Құқық

Жария болған жасырын әрекеттер

Ақтөбе облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясының) басшылығы облыстық салық департаменті және «Атамекен Одағы» Қазақстан Ұлттық Экономикалық Палатасы» заңды тұлғалар бірлестігі» Ақтөбе филиалының басшыларымен, сондай-ақ алкоголь өнімдерін шығаратын зауыттардың өкілдерімен, алкоголь өнімдерінің дилерлерімен және көтерме өткізушілерімен бірлесіп «Алкоголь өнімдеріне қатысты көлеңкелі айналым» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Статистикалық деректер алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты тіркелген қылмыстардың жыл сайын артып бара жатқандығын байқатып отыр. Жалпы республика бойынша 2010 жылы және биылғы 9 айда қаржы полициясы органдары алкоголь өнімдері саласында 233 қылмысты анықтап, 40 жасырын цехтың жасырын әрекетінің жолын кесті.

Ал Ақтөбе облыстық қаржы полициясы үстіміздегі жылдың 9 айында алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты 7 қылмысты анықтады, 4 әрекет заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру фактісі бойынша және 3 әрекет акцизделетiн тауарларды акциздiк маркалармен немесе есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалаудың тәртiбi мен ережелерiн бұзу фактісі бойынша анықталды. Ал 2010 жылдың осындай мерзімі кезеңінде департамент 4 қылмысты анықтаған болатын.

Таратып айтқанда, мысалы, департамент қызметкерлері алкоголь өнімі дилерлерінің бірінің жалған есеп-бақылау маркалары жапсырылған алкоголь өнімін сақтап, өткізу арқылы заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру фактілерін дөп басты. Департамент қызметкерлері сондай-ақ облыстың алкоголь өнімдерін шығаратын зауыттардың бірінің тауар белгісін пайдаланған фактіні анықтады.

Кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылды және түрлі жаза түрлерімен сотталды.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде көлеңкелі айналымнан жалпы құны 6,4 млн. теңге болатын 26 888 бөтелкедегі жалған есеп-бақылау маркалары жапсырылған алкоголь өнімі алынды. Ал республика бойынша ағымдағы жылы көлеңкелі айналымнан жалпы сомасы 166,7 млн. теңге болатын 466,7 мың бөтелкедегі жалған есеп-бақылау маркалары жапсырылған алкоголь өнімдері, сонымен қатар 100 мың жалған есеп-бақылау маркасы алыныпты.

Дөңгелек үстел басындағы сұхбаттасу барысында мұндай статистикалық деректер немесе қолдан жасалған алкоголь өнімдерін шығаратын жасырын цехтардың жыл сайын анықталу фактілері мемлекетіміздің экономикалық ахуалына қауіп төндіретіні баса айтылды.

Ұқсатып жасалған алкоголь өнімдерін жасырын шығаруға, басқалардың сауда белгілерін пайдалануға, сонымен қатар өнімге және сауда белгісіне авторлық құқық иелерінің авторлық құқықтарының бұзылуына, әдейі жаңылыстыру арқылы тұтынушылардың денсаулығына залал келтірушілікке қарсы әрекет етуде бірлесудің маңыздылығы ескеріліп, облыстық салық департаменті мен «Атамекен Одағы» Қазақстан ҰЭП» заңды тұлғалар бірлестігі» Ақтөбе филиалының басшыларымен, алкоголь өнімдерін шығаратын зауыттардың өкілдерімен, алкоголь өнімдерінің дилерлерімен және көтерме өткізушілерімен бірлесе отырып, алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымын құрықтау мақсатындағы ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді.

Аталған меморандумды бекітудің мақсаты — алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы күрес, ұқсатып жасалған алкоголь өнімін жасырын шығаруға және басқа сауда белгілерін пайдалануға қарсы әрекет ету.

 

Ақтөбе облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің материалдары бойынша әзірленді.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button