан­дыруды бастапты.

Бұдан кейін форум ая­сын­да Қазақстан халқы Ас­сам­­блеясының кәсіпкерлер қау­­ым­дастығының бірінші жи­налысы өтті. Онда ҚХА-ның жаңа құрылымдағы мүше­лік, жұмыс басымдықтары және басқа да ұйымдастырушылық мәселелері талқыланды.

Форумда Қазақ­стан халқы Ассамблеясы мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі ара­сын­дағы ынты­мақ­тастық ту­ра­лы меморан­думға қол қой­ылды.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.

(«Егемен Қазақстан» газеті, 9 қараша 2011 жыл).

 

 

82 индустриялық жоба пайдалануға берілді

 

Қазақстан Көшбасшысының Үдемелі индустрияландыру бағдарламасы аясында өмірге жолдама алған жаңа зауыттар мен кәсіпорындар енді елге жүздеген миллиард кіріс құюда! «Былтыр және биылғы 9 айда іске қосылған жобалар, 2011 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, ендігі 332 миллиард теңгеден астам сомаға тауарлар өндірген» деп мәлім етті кеше Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Н.Сауранбаев. Оның мәліметінше, ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 82 индустриялық жоба қолданысқа берілген. Олардың жалпы құны 120 миллиард теңгені құрап отыр.

