Саясат

Съезге 28 делегат барады

Өткен жұмада «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында  партияның саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Басқосуға облыстық басқармалар мен мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысты.

Жиында партияның сайлау алды платформасының жобасы және партияның ХІV съезіне қатысатын делегаттар тізімін бекіту туралы мәселе сөз болды. «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев партияның 2017 жылға арналған стратегиялық жоспары мен алдағы бес жылда  атқарылатын шаруаларға тоқталды. Ал аталған партияның саяси кеңесінің мүшесі, облыстық автомобиль жолдары департаментінің директоры Бағлан Баймағанбетов басты мақсат — ел бірлігін нығайту екенін айтып, партия мүшелерін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау науқанына  белсене қатысуға шақырды. Бұл орайда партияның облыстық, аудандық филиалдары мен бастауыш ұйымдары бірлесе жұмыс жүргізуі қажет. Қазіргі таңда партия қатарында 850 мың мүше болса, оның елу пайызға жуығы аудандарда тұрады.

Сондай-ақ жиында  «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ахат Мырзалин, «Жас Отан» жастар қанаты қалалық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Шыма,  «Бейбітшілік пен келісім» қорының төрағасы Келдібай Еспағамбетов, партияның қалалық депутаттар фракциясының жетекшісі Талғат Хамитов  партияның стратегиялық жоспарын қолдап, оны іске асыруда бір адамдай жұмыла жұмыс жүргізу керектігін айтты. Бұдан кейін партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мирлан Жалғаспаев 25 қарашада Астана қаласында өтетін партияның кезектен тыс ХІV съезіне қатысатын делегаттар тізімін бекітуді ұсынды. Жиналғандар съезге баратын 28 делегатты бірауыздан мақұлдады.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button