ДЕМАЛЫС ЖӘНЕ ТӘРБИЕ
Aqtobe Camp-2024
Мәртөк ауданында 22-26 шілде аралығында «Aqtobe Camp-2024» облыстық лагері ұйымдастырылды. Мақсат — жастардың бос уақытын тиімді өткізу, құқықбұзушылықтың алдын алу.
Іс-шараның ашылу салтанатында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мирхан Ермағанбетов, қалалық полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Ботакөз Жалекешова сөз сөйлеп, жастар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Арнайы жасақ сарбаздары әскери-спорттық демонстрациялық қойылым көрсетіп, жастарға шағын сыйлықтар табыс етті. 5 күндік лагерьдің алғашқы күнінде іс-шараны өткізу барысы таныстырылып, ішкі тәртіп ережесі түсіндіріліп, психологиялық семинар ұйымдастырылды.
— Іс-шара аясында жастарға нашақорлық пен құмар ойынның зардабы түсіндірілді. Есірткі өте қауіпті, оны бір рет тұтынған адам оған тәуелді болып қалады. Есірткі тасымалдау бизнесі есірткі қылмысын тудырады. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанып, құмар ойын мен ескірткіден бойымызды алшақ ұстайық, — дейді ол.
Ботакөз Жалекешованың айтуынша, қылмыстың тағы бір түрі — қалта ұрлығы. Қалта ұрлығы көбіне қоғамдық көліктерде жиі кездеседі. Осы орайда адамдар көп шоғырланатын жерлерде ұрылардан сақтану жолдары туралы ақпараттық үгіт парақшалары таратылып, қоғамдық көліктерге қалта ұрыларының суреттері ілініп жатыр.
— Өткен жылы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің 25 велосипеді мен 57 ұялы телефоны ұрланды. Осы жылдың бірінші тоқсанында футбол алаңдарында ұялы телефон ұрлау бойынша 4 дерек тіркелсе, білім беру ұйымдарында 5 дерек тіркелді. Кез келген адам қоғамдық көлікте, адам көп жиналатын жерлерде заттарына мұқият болуы керек. Егер затыңыз ұрланса, дереу 102-ге қоңырау шалып, полиция қызметкерлерін күтіңіз, — дейді Б.Жалекешова.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.