Қос ауылдың қуанышы
Облыс әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапарымен Мұғалжар ауданына барды. Тұрғындармен кездесіп, үйлердің құрылысы мен жол жөндеу жұмыстарымен танысты.
Алдымен облыс әкіміСағашилі және Талдысай ауылдарын байланыстыратын аудандық маңызы бар автомобиль жолының орташа жөндеу жұмысымен танысты. Жолды жөндеу облыс тұрғындарының өмір сапасын арттыру және көлік қатынасын жеңілдету мақсатында жүзеге асырылуда.
Мұғалжар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жандос Өтеулиннің айтуынша, жобаға 768,7 млн теңге қаржы бөлінген. Былтыр тасжолды жөндеуге кіріскен «САБ-Дор Сервис» компаниясы жұмыстарды жыл соңында аяқтамақ.
Мердігерлермен кездескен өңір басшысы бұл жолдың маңыздылығын айтып, тұрғындар асыға күтіп отырғанын жеткізді. Құрылысшылардың алдына жұмыстардың сапалы орындалуы мен мерзімінің сақталуына қатысты міндет қойды. Қазан айында тасжол пайдалануға берілуі керек.
Бұдан кейін Асхат Шахаров Бірлік және Жағабұлақ ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, бой көтерген тұрғын үйлерді аралап шықты.
Бүгінде баспанасынан айырылған жағабұлақтықтар үшін 9 үй, Бірлік ауылының тұрғындары үшін 5 үй салынып жатыр. 55 отбасы қайталама нарықтағы дайын тұрғын үйлерге қоныстанса, 7 үй қайта жөнделді.
Жағабұлақ ауылында «Айлин Строй Проект» ЖШС 9 үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Бір-екі күнде жаңа үйлер пайдалануға беріледі.
Тұрғындармен бірге жаңа үйлерді қарап шыққан Асхат Шахаров мердігерлер мен аудан әкімдігіне үйлерге барлық коммуникацияны мерзімінде жеткізуді тапсырды.
— Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен бірде-бір тұрғын көмексіз қалмайтынын айтты. Билікке бізді қолдаусыз қалдырмағанына өте ризамыз. Біз үшін ең бастысы тұрғын үй мәселесі еді.
Көктемде ауылымызға су қатты келді, үйлеріміз қирады. Далада қалғанымыз жоқ. Біреу дайын баспана алды, біз жаңа үйлерімізді алатын күнімізді күтіп, көшуге дайындалып жатырмыз, — деді ауыл тұрғыны Бақытжан Қобланов.
Ал Бірлік ауылында 5 үйдің үшеуі толықтай пайдалануға дайын. Екеуінде ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл үйлерді де «Айлин Строй Проект» ЖШС салған.
Мердігер ұйым өкілдері жақын арада барлық жұмысты аяқтауға уәде берді.
— Табиғи апат бізді аяған жоқ. Үйім құлады, барлық мүлік суда қалды. Біраз уақыт баспана жалдадық. Жаңа баспанамыз дайын, көп ұзамай көшіп келеміз. Барлық зардап шеккендерге көмек пен қолдау көрсеткен жерлестерімізге рақмет. Енді мұндай табиғи апат болмасын! Бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүрейік, — деді ауыл тұрғыны Аманғали Рамазанов.
Тұрғындармен тілдесіп, олардың қиын кезеңде ауызбіршілік танытқанына өз ризашылығын білдірген облыс әкімі:
— Әрбір су тасқынынан жапа шеккен тұрғынға жан-жақты көмек беру үшін Президент тапсырмасына сәйкес тиісті шаралар қабылданды, қаржы бөлінді. Жаңа үйлер салынып болуға тиіс мерзім белгіленді. Міне, мердігерлер жақсы жұмыс істеп, үйлердің құрылысын аяқтап жатыр. Мемлекет тарапынан суы, газы, жарығы тартылады. Жол салынып, тұрғын үй секторының аумағы абаттандырылады. Енді тек үйді қабылдап алу керек, — деді.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Асхат Шахаров Бірлік ауылында салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысымен танысты. Бұл нысан биыл қазан айында халық игілігіне берілмек.
Медициналық мекеменің құрылысы биыл шілде айында басталған. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту»ұлттық жобасы аясында салынып жатқан нысан 40 келушіге арналған.
Өңір басшысы медициналық мекеменің құрылысын қарап, жергілікті тұрғындарға ыңғайлы болу үшін пунктке қарай жол салуды тапсырды. Аталған жобаның құны — 189,5 млн теңге. Үкімет резервінен 113 млн теңге, облыстық бюджеттен 20 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. «Техно-С» ЖШС құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде.
Айта кету керек, бүгінде Бірлік ауылында 710 адам тұрады.
Д.ҚАЗИХАН.