ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ…
Ақтөбе қаласы
Қазіргі таңда қалада су тасқынының салдарын жою бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл туралы Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет қалалық мәслихаттың XVIII сессиясының отырысында баяндады.
— Көктемде жергілікті атқарушы органдар су тасқынының салдарын жоюға бар күшін салды. Барлық құтқару жұмыстары тікелей бақылауымда болды.
Қала бойынша 2 996 үйге су кірді, оның ішінде, 363 тұрғын үй, 2 633 бау-бақша учаскелерінде орналасқан үйлер. Барлық үйге техникалық тексеру жүргізілді, оның ішінде 2 760 үйді қайта қалпына келтіру керек болса, 200 үй апатты деп танылды. Бүгінде 6 эвакуациялық пунктте 484 адам бар. Су тасқынынан зардап шеккен 2 760 отбасына бюджеттен 9,7 миллиард теңге өтемақы төленді. Сонымен қатар 1,2 миллиард теңге көлемінде 3 303 отбасына біржолғы әлеуметтік жәрдемақы берілді, — деді қала әкімі.
Сондай-ақ апатты деп танылған үйлердің иелеріне «BI Group» компаниясының, «Қамқор-Ақтөбе 2024» қорының және Б.Өтемұратовтың жеке қорының демеушілік есебінен 200 пәтер алынатын болады. Әзірге 136 пәтер сатып алынып, зардап шеккен жерлестерге табысталды. 15 тамызға дейін қалған 64 пәтер сатып алынады.
Кәмшат ҚОПАЕВА.
Әйтеке би
Әйтеке би ауданында тасқыннан зардап шеккендерге салынып жатқан жаңа үйлер жақын күндері пайдалануға беріледі.
Аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаевтың айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың алды бой көтерген жаңа баспаналарға жақын күндері қоныс аударады. Үш отбасына берілетін тұрғын үй Темірбек Жүргенов ауылында орналасқан.
— Аймақта су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан 150-ге жуық арыз түсіп, комиссияның техникалық бақылауы нәтижесінде 51 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Соның ішінде 25 отбасы екінші нарықтағы дайын үйді алуға ынта білдіріп, қазіргі таңда барлығы толықтай баспаналы болды. Жаңа үй салуды таңдаған 26 отбасы үшін бой көтеріп жатқан баспана құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Үйлердің шатыры жабылды, есік-терезелері салынып, ішкі сырлау, әктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді аудан басшысы.
Ауданда құрылыс жұмыстарын үш мердігер компания жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, «Ерейментау 2005» ЖШС — 13, «Ск Қала» ЖШС — 6, «ГТА Сервис» ЖШС 7 үйдің құрылысын тамыз айында аяқтап, қолданысқа беру жоспарланған.
Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.
Мұғалжар
Мұғалжар ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 26 миллион теңгеден астам біржолғы көмек көрсетілді. Аудан бойынша су тасқыны кезінде жалпы саны 76 үй мен 3 коммерциялық нысанға зақым келіп, 8 шаруа қожалығы шығындалған.
Бүгінде үйін су басқан тұрғындарға Жағабұлақ ауылында 9 үй, Бірлік ауылында 5 үй салынып жатыр. Мұғалжар ауданы бойынша 7 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жағабұлақ пен Бірлік ауылдарында үй салып жатқан мердігер мекеме — «Айлин СтройПроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Баспаналы болғандардың қатарында Ембі қаласының, Жағабұлақ, Бірлік, Басшилі, Қаракөл, Шеңгелши ауылдарының 55 тұрғыны бар. Тасқын судан зардап шеккендерге Болат Өтемұратов, «Қамқор-Ақтөбе 2024» және «Dar Charity» қоғамдық қорлары арқылы 971 миллион 712 мың теңгеге үйлер сатып алынды.
Әйгерім АБАЙҚЫЗЫ,
Мұғалжар ауданы.
Қобда
Биыл аудандағы ең басты мәселе су тасқыны салдарынан үйсіз қалған тұрғындарды баспанамен қамту болса, бұл мәселе де толығымен шешілуге таяды деуге негіз бар. Жақында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар арасында құрылысы аяқталуға таяған үйлерге жеребе ойнатылды. Жеребе әділ, ашық түрде барлық мүдделі тараптардың қатысуымен өтті. Қобда ауылынан қазір жаңа бірнеше көше бой түзеп, заманауи еңселі үйлердің құрылысы жүріп жатқаны белгілі.
