Спорт

Үш үміт

Парижде өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына екі апта ғана уақыт қалды. Қазақстан спортшылары іріктеу кезеңін толық аяқтады. Барлық жарыс нәтижесінде спорттың 25 түрінен 92 жолдама алынды. Ал қатысатын спортшылардың саны — 80.

Олардың арасында үш ақтөбелік спортшы бар: еркін күрес шеберлері Мейрамбек Қартбай мен Юсуп Батырмырзаев және триатлоншы Екатерина Шабалина.

Ең ауыр салмақта күреседі

Ақтөбеліктер арасынан бірінші болып жолдамаға Юсуп Батырмырзаев (125 кг) қол жеткізді. Күрес түрлері бойынша Олимпиада жолдамалары 2023 жылдың күзінде Сербия астанасы Белградта өткен әлем чемпионатынан бастап сарапқа салынды. Мұнда әр салмақ бойынша 5 жолдамадан беріліп, Олимпиадаға қатысатын алғашқы 90 балуанның есімі анықталған еді. Юсуп бұл жарыста жолдама ала алмады. Дегенмен биылғы ақпан айында өткен Қазақстан біріншілігінде ол өз салмақ дәрежесі бойынша еліміздегі ең мықты балуан екенін дәлелдеп, чемпион атанды.

Еркін күрестен облыс құрамасының бас бапкеріБауыржан Нұрмахановтың айтуынша, Юсуп Белградтан келгеннен кейін, келесі іріктеу турниріне қатысып, нәтижеге қол жеткізу үшін барын сала дайындыққа кіріскен. Қазақстан чемпионатының жеңімпазы болғаннан кейін бұл мақсатынашын мәнінде жақындай түсті, яғнисәуір айында Бішкекте өтетін іріктеу турниріне қатысуға мүмкіндік алды. Ал Бішкектегі жарыс тіпті де оңайға түспеді: мұнда жолдама алу үшін финалға шығу, демек, ең мықты екі балуанның бірі болу керек еді. Финалға шығар жолда Юсупқа Дағыстан күрес мектебінің өкілі, Бахрейн атынан өнер көрсетіп жүрген Шамиль Шарипов тап келді.

— Осы шешуші белдесуде біздің балуанымыз Шариповты жеңіп шықты. Бұл, сөз жоқ, тынымсыз жаттығулардың, үлкен еңбектің арқасында келген жеңіс еді, — дейді Бауыржан Нұрмаханов.

Белдесу 7-3 есебімен Юсуптың пайдасына шешілді. Сөйтіп, ол Париж Олимпиадасы жолдамасының иегері атанды. Бұл — еліміздің олимпиадашылар құрамасы иеленген 41-жолдама еді.

Юсуп — туысқан ноғай халқының перзенті. Ол Ресейдің Дағыстан өлкесінде туып-өскен. Дағыстан күрес мектебі — әлемдегі ең мақтаулы мектептердің бірі. Бұл өлкеде әр бала дерлік бозкілеммен ертерек танысуға ұмтылады. Юсуп та 2-класта оқып жүрген кезінен бастап күрес секциясына қатысқан. 2013 жылы Агвали селосында жасөспірімдер арасында өткен турнирде жеңімпаз атанған.

Кейіннен Қазақстанның жастар құрамасына қабылданған. 2019 жылы еліміздің атынан 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатына қатысып, жеңімпаз атанды.

Бауыржан Нұрмаханов Юсупты легионер спортшылар қатарына қосуға үзілді-кесілді қарсы.

Юсуптың Қазақстанның атынан өнер көрсетіп келе жатқанына 10 жыл болды. Дайын күйінде келіп, құрамаға іліге кеткен жоқ. Өзіміздің бапкерлердің мектебінен өтті. Оны Қазақстан чемпионы етіп тәрбиелеп шығу үшін де қаншама тер төгілді? Сондықтан ортамызға бала күнінде келген Юсупты өз шәкіртіміз деп есептеймін, — дейді ол.

Юсуп 2022 жылғы Қазақстан чемпионатында финалда Олег Болтинді жеңіп барып алғаш рет ел чемпионы болды.

Ересектер арасындағы ең ірі жетістіктері: 2020 жылы Азия чемпионы атанса, өткен жылы Азия чемпионатында күміс жүлде иеленген.

Юсуп Токио Олимпиадасына да қатысқан, яғни Олимпиада ойындарына екінші рет бара жатыр. Токиода ол алғашқы белдесуінде Германия балуаны Геннадий Чудиновичтен жеңіліп қалған еді. Ал Парижде мұндай сәтсіздік қайталанбайды деп үміттенеміз.

Бауыржан Нұрмахановтың айтуынша, Юсуп — өз салмағында мықты балуандардың бірі, дайындығы да жақсы, ал жеңіс үшін оған ең басты керегі — өзіне деген сенімділік. «Сенімді күрессе, жеңіс те қолда болмақ», — дейді ол.

Туған күн қарсаңындағы қуаныш

Екатерина Шабалина — Қазақстан еншісіндегі 55-жолдаманың иегері. Ол өзінің туған күні, яғни 28 мамыр қарсаңында Париж Олимпиадасының жолдамасына қол жеткізіп, мұны әлеуметтік желіде сүйіншілеп хабарлаған еді.

