Құқық

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Заң

Газет оқырмандары телефон арқылы мынадай сауалдар қояды:

Жәния Боранбекқызы, Қобда:

— Бала-шағамызбен пәтер жалдап тұрамыз. Егер қожайын пәтерден шығарғысы келсе, қанша күн бұрын ескертуі керек?

 

— Егер пәтер шартын жасасқан болсаңыз және онда жалдау мерзімі көрсетілмесе, қожайын сіздерге үйді босату қажеттігі жөнінде бір ай бұрын ескертуі міндетті.

Байнақов Ержан, Алға:

— Автобус рөліне арақ ішіп отырғаным жоқ. Бірақ қатты қажып, шаршап келе жатқаным рас еді. Сол үшін маған жол полициясының қызметкері айыппұл салды. Осынысы заңды ма?

 

— Еңбек және демалыс режимін бұзған, жолаушы тасымалдайтын жүргізушіге биылғы айлық есептік көрсеткіш есебімен алғанда 7560 теңгеден 15 120 теңгеге дейін айыппұл салынады.

 

Алтын Оспанқызы, Мәртөк:

— Пәтер (қонысжай) меншік иелерінің кооперативін мемлекеттік тіркеу мерзімі қандай?

 

— Әділет органына барлық құжаттары тапсырылғаннан кейін 15 күн ішінде жүзеге асырылады.

 

Сара Бақтыбай, Ақтөбе:

— Кондоминиум қызметі тұрғын үй алаңымен ғана шектеле ме?

 

— Оның қызметі тұрғын үй ғимаратының барлығын, оның ішінде подъездішілік басқыштар мен алаңдарды, шатыр және басқа тұрғылықты емес жайларды қамтиды.

 

Толқын Мүлікұлы, Шұбарқұдық:

— Салық агенті деген кім?

 

— Салық агенті – жеке кәсіпкер, жеке нотариус, адвокат, заңды тұлға, оның ішінде ҚР Салық кодексіне сәйкес төлем көзінен ұсталатын салықты есептеу, ұстау және аудару міндеті жүктелген резидент емес (яғни, шетелдік) заңды тұлға.

 

Исатай Мәнібайұлы, Қандыағаш:

— Азаматпен еңбек шартын жасасып, жұмысқа қабылдау үшін кәмелетке толуы міндетті ме?

 

— Еңбек кодексінің 30-бабында он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол берілетіні белгіленген. Ата-анасының біреуінің, қорғаншысының, қамқоршысының немесе асырап алушысының жазбаша келісімімен орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайда, он бес жасқа толғандармен, сабақтан бос уақытында, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін, он төрт жасқа толған оқушылармен еңбек шарты жасалуы мүмкін.

 

Амангүл Ілиясова, Шалқар:

— Заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелеріне не жатады?

 

— Заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері — филиал және өкілдік.

 

Бөрібай Төлеуішұлы, Ойыл:

— Сотта баладан жауап алынатын болса, туысы қатысуы міндеттеле ме?

 

— Кәмелетке толмаған куәдан сотта жауап алынғанда қажет болған жағдайда заңды өкілдері (ата-анасы, т.б.) шақырылады. Ал жасы 14-ке (егер сот ұйғарса, 16-ға) толмаған куәдан жауап алу үшін міндетті түрде педагог қатыстырылады. Аталған тұлғалар төрағалық етушінің рұқсатымен куәға сұрақ қояды және оның жеке басы мен берген жауабы туралы пікір білдіре алады (ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 199-бабы).

 

Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

тел.: 8 (7132) 56-21-64; 51-04-13; 8-702-318-04-13

E-mail: sultan.ns@mail.ru

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button