
Амантай Өтегенов 1951 жылы Қобда ауданы Қарағанды ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Әр жылдары «Жаңа фильм» журналында, Октябрь (қазіргі Мұғалжар) аудандық «Знамя Октября» газетінде, облыстық «Актюбинский вестник» газетінде, облыстық әкімдікте еңбек етті. Сондай-ақ «Тұран» газетінің бас редакторы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің төрағасы қызметтерін атқарды.
«Лучи в ладонях» атты алғашқы жыр жинағы 1980 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан жарыққа шықты. «Мужские стихи» (1984 жыл), «Мост через остров» (1999 жыл), «Запретный плод» (2011 жыл), «Тарикат» (2011 жыл) атты кітаптары жарық көрген. Қ.Мұхамеджанов, Т.Ахтанов, Ә.Кекілбаев, Б.Мұқай, С.Асылбеков, Ә.Мархабаев, Қ.Шаңғытбаев, Ә.Нұрпейісов шығармаларын орыс тіліне аударған.
Ақын 2018 жылы өмірден өтті.
Амантай ӨТЕГЕНОВ
Жан шуағы
Тап-таза парақ — бөбегім,
Қолға алам толқып мұны мен.
Ойымды онға бөлемін,
Сөнбейді шамым түнімен.
Парағым таза…
Қаймығам.
Жазуым керек
Түсінем…
Қуанам мейлі, қайғырам,
Параққа бәрін түсірем.
Ілгері баспай көш егер,
Тартыншақтаса толғамым,
Ақ парақ, мені кеше гөр,
Онда мен әлсіз болғаным.
Түсірсем түрлі нұсқаны
Он екі беттік дәптерге —
Деп білгін мерзім қысқаны,
Деп білгін талап батты ерге.
Көмейге келіп тұр бүгін
Сөздерім…
Айтпай көнем бе?
Өмірлік тыныс, тірлігім
Айналып кетсін өлеңге.
Күтпесін бүгін жорам да,
Шақырман қонақ өзім де.
Айтарым ертең оларға —
Параққа түсер сөзімде.
Аударған Ертай АШЫҚБАЕВ.
XVII Ғасыр:
Соңғы сарбаздың сөзі
Қанды ұрыстан қалжыраған кең дала…
Қаным қозып қан іздеймін сонда да.
Сонау көкте жалғыз ұшқан қырандай
Бір атадан жалғыз қалған мен ғана.
Тірі қалдым жауымнан кек алуға,
Басын иіп, табаныма салуға.
Денелерін отқа қақтап тірідей,
Тәңіріме бір құрбандық шалуға.
Сауытты үстен енді қалай тастармын,
Семсерімді қынға салмай баптармын.
Садағымды сақадайын сай ұстап,
Көкнайзамды қол астында сақтармын.
Ат үстінде туған ұлан екенмін,
Ат үстінен түспей, бәлкім, өтермін.
Ел-жұртымды жермен-жексен еткен жау,
Мен де еліңді жермен-жексен етермін.
Атам менің ел сыйлаған ақын-ды,
Әкем менің атышулы батыр-ды.
Он ағалы жігіт едім… дариға-ай,
Өкініштен жаным менің аһ ұрды.
Мен жалғызбын, кегім бірақ өзіммен,
Мен жалғызбын, арым бірақ өзіммен.
Соңғы ұрысқа шақырамын, шығыңдар,
Сойқан салмай тынышталмас сезіммен.
Дұшпан басын мен де қаға білемін,
Жесірінің жібіте алам жүрегін.
Көргенімді жауым саған көрсетпей,
Тыным таппан!
Тыныш елдің ұлы едім…
Аударған Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ.
* * *
Түсімде сен оралыпсың тағы да
Көктемдей боп көшесіне күлкі үйір.
Түк секемсіз жақындайсың жаныма,
Дейсің және: «Қартаймапсың бір түйір».
Мен батылмын.
Қалпым қайда тайғанақ?
Қайта-қайта жұтам тәтті деміңді.
Тұрды сол сәт толған айым аймалап
Ақ қар жапқан шетсіз-шексіз елімді.
Түсіме енді ту-у алыстан жеткенің,
Жүрегіме жарқын сәуле шашқаның.
Қасымдасың, еш жаққа да кетпедің…
Әттең, бірақ өгей бола бастадың.
Мен бұл сәттің түс екенін білемін,
Жарық жұлдыз сөнгелі тұр көгімде.
Өзіңе айтар жалғыз ауыз тілегім —
Орала көр түсімде емес,
Өңімде!
Аударған Ертай АШЫҚБАЕВ.
Махамбет
Махамбетті есіме алсам болғаны —
Сілкінемін,
Көкірегіме күн қарар,
Сел-қуатқа толып тұр ғой толғамы,
Қара түнді қақыратар мұң да бар.
Қона қалар құт емес ол баршаға —
Ақын болу,
Болу және ұрангер.
Қаһарлы үнді ұран еттің қаншама,
О, Махамбет,
Қастерлейді мұраңды ел.
Опасыздық салған кезде тырнағын
Талақ еттің тіршілікті тас маңдай,
О, Махамбет,
Ұмытылған жоқ жырларың,
Қайталадық көзімізден жас парлай.
