Білім

Балдырған

Оқушының өлеңі

Астана

 

Астанамыз — үлкен қала жайнаған,

Бұл қалада қызу еңбек қайнаған.

Көк байрағы тұғырынан таймаған,

Қарағанда көркіне көз тоймаған.

 

Рыскүл МҮБАРАКОВА,

Қарашоқат орта мектебінің 3-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.

Ана тілім

 

Мен қазақтың намысшыл баласымын,

Ана тілін ардақтар жанашырмын.

Туған тілді тірлікте тәрк етпеймін,

Ол сүтінен дарыған анашымның.

 

Ал-Мұхаддин ТҰРДАЛИН,

№ 39 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Ақтөбем

 

Ақтөбеміз — айбынды да арайлы,

Келбетіне жұрт таңырқап қарайды.

Ақыны да, батыры да көп өңір,

Құдіретімен тамсандырған талайды.

 

Мен де туып, өсіп келем сол жерде,

Ақтөбем деп жүрек соғар кеудемде.

Қасиетті топырағынан нәр алдым,

Жырлап өтем қызыл тілді бергенде.

 

Балжан ТАСБОЛАТҚЫЗЫ,

А.С.Пушкин атындағы орта мектептің оқушысы.

Алтай батыр ауылы,

Байғанин ауданы.

Менің елім

 

Жүрек жылуы

 

Отсыз жүректе ғана Отан болмайды. Сол жүрекке барып түскен ұшқын оның салқындығынан-ақ сөніп қалады. Сол секілді жылусыз, жалынсыз жүрек туған елінің ыстық сезімін сезбейді…

Туған ел өз даналығымен сені тәрбиелейді, түзу жолға салады. Себебі халық — қапысыз сыншы. Ал оның берген ақыл-парасатын бойына сіңіріп, одан белгілі нәтиже шығару әр адамның өзіне байланысты.

Француздың әйгілі мораль уағызшысы Жан де Лабрюйер былай деген екен: «Еліне жақсылық жасаған адам — жақсы адам. Сол елге жасаған жақсылығы үшін жапа шеккен адам — жақсы адам, алайда сол жолда қасқайып тұрып, өзін құрбан етуге барған адам — ең ғажайып әрі қаһарман адам».

Біз де халқымыз үшін жан аямай қызмет етейік, халқымыздың шығара алмаған үнін, жүрек жылуын жарқыратып көрсете білейік.

 

Эльвира ЕЛЕУСІЗОВА,

І.Үргенішбаев атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.

 

Ғылым

Толқыннан толқын туады

Есіктің тұтқасына жіп байлап, екінші ұшынан ұстаңдар да, ептеп сілкіп қалыңдар. Сол сәтте қолдарыңмен бірге жіп те тербеледі. Тербелгенде жіптің өн бойы сендер ұстап тұрған жерден бастап ирелеңдей жөнеледі. Оның сыры неде? Себебі жіп ұзыннан-ұзақ тұтасып жатқандықтан тербеліс оның бойын қуалай тарайды. Толқын дегеніміз, міне, осы.

Суға тас лақтырсаң, әуелі тас түскен нүктеде тербеліс пайда болады. Бұл тербеліс су бетінің келесі бөлігіне, тағы одан ары беріліп, әлгі тас түскен нүктенің айналасына шеңбер толқындар тарала жөнеледі.

Ал шуыл, дыбыс дегеннің өзі не? Бұл да — толқын, тек ауада тараған толқын. Мәселен, гитараның ішегі, адамның көмекей желбезегі немесе радиоқабылдағыш динамигінің рупоры өте жылдам тербеледі де, әрбір тербеліс сайын айналасындағы ауа молекулаларын тебеді. Осы молекулалар өз қозғалысын келесісіне береді.

Ғарышта ауа жоқ. Сол себепті онда тербеліс болмайды, тербеліс болмаған соң дыбыс толқындары да таралмайды. Ашық ғарышқа шыққан ғарышкерлер бір-бірімен тек радио арқылы ғана сөйлесе алады.

Толқындар қатты денелер арқылы да тарай алады. Жер сілкінгенде жер қойнауында да тербеліс пайда болады да, ол жер бетіне толқын болып таралады.

Бір қызғылықты жайт: жарық та — толқын. Жарық атом электрондарының тербелісінен туады.

Радиотолқындар да жарыққа ұқсас. Олар радиотаратқыш антенналардағы электр зарядтарының тербелісінен пайда болады.

Түрлі толқындардың бір-бірінен айырмашылығы неде?

Ең әуелі олардың жылдамдықтары әртүрлі болады. Теңіз толқындары басқа толқындарға қарағанда әлдеқайда баяу жылжиды. Дыбыс толқыны ауада секундына 330 метр жылдамдықпен тарайды. Ең шапшаң таралатын толқын — жарық пен радио толқындары, олардың жылдамдықтары — секундына 300 мың шақырым.

Толқындардың бір-бірінен екінші бір айырмашылығы тербеліс жиілігіне байланысты. Дыбыс толқынындағы ауа бөлшектері неғұрлым жиілеген сайын дыбыс та жіңішкеріп, биіктей береді. Сиыр мөңіреген кезде ауа бөлшектері секундына 20-30 рет тербеліс жасайды. Ал масаның ызыңы естілгенде ауа бөлшегі секундына 10 мың рет тербеліп тұрады екен.

Толқындар сонымен бірге ұзындығына қарай да ерекшеленеді. Сендер радиоқабылдағыштардың ұзын, орташа, қысқа толқындарды көрсететін шкалалары болатынын білесіңдер.

Ал жарық пен радиотолқындарының аса маңызды бір қасиеті —олар ауасыз бос кеңістікте де тарай береді. Бізге жұлдыздардың көрінетіні, алыс планеталарға сапар шеккен ғарыш кемелерімен үздіксіз байланыс жасап тұра алатынымыз сондықтан.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button