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің биік лауазымды өкілі 2011 жылдың соңына дейін тағы 122 жобаны іске қосу жоспарланғандығын хабарлады. Ал тұтастай алғанда, «Индустрияландыру картасына» кірген жобалардың жалпы құны 8,3 триллион теңгені құрайды. «Жақын уақытта бұл сан өседі деген ойдамыз, — деді вице-министр Нұрлан Сауранбаев. — Қазіргі кезде министрлік картаны өзектілендіру жұмысын аяқтап қалды. Оның қорытындысы бойынша Индустрияландыру картасына жаңа жобалар қосылады».
Бұл мәлімдеме, тұңғыш рет өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының Әлеуметтік жауапкершілік форумының мінберінен жасалған болатын. Бұл форум Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының, сондай-ақ Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен, Елбасының ҚХА-ның ХVІ және ХVІІ сессияларында берген тапсырмаларын орындау мақсатында өткізіліп отыр. Сол жиындарда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды индустриялық-инновациялық дамыту және әлеуметтік жаңғырту үдерістеріндегі Ассамблеяның рөлін күшейту бағытында тапсырмалар жүктеген болатын. Мемлекет басшысы Қазақстандағы ірі және шағын бизнестің мемлекеттік тұрақтылығына, еліміздің бірлігіне тікелей оң ықпал етуі керектігін нықтапты.
— Қазақстанда әрбір ұлттың тілінің, мәдениетінің дамуына барлық жағдай жасалған. Бүгінде бұл сұрақ күн тәртібінде тұрған жоқ. Қазіргі көкейтесті мәселенің әрі ең үлкен стратегиялық бағыттың бірі — елімізді индустриялық-инновациялық дамыту, — дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары — Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов. — Ал интеллектуалдық ұлтты қалыптастыру үшін әрбір азаматты осы мақсатқа жұмылдыру қажет. Болашағын ойлаған мемлекет ұлтын бәсекеге қабілетті етуге ұмтылады. Сондықтан Ассамблея осындай жұмыстарды қолдауды, идеялары және құлшынысы бар азаматтар мен жауапты министрліктер арасында дәнекер болуды мақсат етіп қойып отыр.
Е.Тоғжанов ел қазынасынан қаржыландырылатын ұлттық орталықтардың да еліміздің дамуына үлес қосуы керектігін білдірді. Еліміздегі диаспораларды екі бағытта іске жұмылдыруға болады екен. «Біріншіден, — дейді ҚХА Төрағасының орынбасары, — этномәдени орталықтарды шетелдің ірі инновациялық жобаларын, технологияларын Қазақстанға алып келуге пайдалану қажет». Өйткені еліміздегі диаспоралар өздерінің атамекенімен байланыста. Бұл ретте Қазақстандағы неміс, корей және басқа да әлемдегі озық дамыған мемлекеттер өкілдері Қазақстанды үдемелі индустрияландыру ісіне үлкен ықпал ете алар еді. «Нақты жобалар ендігі бар, — дейді Ералы Лұқпанұлы, — Оңтүстік Кореядан Қазақстанға жылыжайлар әкелінді және олар тұрғызылды». Қазақстан корейлерінің қауымдастығы «араағайындық» еткен бұл жоба Алматы облысының Үштөбе қаласында іске асырылыпты. Жоба жылыжайлар кешенін салуды ғана емес, сондай-ақ «жабық топырақта көкөніс өсірудің оңтүстіккореялық технологияларына оқыту орталығын» құруды да қамтыған. Бұл орталықта 120 маманды оқытып шығару көзделуде екен.
Қазақстанда инновациялық экономика құру ісіне Қырғызстан да үлес қоса алатын көрінеді. Мәселен, «Астана қаласындағы қырғыз этномәдени бірлестігі» бірнеше инновациялы тың жобаны ұсынып отыр. Бірлестіктің төрағасы Шавкат Исмаилов олардың бәрі қырғызстандық ғалымдардың ойлап тапқан жаңалығы екендігін, бірақ Қырғызстанда оларды ендірудің мүмкіндігі жоқтығын жеткізді. Сондықтан Қырғызстан ғалымдары өз өнертабыстарын қандастары арқылы Қазақстанда іске асыруға ниет білдіріпті. Ол жаңалықтардың бірі — бактерицидтік жылу сақтағыш нанобояу. «Бұл бояудың қабырғаға 1 миллиметрін жақсаңыз, ол 1 қатар кірпіш қалағанға бара-бар болмақ!» — дейді Ш.Исмаилов. Жобаны жүзеге асыру 70 миллион теңгені қажет ететін көрінеді.
Қырғыз ғалымдары ойлап тауып, Қазақ еліне ұсынған жобалардың тағы біреуі — фуллерендер. Бұлардың қолданылу аясы өте кең деседі: фармокологиядан бастап («Жараның тез жазылуына ықпал етеді» дейді Шавкат Исмаилов), күн энергетикасында, литийлік аккумуляторлар өндірісінде, медицинада, электроникада, оптикада, тіпті құрылыста да қолданылатын көрінеді. Жобаның құны — 140 миллион теңге.
Медицинаға қатысы бар және «нано» деген айқындауышты жобаны еліміздегі әзірбайжан ұлысы да ұсынуда. «Қазақстанның әзірбайжандар қауымдастығы» «сүрме (сурьма) мен висмуттан жасалған нанотүтікшелер өндірісін» жолға қоюға ниетті. Бұлар ядролық энергетикада (атом реакторларында) және медицинада (СПИД-тің алдын алу және емдеуде) қолданылатындығы хабарланды.
«Қазақстан украиндерінің Радасы» «көмірсутек шикізатын қайта өңдеу бойынша кешенді» ұсынады. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл — шағын мұнай өңдеу зауыты. Егер мемлекет тарапынан жоба қолдау тапса, олар «қара алтыннан» бензин, дизельді отын және мазут айырмақ. Жобаның жылдық өнімділігі — 10-50 мың тонна.
Форум аясында жайылған көрмеде «Ахыска» республикалық түрік этномәдени орталығы «Алтын сай» қала-спутнигінің Бас жоспарын ұсынды. Алматы қаласына жақын жерде, Талғар қаласынан 13 шақырымдай жерде орын тебеді деп көзделген бұл серік-шаһардың жобасын облыстық мәслихат ендігі бекітіпті. Бар мәселе — инженерлік инфрақұрылымға тіреліп тұрған көрінеді. Шағын шаһарды жалпы сомасы 208 миллиард теңгеге салу ойластырылыпты. Оның жалпы ауданы 560 гектар жерді алып жатпақ. Жоба басшылығынан қала-спутниктегі тұрғын үйдің әр шаршы метрі 650 доллар болатындығын білдік. «Алтын сайда» жеке үйлермен қоса, 4 қабатты үйлер, балабақша, мектеп, жас техниктер мен жас натуралистер стансалары, төл емханасы мен ауруханасы, перзентханасы, спорт кешені, мешіті мен шіркеуі орналасады деп жоспарланған.
ҚХА төрағасының орынбасары Е.Тоғжанов «этномәдени орталықтарды екіншіден, халықаралық деңгейдегі қарым-қатынастарда пайдалану қажеттігін» айтады. Яғни шетелдік алпауыт мемлекет Қазақстанға технологиясын бергенде, өзіне бәсекелес әзірлеймін деп қорықпай, біздің еліміздегі өз ұлтының өкілдеріне жәрдемдесетіндігін білуі керек.
Ассамблея төрағасының орынбасары өздерінің «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен нақты келісімшарттарға отырғандарын жеткізді. «Оның ішіндегі негізгі мәселелердің бірі — әлеуметтік жауапкершілікті іске асыру болды», — дейді ол. Әлгіндей жаңа жобаларды ұсынып, олардың өмірге жолдама алуына, жаңа өндіріс пен жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті жерлердегі әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал ету арқылы ҚХА Елбасының әлеуметтік жауапкершілік идеясын іске асырмақ. Ассамблея өзі де әлеуметтік жауапкершілікке қатысты нақты жобаларды жүзеге асыруда екен. Мәселен, Түрік мәдени орталығы Алматы облысының Талғар қаласында қазақ-түрік лицейін салып берген. «Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы осындай қоғамды әлеуметтік жаңғыртуға бағытталған жобалардың жиырма шақтысы жүзеге асырылды», — деді Е.Тоғжанов.
Форумның 3 секциялы кең көлемді көрмесінде этномәдени бірлестіктер мүшелерінің бизнес, ауыл шаруашылығы, индустриялық-инновациялық даму салаларындағы 60-тан аса жобасы ұсынылды. Мұнда, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің қызметінде қолданбалы қолөнерді дамыту саласындағы 20 жоба таныстырылды. Оның ішінде шеберлер ауылдары, этноауыл және басқалары бар. «Біз диаспоралардың төл серпінді жобаларын ортаға салып, индустрияландыруға атсалысып жатқандығына куә болдық, — дейді ҚХА-ның осы жобаларымен танысқан Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Н.Сауранбаев. — Индустрия министрлігі барынша көмек көрсетуге тырысады. Бүгін өз жобаларымен келген адамдардың барлығы өз мәселелерін шешіп, жауап алып, кеңес пен қолдау көруі қажет».
Жиынның қорытындысында ассамблеяның Әлеуметтік жауапкершілік форумының ұсынымдары қабылданды.
Айхан ШӘРІП.

(«Айқын» газеті, 9 қараша 2011 жыл).

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button