Білім

Шағын жинақты мектеп мәселесі — ұлттық мәселе?!.

Кеше Ақтөбеде ҚР Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйытқы болуымен еліміздегі шағын жинақты мектептер мәселесіне қатысты халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды.

Облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының ғимаратында өткен шараға еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресей, Түркия, Белоруссия секілді ТМД елдерінен келген білім саласы өкілдері қатысып жатыр.

«Шағын жинақты мектеп: қазіргі жағдайы және даму болашағы» тақырыбындағы конференция барысында, аты айтып тұрғандай, еліміздегі шағын жинақты мектептер жұмысының қазір қалай жүргізіліп отырғандығы және осы салада қордаланған мәселелерді шешу жолдары бүге-шігесіне дейін талқыланбақ.

— Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары елімізде шағын жинақты мектептердің көбейгендігі айқын. Қазір еліміздегі шағын мектептердің саны Кеңес Одағы кезіндегіден екі есеге көп, — дейді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Алма Әбілқасымова. А.Әбілқасымованың айтуынша ұйымдастырушылардың аталған шараны Ақтөбе облысында өткізуінің мәні бар:

— Ақтөбеде шағын жинақты мектептердің саны көп. Шағын жинақты мектептердегі оқыту үрдісі жақсы жолға қойылған. Біз Ақтөбеде өткізілген Тамыз конференциясына қатысқанымызда осы өңірдің білім саласында қол жеткізіліп жатқан жетістіктер, жақсы нәтижелер барын көрдік. Яғни, аталған салада жатық, жақсы тәжірибесі бар, мәселелерді шешудің өзіндік жолы қалыптасқан, білім мен тәрбие беру тұрғысынан алғанда қазақи болмысы бұзылмаған өңірде өткізу жөн болар деп шештік. Ақтөбе облыстық білім басқармасы мен кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты қазір шағын мектептердің сапасын арттыру барысында орасан зор еңбек етіп келеді, олардың іс-тәжірибесі жылдар бойы жинақталған, — деді А.Әбілқасымова.

Конференцияға Қазақстанның барлық облыстарынан және өзге мемлекеттерден 200-ге жуық қатысушы келді. Олардың арасында білім басқармаларының,  біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының өкілдері, ЖОО оқытушылары, т.б. бар.

Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова конференцияға қатысушыларға облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің атынан сәттілік тілеп, Ақтөбе өңірінің білім саласындағы жетістіктеріне тоқталды, ал бұл жетістіктер —  аймақтағы экономикалық тұрақтылықтың жемісі екендігін тілге тиек етті.

С.Нұрқатованың айтуынша, соңғы он жылда облыста 55 мектеп салынып, 145 мектепке дейінгі мекеме, «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1200 орындық екі мектеп ашылды, Назарбаев интеллектуалдық мектебінің құрылысы жүргізіліп жатыр, бірнеше мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. С.Нұрқатованың айтуынша, өңірде мұғалімдердің мәртебесін арттыруға, жастарды ынталандыру, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бағыттарында да қыруар жұмыстар жасалып келеді.

— Ауыл халқының жаппай қалалық жерге көшуі, ішкі миграция шағын жинақты мектептердің көптеп ашылуына себеп болды. Қазір өңіріміздегі барлық мектептердің 70 пайыздайы шағын жинақты мектеп болып отыр. 2000 жылдан бері мұндай мектептер саны 10 пайызға артты. Қордаланған мәселелер де бар, олар — материалдық-техникалық базаның әлсіздігі, қаржыландырудың аздығы және педагигокалық кадрлардың жетіспеушілігі. Негізгі мәселе — шағын жинақты мектептердегі біріккен сыныптарға, яғни жастары әртүрлі балалардан тұратын аудиториямен жұмыс жасай алатын мамандардың аздығы. Бұл мәселені шешу үшін, меніңше, аудандарда ресурстық орталықтар, яғни, тірек мектептерін ашу керек. Қазір Мұғалжар мен Темір аудандарында осындай мектептер ашылды, алдағы уақытта басқа аудандарда да рет-ретімен ашылады деп ойлаймын, — деді С.Нұрқатова.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының бастығы Айгүл Арынғазиеваның берген деректері бойынша, қазір ауылдық жерлердегі жалпы білім беретін мектептердің 85 пайызы — шағын жинақты мектеп болып отыр. Яғни, ауыл мен мектеп тағдыры бір-бірімен тығыз байланысты.

— Ауылды сақтап қалу үшін шағын жинақты мектептер санын арттыру ләзім. Өйткені, қай ауылда болмасын, мектеп — ауылды алға сүйрейтін нысан, яғни, шағын жинақты мектеп — ауылдың, елдің, ұлттың тағдыры, — дейді А.Әбілқасымова.

Конференцияның алғашқы күні «Шағын жинақты мектепті дамытудың өңірлік тәжірибесі» атты көрме ұйымдастырылды. Ресей білім академиясы Оқытудың мазмұны мен әдістемесі институтының директоры Михаил Рыжаков пен Беларусь Республикасы Ұлттық білім институтының директоры Геннадий Пальчиктер өз елдеріндегі шағын жинақты мектептердің қазіргі жағдайы мен жетілдіру жолдары жөнінде баяндады. Шағын жинақты мектептерге педагог кадрлар даярлау, оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру, олардың жұмысына әдістемелік жетекшілік жасау, т.б. мәселелер төңірегінде баяндамалар оқылды. Одан кейін қонақтар Ақтөбедегі шағын жинақты мектепті дамытудың өңірлік орталығының іс-тәжірибесімен, «Ақкемер», «Шұбарқұдық гимназиясы» ресурстық орталықтарының жұмыстарымен танысты.

Екі күнге созылатын конференция барысында шағын жинақты мектептердегі білім беруді әдістемелік тұрғыда қамтамасыз ету, біріктірілген сыныптарға арналған оқу-әдістемелік кешендер әзірлеу, шағын жинақты мектептердегі білім беру жүйесіне ақпараттық-технологияны енгізу, қашықтан оқыту секілді мәселелер де кеңінен қаралмақ.

 

М.РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button