Мәдениет

Достық дастарқаны

Көрме

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесінде «Қоныс» Спорт сарайында «Ас – адамның арқауы» атты ұлттық тағамдар байқау-көрмесі өтті.

Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Анар Ерғалиеваның айтуынша, қаламыздағы кәсіпкерлік субъектілерінің 40 пайызы қоғамдық тамақтану орындары екен. Көрмеге қаладағы 12 мейрамхана мен кафелер, аспаз даярлайтын үш оқу орны – №3 кәсіптік-техникалық лицей, Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе ауыл шаруашылық колледжі, Ақтөбе политехникалық колледжі қатысты.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген қала әкімі Архимед Мұхамбетов:

– Қазақстан халқының бірлігі мерекесі құтты болсын! Қаламызда салынып жатқан «Достық» сарайын тамыз-қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Ол ашылса, қаладағы өзге ұлт өкілдері арасындағы бірлік, ауызбіршілік, ынтымақтастық нығая түсері анық. Бүгінгі ұлттар ұсынып отырған дастарқан да достықтың белгісі, – деді.

Одан соң облыс әкімінің орынбасары С.Нұрқатова, қала әкімі А.Мұхамбетов және оның орынбасары С.Қалдығұлова, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы А.Ерғалиева «Рахат» мейрамханасы ұсынған мерекелік дастарқан басына сәл аялдап, тағамдардан ауыз тиді. Осы сәтте «Қос қарлығаш» әніне қазақ ұлттық киімін киген бозбала мен бойжеткен би биледі.

Қазылар алқасы әр қатысушы топтың дастарқанын аралап көрді: бірдей аспаз киімін киген №3 кәсіптік-техникалық лицейдің оқушылары түрлі тәтті тоқаштар әзірлепті. Белгілі «Мимино» фильмінде айтылатын долма тағамын әзірбайжандар жүзім жапырағынан және көкөністерден жасаған. Түріктер қала әкіміне айран ұсынды. Ұлттық киімдерін киген украиндер өз тілінде ән салды. Көрмеге «Достық» кафесі корей тағамдарын, ал «Жас отау» кафесі қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп әкеліпті.

Қазақ ұлттық тағамдарын ұсынған «Рахат» мейрамханасы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды украин тілінде ән салған «Хуторок» кафесі, үшінші орынды түріктердің «Taksim» кафесі иеленді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

«Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімі» ММ тапсырмасы бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button