ЖАС ТҮЛЕКТЕРГЕ ҚОЛДАУ

Хромтау ауданының Мансап орталығы жастарды жұмыспен қамту мақсатында түлектерге арнап бос жұмыс орындарына жәрмеңке ұйымдастырды.
Іс-шара жоғары және арнаулы орта білімі бар жастардың меңгерген мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесімен қамтамасыз етуге бағытталған. Жәрмеңке аясында жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектерге «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалары таныстырылды.
— Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болады деп ойлаймын. Мектепте жұмыс істеу арқылы есеп-қисап саласында көп нәрсе үйреніп, алдағы уақытта өзімнің кәсіби дағдыларымды шыңдау мақсатында жұмыс істеймін. Мемлекет тарапынан ұсынылған «жастар практикасы» сияқты бағдарламалар жас мамандар үшін керемет мүмкіндік, — деді Жазық орта мектебіне бухгалтер мамандығымен жолдама алған Жансая Жолмұрат.
Жәрмеңке барысында түлектер көптеген жұмыс берушімен кездесіп, әңгімелесу барысында өздерінің кәсіби дайындықтарын көрсете алды. Нәтижесінде Хромтау ауданы әкімдігіне бір бухгалтер жас маман «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасты. Хромтау аудандық сотының ұжымы да бір заңгерге толықты.
Бұл іс-шара ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып қана қоймай, жастардың болашаққа деген сенімділігін арттырады. Жәрмеңкенің ұйымдастырушылары алдағы уақытта осындай іс-шараларды жиі өткізуге ниетті. Мансап орталығы жастарды қолдау және жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстарын жалғастыра бермек. Себебі бұл бастама ауданның жастарын өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналастыруда маңызды қадам болды.
Толғанай ЕСБОЛСЫНҚЫЗЫ,
Хромтау ауданы.