Құрылыс жұмыстарын 15 компания бір мезетте жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта Қобда ауданында салынып жатқан 147 үйдің ішінде 144 үйдің қабырғалары толықтай қаланып, 133 үйдің шатырлары жабылды. 78 үйдің ішкі әрлеу, инфрақұрылым жүйелерін жүргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2 үй пайдалануға беруге дайын.
Ауданда салынып жатқан 147 үйдің 130-ы — Қобда ауылында, 17 үй — Жарық ауылында. Жоспарға сай алдағы тамыз айында су тасқыны салдарынан баспанасыз қалғандар қоныстойын тойламақ.
Аудан әкімі Ізгілік Тынымгереев үйлердің құрылысы мен сапасын жүйелі зерделеп, су тасқынынан зардап шеккендермен жиі кездесулер өткізіп тұрады. Жалпы аудан бойынша 155 үй су тасқыны салдарынан апатты деп танылған. 147 үйдің құрылысы басталса, 8 отбасына бұрын пайдалануда болған екінші деңгейлі үйлер сатып алынады.
Сондай ақ ауданда үйлеріне су кірген отбасыларына бірқатарына күрделі жөндеу жұмыстарына қаржылай өтемақылар берілді.
Талғат БАҒЫБЕРГЕНҰЛЫ,
Қобда ауданы.
Ырғыз
Бүгінде Ырғыз ауданында 125 үй салынып жатыр. Оның ішінде 51-і — Ырғыз ауылында, 74-і — Нұра ауылында (Сарыоба).
Аудан әкімінің орынбасары Ақалмас Тұртаевтың айтуынша, биылғы тасқын кезінде судан зардап шеккен үйлердің жалпы саны — 167. Оның 7-еуі бойынша техникалық тексеру жүргізуші мекеменің үйлерді жөндеу туралы қорытындысы шықты.
— Тасқыннан зардап шеккен 35 отбасы Ырғыз ауылындағы үйлерден дайын үй сатып алуға ниет білдіріп, бүгінде олардың барлығы баспанамен қамтылды.
Ал Ырғыз ауылындағы 51 үйдің құрылысы маусым айында басталып, бүгінде жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Жобаға сәйкес тұрғын үйлердің ауданы — 80 шаршы метр. Іргетасы монолит бетоннан немесе дайын блоктардан салынуда. Жардың материалы газоблоктан көтеріліп, сырты қызыл кірпішпен қапталуда. Үйлердің құрылысы толық дайын жағдайда тапсырылады. Бүгінде 51 үйдің іргетасының негіздемесі құйылып, сыртқы қабырғалары көтерілуде. Оның ішінде 46 үйдің төбесі жабылып жатыр. 19 үйге ішкі сылау жұмыстары, 32 үйге ішкі инженерлік желілер жүргізілуде. 27 үйдің терезесі және 4 үйдің есігі салынды. 2 үй эксплуатацияға берілді, — дейді ол.
Ақалмас Тұртаевтың айтуынша, құрылыс алаңдарына материалдар уақтылы жеткізіліп отыр. Сыртқы электр, газ және су желілерін жүргізуші мердігер мекемелермен де келісімшарт жасалып, бүгінде жұмыстар басталған. Жалпы, үйлердің құрылысы тамыз айында аяқталады. Қазіргі уақытта нысандарда барлығы 152 адам жұмыс істеп жатыр.
Ал Нұра ауылының тұрғындары үшін салынып жатқан 74 үйдің қазығы қағылып, 11 мердігер мекеме үйлердің іргетасын тұрғызуға дайындық жұмыстарын бастап кеткен. Сыртқы электр желілері мен су желілерін жүргізуші мердігерлер де өз жұмыстарын бастаған. Сонымен қатар мектептің және фельдшерлік-амбулаториялық пункттің қазығы қағылыпты.
— Сарыобада 74 үйдің ішінде 60-ының негіздемесі, 53-інің іргетасы құйылды. 32 үйдің қабырғасы қаланып жатыр. Құрылыс материалдарын тасымалдау жұмыстары жалғасуда. Бүгінде бұл жерде құрылыс жұмыстарына барлығы 143 адам жұмылдырылуда, — дейді аудан әкімінің орынбасары.
Д.ҚАЗИХАН,
Ырғыз ауданы.