Мәдениет

Алғашқы жырдан электронды сайтқа дейін

Ақын

Облыстық С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасы үшін алғашқы қар түсер шақ жақсы бір кешпен басталды.

Кітапхана «Уақытпен үндескен ақын» деген атпен Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты, ақын, аудармашы, журналист Ертай Ашықбаевтың  55 жас  мерейтойын атап өтті.

Қашан да оқырмандардың көңілімен санасатын кітапхана ақын кешіне тек шығармашылықпен айналысатын, ақындықты жаны қалайтын жастарды жинауды парыз санады. Сол мақсатпен қаламыздың бірнеше  оқу орындарына жарнамалар, хабарландырулар іліп, поэзияға құштар  жастардың бастарын біріктірді.

Мерейлі кешке ақын, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, танымал журналист Идош Асқар, ҚР Журналистер  одағының мүшесі, жас айтыскерлер мектебінің жетекшісі Нұрлыбек Қалауов, кітапхананың тұрақты оқырманы, драматург Айладыр Уталиев келіп қатысты.

Интернет-конференцияның өту барысында қатысушылар ақынның туған өлкесі Темір ауданымен және Әйтеке би ауданымен онлайн жүйесінде тікелей  байланысқа  шықты. Қос ауданның кітапханашылары мен оқырмандары ақын ағаға жүрекжарды тілектерін жеткізіп, шығармашылығынан өлеңдер оқып берді. Сонымен қатар ақын Ертай Ашықбаевтың шығармалары биыл аудандарда қалай оқылып жатқанын жеткізді.

Қос  ұрпақты бір арнаға қосқан бұл шығармашылық кештің берер әсері мол болды. №47 мектептің 2-5 сынып  оқушылары Ақбота Жоныс «Награда» өлеңін оқыса, Тұрлан Серікқалиев «Офицердің ойы» атты өлеңін жұртшылық назарына  ұсынды. Ал Меруерт Құлмурзина  ақынның «Сауыншының ақылы» деген шығармасын сауыншы кейпіне еніп, қолына  шелегін алып, образды көрсетті.

Ал студенттер ақынның күрделі шығармаларына  ден қойды. Студенттер Мейрамбек Аманбекұлы «Қобыландының қонысы» поэмасынан үзінді оқып берсе, ақын ауылы Бабатайдың түлегі Тоғжан Жоламанова көпшілік назарына ақынның «Тіліммен сырласу» өлеңін ұсынды.

Кеш соңында Ертай Ашықбаевтың сөзіне жазылған, музыкасын Қанат Айтбаев шығарған, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленген әндер қатарындағы «Астана вальсінің» бейне-клипі экранға шығарылды.

Тағы бір айта кететін жай кітапханада ақынның  еңбектерінің барлығы электронды сандық жүйеге  көшіріліп, виртуальді кітап көрмесі  көрсетілді.

Тағы бір қуанарлығы ендігі жерде оқырмандарымыз кітапханаға  бармай-ақ Ертай Ашықбаевтың  шығармаларын Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының Қазақстан  ұлттық электронды сайтына (www.kazneb.kz) және біздің сайтымызға (www.aktobeoub.kz) кіріп, пайдалана алатын мүмкіндік  алып  отыр.

 

Лариса ҚҰРЫМБАЕВА,

облыстық С. Жиенбаев атындағы

жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button