Олимпиадада өнер көрсетуді армандамайтын спортшы жоқ, Екатерина да жолдама алғанын естіген сәтте: «Олимпиада жолдамасы! Бұл менің спорттағы бар ғұмырымның мақсаты болған еді. Сондықтан алдымда тұрған маңызды әрі түрлі әсерге толы кезеңге жан-жүрегіммен беріле аттанбақпын. Алдағы екі ай тынымсыз әзірлікпен өтеді. Алға!», — деп, өз парақшасында қуанышын білдіріпті.

Халықаралық триатлон федерациясының шешіміне сай, Екатерина Олимпиада жолдамасын тікелей иеленген рейтингтегі үздік 26 триатлоншы мен аралас эстафетадан әлем чемпионатының жүлдегерлері қатарында болмағанымен, беделді жарыстарда көрсеткен нәтижелерінің арқасында Азия құрлығына тиесілі жалғыз жолдамаға лайықты деп танылған.Бір жақсысы, оның нәтижелеріосы жолдамадан үміткер екінші спортшы — гонконгтық Бэйли Брауннан басым түсті.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Екатерина Шабалина — Ресей триатлоншысы. 2021 жылдан бастап Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүр. Былтыр Азия чемпионы атанған.

Триатлон спорты Олимпиада бағдарламасына 2000 жылдан бастап енгізілген.

Қазақстан спортшылары соңғы үш Олимпиадада триотлоннан өнер көрсеткен жоқ. Оған дейін осы спорт түрінен Сидней және Афины Олимпиадаларына — Дмитрий Гааг, ал Пекин Олимпиадасына легионер спортшы Данил Сапунов қатысқан еді. Дмитрий Гааг Сиднейде жүлдеге бір қадам ғана іліге алмай, 4-орынға тұрақтаған болатын.

Парижде бұл спорт түрінен 110 спортшы (55 ер, 55 әйел) өнер көрсетіп, үш медаль жиынтығы сарапқа салынбақ.

Ембіден басталған жол

Еркін күрестен ұлттық құраманың мүшесі, жерлесіміз, Ембі қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Мейрамбек Қартбай Париж Олимпиадасының жолдамасын еліміздің спортшылары арасында ең соңғылардың бірі болып алды. Қазақстанға еркін күрестен 57 кг салмақ дәрежесінде қосымша жолдама беріп, сол арқылы Мейрамбек Қартбайды Олимпиадаға қатыстыру жөніндегі Біріккен күрес әлемінің (UWW) шешімі 8 шілдеде, яғни осы аптаның басында ғана шықты.

Негізі, жанкүйерлер бұл жолдамадан әлдеқашан күдер үзген болатын. 2023 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында Мейрамбек жолдама үшін күресте ресейлік балуан, Токио Олимпиадасының чемпионы Заур Угуевтен ұтылып қалды. Одан кейін ел чемпионатында да топ жара алмады, сөйтіп, Бішкектегі іріктеу турнирінде бақ сынау мүмкіндігінен айырылды. Ұлттық құрама бапкерлері Бішкекке осы салмақтағы ел чемпионы Ерасыл Мұхтарұлын әкеткен болатын. Бірақ Ерасыл жолдамаға қол жеткізе алмады. Бұдан соң біз Мейрамбекті мамырда Стамбулда өтетін соңғы іріктеу турниріне қатысатын болар деп үміттендік. Өйткені ол Бішкектегі іріктеу турнирімен тұспа-тұс өткен Азия чемпионатына қатысып, қола жүлде иеленген еді. Бұл елеусіз қалдыратын жетістік емес, әрине. Әйткенмен бапкерлер Стамбулға биылғы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Рахат Қалжанды әкетуді жөн көрді. Стамбулда Рахат жартылай финалға дейін ғана жақсы жетіп, одан әрі америкалық Спенсер Лиден жеңіліп қалып, құр қол оралды.

Біздің ойымызша, спортшы үшін ең қиыны — Олимпиадаға жолдама алғанын соңғы күндерде есту. Өйткені лайықты дайындыққа уақыт қалмайды. Десе де Бауыржан Нұрмаханов біздің Мейрамбекті «дайындалып үлгере алмайды» деген уайымымызды бірден теріске шығарды:

— Белградта жолдама үшін болған соңғы белдесуге Мейрамбек Қартбай мен Заур Угуев шыққаны естеріңізде болар? Жолдама ресейлік балуанның еншісінде кетті. Дегенмен сол кезден-ақ ресейліктердің Олимпиадаға қатысу-қатыспауы күмәнді еді. Сондықтан біз бұл жолдамадан күдер үзе алмадық. Дайындықты үздіксіз жалғастыра бердік. Қазақстан, одан кейінгі Азия чемпионатындағы жүлделер — сол дайындықты үзбегеннің нәтижесі.Қазір де Мейрамбек ұлттық құрамамен бірге Дағыстанда жаттығуда жүр. Жақын күндері келіп, аз демалады да,басқа балуандармен бірге Олимпиада алдындағы соңғы дайындық кезеңіне кіріседі, — деп түсіндірді ол.

Балуандардың Олимпиада алдындағы соңғы дайындығы 21 тамыз бен 2 тамыз аралығында Алматы облысында өтеді. Ал Парижде балуандар жарыс жолына 5 тамыздан бастап шығады.

Спортшыларымызға сәттілік тілейміз!

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button