Жасыл ел жұмысы жанданды

Мәртөк ауданында «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысы жанданды. Қазір аудан бойынша 40 жас еңбек етіп жатыр. Олар ауыл ішін тазарту, абаттандыру, сондай-ақ құрылыс жұмыстарына жұмылдырылған.
Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Адайбек Абдакиевтің айтуынша, қыркүйек айына дейін 100-ге жуық жас абаттандыру жұмыстарына тартылады.
— 2005 жылы республика бойынша алғаш рет «Жасыл ел» жобасы елімізде қолға алынған-ды. Аталған жоба бүгінде сәтті жүзеге асырылып келе жатыр. Жастар жаз бойы абаттандыру жұмыстарына қатысып, ауданымызды көркейтуге өз үлестерін қосып келеді. Бұл, бір жағынан, жастарды еңбекке баулу, екінші жағынан, оларға әлеуметтік көмек беру мақсатында қолға алынған бастама. Жұмыс жасағысы келетін жастар көп. Биыл «Жасыл ел» жасағында еңбек еткендерге берілетін еңбекақының мөлшері өсті. Қазір студенттер ай сайын 130-160 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Онымен қоса ай сайын жұмыс формаларын, апта сайын жұмыс қолғаптарын алады. Аптасына бес күн жұмыс істеп, екі күн (сенбі, жексенбі) демалады. Жұмыс кестеге сай таңертең 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін жалғасады.
«Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары еліміз бойынша ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысып, түрлі экологиялық акцияларды ұйымдастырды. Акция аясында ардагерлердің үйіне барып, олардың аулаларын, бау-бақшаларын тазартып, көмектесті. Көшелерді тазалап, арықтарды күл-қоқыстан арылтты, — дейді ол.
Сондай-ақ еңбек жасағының жастары мәдени іс-шараларға қатысып, теолог мамандардың ғибратты әңгімелерін тыңдауға мүмкіндік алды. Аудандық жастар ресурстық орталығының теолог маманы Ерлан Бақытұлы жастармен кездесіп, адамның бойындағы күш-жігері мен білімін әлсізге әлімжеттік жасау үшін емес, жақсылыққа, игі мақсатқа жұмсауы керектігі жөніндегі ислам ғұламаларының ой-пікірлерін, ғибратты әңгімелерін айтты.
Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Адайбек Абдакиевтің айтуынша, жастарды ынталандыру үшін ай сайын «Жасыл ел» жасағында белсенді жұмыс істеген студенттерді «Ең үздік жауынгер», «Ең үздік командир», «Ең үздік жасақ», тағы басқа номинациялармен марапатталады. Маусым айында еңбегімен көзге түскен Мұхаметәлі Сәрсенбаев, Аружан Алдажарова, Настя Медведева, Абзал Қонырбаев сынды жастарға аудандық жастар ресурстық орталығының Алғыс хаты табысталды.
Әлиянұр МАРҒҰЛАНҚЫЗЫ,
Мәртөк ауданы.