Муза-жырың…
Аспанға өрлеп атағы,
Сәукелесі көзін арбап бар ұлдың,
Қас жүйрікпен ұшып бара жатады
Қасиетті құмдарында Нарынның.
Аударған Ертай АШЫҚБАЕВ.
* * *
Керемет қой кең жазира ел іші,
Үйде қалай жатасың сен жай тауып.
Даламыздың дайын бүгін жемісі,
Жүр, Петька дос, жиде теріп қайталық.
Барған сайын жапырағын жаяды
Бала күнгі тай ғып мінген тал шыбық.
Таныс жолмен тартайықшы баяғы
Жалаң аяқ, таңғы шыққа малшынып.
Бүйрек төбе, боз жусанға жетерміз,
Нөсер жақын, айналайын, бол, асық,
Жалаң аяқ жайраң қағып, екеуміз
Кетейікші көкжиектен әрі асып.
Аударған Мұхтар ҚҰРМАНАЛИН.
Ажалды киік
Өріс іздеп еркін жүрер бұла күн
Бастан ұшып, тар боп шалқар мекенің,
Ақ көбік боп ессіз-түссіз құладың
Айыра алмай дұшпаның кім екенін.
Дөңгелегі езгіледі автоның
Жерді…
жерге түскен күннің арайын.
Жан ұшырдың жақындаған шақта өлім,
Тас түнекке батты бүкіл маңайың.
Автомобиль үрейіңді қашырды,
Қуып жетті. Түйді кенет. Құлатты.
Лезде-ақ айқай-шу да басылды,
Ағыздың сен қанды-қызыл бұлақты.
«Сенде — жазық, бізде азық жоқ» — мақалы,
Кабинадан түсті біреу түлеп бір,
Ойланбастан тамағыңа тақады
Дайын тұрған ұстарасын тым өткір.
Оралды ғой тағы уайым, тағы шер,
Жаттың байтақ жер бетіне шақ сыйып…
Жасыл шөпке қолын сүрткен қанішер
Мәз болып бір күліп тұрды ақсиып.
Беу даланың жел жүйрігі,
Тілерім —
Бол есен-сау,
ұрпағыңа бол Ана.
Түбі өкініш кезігерін білемін.
Еш уақытта пенделерге жолама.
Аударған Ертай АШЫҚБАЕВ.
Элегия
Бүгін де, міне, жалқымын,
Соқпадым саған, алтыным,
Шақырған жоқпын досымды,
Кезбеді күлкі қосымды.
Басымнан өтті балдай күн,
Қартайып қалған жандаймын.
Кетіпті шөптер сарғайып,
Мерзімі жетті… бар ма айып?
Сонда да күн нұр төккенде
Деймін: «бұл күз бе, көктем бе?»
Өзімді өзім алдаймын,
Азаяр сынды жан қайғым…
Аударған Ертай АШЫҚБАЕВ.
Әке
Түсінде әкем
Жау тылына кетеді,
қараңғы орман,
көрінбейді жол өткен.
Бұқпантайлап
бұтақтарды көтеріп,
— Хенде хох! — деп
зірк етеді ол кенеттен…
Түн ішінде
шайқап солай тұнығын,
түн ішінде
басталады әуресі.
Сыртқа шығып
Тұтатады шылымын,
Жүзіңде ойнап
Сіріңкенің сәулесі.
Көп кешікпей
Мен де артынан шығамын,
Көк түтін-ой
көкірегіме тығылды.
Мен әкемнен
шын қобалжып сұрадым:
— Ереуілге
ертер ме едің ұлыңды?..
Аударған Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ.
Өкініш
Күл басында жүрді аттар қалдықты жеп…
Сенбес едім. Көрдім өз көзімменен.
Қасиетсіз жағдайдан хал күпті боп,
Қалшылдадым өкініш сезімменен.
Кең даланың күлте жал керімдері,
О, жылқылар, не болып кеткенсіңдер!
Ерендікті ұмытып өмірдегі,
Енжарлықты ең жақын еткенсіңдер.
Мәпелейтін болыппыз ет үшін тек,
Шошқа қандай, сендер де сондайсыңдар.
Тартпайсыңдар тағдырдың соққысын кеп,
Жанталасып бәйгеде жанбайсыңдар.
Сап, сап көңіл…
Текке ұрыс іздемегін,
Жазықсыз ғой жылқылар…
Кінәламан.
Сәйгүлікке ер салмай жүрген өзім,
Жану керек әуелі мына маған!
Аударған Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ.
* * *
Теңізге бет алған бұлақпын,
Көзім жоқ тыншитын,
дамылдар.
Жапанда қаншама жыл ақтым.
Сонда да бітпеген дауым бар.
Кезігіп кедергі, бөгетке,
Белдесем,
болғанмен ол қауіп.
Сенемін күшіме,
білекке,
Бәрінен шығамын жол тауып.
Табынтып өзіне жалғанды,
Тартады дейсің кіл төте кім?
Тау тұрса,
тауып мен арнамды.
Тоқтаусыз
айналып өтемін.
Күрессіз өтпейді бекер күн,
Жол табу оңай ма жырақта.
Жартасқа жармасып бітермін,
Жеңіліп қайта алман бірақ та.
Аударған Мұхтар ҚҰРМАНАЛИН.