Білім

МЕКТЕПТЕРДІҢ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҒЫН ТЕКСЕРДІ

Кеше Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы Анар Даржанова, облыстық мәслихат депутаты Серік Әліпов, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің бас маманы Бақытқали Нағметов облыс орталығындағы №25, №28, №30, №34 орта мектептерді аралап, олардың жаңа оқу жылына дайындығын тексерді.

Алдымен аталған топ №28 орта мектебіне барды. Бұл мектепте орта білім беруді жан басына қаржыландыру есебінен мектептегі спортзал, оқушылардың киім ауыстыратын бөлмелері, медпункт пен баспалдақ ойықтары жөнделіп жатыр. Мердігер ұйым — «Нұрәли» ЖШС.

— Қазіргі таңда мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Барлық жұмысты 10 тамызға дейін аяқтаймыз. Жөндеу жұмыстарына он адам жұмылдырылуда. Жоба құны — 6 миллион 40 мың теңге. Қаржы жеткілікті. Жалпы, біздің компания білім беру ұйымдарына 5-6 жылдан бері жөндеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Биыл бірнеше мектепке, спорт кешендеріне жөндеу жүргіздік. Осы күнге дейін ешқандай мәселе болған жоқ, — дейді «Нұрәли» ЖШС директорының орынбасары Арман Есенов.

Мектеп директоры Айгүл Баймағамбетованың айтуынша, бүгінде екі тілде білім беретін оқу орнында 1119 бала оқиды. Сондай-ақ мектепалды екі даярлық тобы бар. Қазір мұнда жаңа оқу жылына дайындық қызу жүріп жатыр.

— Биыл орта білім беруді жан басына қаржыландыру есебінен мектебімізге жаңа парталар, панельдер, басқа да қажетті заттар сатып алып жатырмыз. Меніңше, жаңа оқу жылында оң өзгерістер болғаны дұрыс. Себебі бұл оқушыларға ерекше серпін береді, олардың оқуға деген қызығушылығын арттырады. Қазіргі таңда біздің мектептің ауласын абаттандырып, көше жолдарына асфальт төсеу, мектеп жанындағы стадионымызды жаңарту өте өзекті мәселелер болып тұр. Бұл жобаларға биыл қаржы бөлінбеді, себебі су тасқынына байланысты бәрі кейінге шегерілді, — дейді Айгүл Баймағамбетова.

Мониторингтік топ мектептің ішін аралап, кабинеттердің жабдықталуын, асхана мен спортзалдың жұмысын қарап шықты. Оқу орнының ауласын тексеріп, биыл егілген ағаш көшеттерін көрді.

Биыл шілде-тамыз айларында қала мектептеріне жаңа оқу жылына дайындық бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Бүгін 4 мектепті аралап, олардағы мәселелерді анықтайтын боламыз. Жалпы, қазір барлық жерде оқу орындары қызу дайындық үстінде. Ондағы мақсат — оқушылардың сапалы білім мен тәрбие алуы үшін жайлы жағдай жасау. Алдағы екі аптада біз қаладағы барлық мектепті қамтып, олардағы қауіпсіздік пен тамақтану, жылыту маусымына дайындық, абаттандыру бағытындағы шараларды, сондай-ақ спорт алаңдарын тексеріп шығамыз. Өкінішке қарай, бүгінде қала мектептерінде спорт алаңдарының көбі талапқа сай келмейді. Биыл осы мәселе бойынша білім беру ұйымдарына қаржы бөлінген, алайда су тасқыны жағдайына байланысты қаражат кері қайтарылды. Бұл бағытта біз құзырлы мекемелерге алдағы бес жылда арнайы кесте құрып, кезек-кезекпен мектептердегі спортзалдар мен алаңдарды жөндеу туралы өз ұсыныстарымызды беретін боламыз. Спорт алаңдары балаларға өте қажет. Себебі білім алумен бірге балалар спортпен де шұғылдануы керек, — дейді Анар Даржанова.

Оның айтуынша, алдағы уақытта облыстағы мектептерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті компанияларды тарту керек. Себебі олар өз жұмысын жауапкершілікпен әрі кепілдікпен істейді.

Өзге өңірлерден келетін мердігер ұйымдар жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сосын кетіп қалады. Олардан бірдеңені өндіру немесе жасаған жұмысынан ақау шыққан жағдайда қайта жөндету үшін сотқа шақыру керек. Бір сөзбен айтқанда, біз үшін бұл бағытта жергілікті компанияларды тартқан тиімді. Сондықтан біз, депутаттар, алдағы уақытта Қаржы министрлігіне мемлекеттік сатып алу саласында жергілікті компаниялармен жұмыс істеу туралы өз ұсынысымызды білдіреміз, — дейді қалалық мәслихат төрағасы.

  Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button