Басты жаңалықтар

Үміттің гүлдері

Шалқарлық Үміт Алмағамбетова жиырма бес жылдан бері бөлме гүлін, емдік өсімдіктер мен бау-бақша өнімдерін және жеміс ағаштарын өсірумен айналысады. Көктемде аудан жұртшылығы мен мекемелер Үміттен гүл тұқымы мен бау-бақша көшеттерін сатып алады. Жаз бойы оның үйінің ауласында гүлдердің небір түрі өсіп тұрады.

Гүлдер сүйінші сұрайды

Үміт бала кезінен бөлме гүлдерін өсіретін. Ақтөбе медициналық училищесінде білім алып, елде еңбек жолын бастаған уақытта да бұл кәсібінен қол үзген жоқ. Аудандағы емдеу мекемелерінің ішін гүлге толтырды. Кейін осы сүйікті кәсібіне біржола бет бұрып, тәуір табыс көзіне айналдырды. Бүгінде Үміт — аудан орталығындағы бірнеше мекемелердің «досы». Әсіресе,  көшелерді көгалдандыру, көріктендіру жұмыстары кезінде Үміттің гүлдеріне сұраныс артады.

Гүлдердің түріне байланысты бағасы да әр түрлі. Мәселен, гладиолустың тұқымын 100 теңгеден сатсам, раушан секілді әдемі гүлдер сәл қымбатқа өтеді. Ал гүлдерді күтіп, баптау ұқыптылықты қажет етеді. Өсімдіктер де тіршілік иесі. Олар да  өзін жақсы көргенді сезеді. Көңіл-күйіңе байланысты өсіп, жетіледі. Кейде бір нәрсені уайымдасаң, солып қалады. Олармен өзара сыр шертісіп, әңгімелессең, жайқала түседі. Мен ұзақ жылғы еңбегімде осыны байқадым.

Шын ықыласпен өсіргендіктен болар, үй ішіндегі  өсімдіктердің барлығы менің қуанышыма ортақтасып гүлдейді. Олар  қуанышты хабарды алдын ала  сезетін секілді. Бірде желтоқсан айының ортасында үйдегі гүлдердің барлығы уақытынан бұрын гүлдеді.  Раушан гүлі тіпті құлпырып кетті. Көп ұзамай ұлым үйленетінін айтып, бәрімізді қуантқаны бар. Қыс ортасында шымылдықтың ішіне әдемі раушан гүлдерін қойғанда келген қонақтардың барлығы таңқалған. Алты айдан кейін осындай жағдай тағы да  қайталанды. Бұл жолғы қуаныштың «хабаршылары»  келініміздің  жүкті екенін алдын ала білгендей  болды, — дейді Үміт.

Үміттің үйінде гүлдердің отызға жуық түрі өседі: раушан, фиалка, түн сұлуы, барқытгүл, қалампыр, гладиолус, георгин, үнді каны, т.б. Үміт олардың бірқатарының атауын түріне байланысты өзгертіп алыпты. Мәселен, шортанның құйрығы гүлін ол «семсер» деп атайды.

Үміт үйде гүл өсіргеннің пайдасы көп екенін айтады. Мәселен, герань гүлі тұмау вирусы мен туберкулез таяқшасын өлтіреді және оның  құлақ ауруына да тигізер шипасы зор. Ал алоэның емдік қасиетін жұртшылық жақсы біледі. Үміт мұндай өсімдіктерді сатқанда, тұрғындарға өз кеңесін айтып, қалай пайдаланып, баптау керектігін  түсіндіреді.

— Бөлме  гүлдері түріне байланысты, әдемі жапырақты және гүлдейтін гүлдер болып екіге бөлінеді. Әдемі жапырақты  гүлдер жылуды және күн көзін жақсы көреді. Егер ылғалы мол болып, күн көзінде тұрса, мұндай гүлдер  жайқала түседі. Ал гүлдейтін гүлдер өте сезімтал болады.  Олар айрықша  күтім болмаса солып қалады. Бөлме өсімдіктері үшін ең маңыздысы — жарық, жылу, топырақ және су. Топырақтың дер кезінде құнарлылығын арттырып, тыңайтқыштарды дұрыс пайдалану керек. Ал суды әр гүлдің ерекшелігіне қарай тиісті мөлшерде құйып, әрі жапырақтарын сумен бүркіп отыру керек. Гүл өсіп тұрған бөлменің жарық әрі жылы болғаны жөн. Қыста  үйге от жаққандықтан, бөлме ысып кетеді. Мұндай кезде мен аптасына бір-екі рет гүл жапырақтарына су бүркіп қоямын. Егер жапырақтарды  шаң басып қалса, ол оттегін  бөле алмайды, — дейді ол.
Үміттің айтуынша, аулада бір жылдық және көпжылдық гүлдерді өсіруге болады.

— Гүл өсіруді жаңадан бастаған адамдар алдымен ерекше күтімді қажет етпейтін өсімдіктерді еккені жөн. Мәселен,  түймедақ, бақытгүлдеріне аса көп күтімнің керегі жоқ, — дейді бағбан.

Үміт  көп жылдық және әдемі гүлдердің түбірін қыста жертөлеге қайырға көміп, көктемде базарға апарады. Ал өсімдіктердің барлығы гүлдеген кезде  бал жинаған ара тәрізді әр гүлдің дәнін ұқыптылықпен теріп алады.  Оларды тазалап, жылы жерге кептіреді.

Үміт гүл өсірумен қатар, баклажан, тәтті бұрыш, сәбіз, қызанақ, қырыққабат және өзге де көкөніс көшеттерін егеді. Олардың сыртын киізбен қаптап, сәби күткендей мәпелейді. Сәуір айынан бастап көшеттерді саудаға шығарады. Бір күнде үш мың көшетке дейін сатқан кезі болыпты.

Үміт көшет егу кезінде де қателескен емес. Ол көктем жақындаған уақытта үй жанындағы қара ағашты бақылауға алады. Қара ағаш қай күні бүр жарса, сол күні жерге дән себеді. Ал алда аяздың бар екенін қара ағаш бүр жармағандығымен «ескертеді» екен.

 

Женьшеньмен тең өсімдік

Үміт Алмағамбетова емдік өсімдіктерге қатысты кітаптарды жиі оқиды. Кейде осы тақырыптағы журналдарды облыс орталығынан алдыртады.

— Соңғы жылдары емдік өсімдіктерді егіп, сатуды қолға алдым. Бершүгір тауынан әкелген андызға жұртшылықтың сұранысы жоғары. Андызды халық тыныс жолдары ауруын емдеу үшін шұбатқа, шайға салып ішеді. Бәйгеге қосатын жүйрік шөп жемей, ауруға шалдықса, андыз беріп сауықтырып алады. Аскөкті де  емдік мақсатқа пайдалану үшін сатып алады. Мәселен, үй ауласында өсетін жантақ шөбінің  емдік қасиеті өте көп. Ол — көтеншек ауруына бірден-бір ем. Шалқар өлкесінде өсетін жантақты бір жылдары қытайлықтардың теріп әкеткені есімде. Олар бұл өсімдікті женьшеньмен тең қояды екен. Жалпы, біздің өлкемізде өсетін өсімдіктердің барлығы емдік қасиетке бай.  Алайда оларды қорғауға алмаса, кейін тұқымы азайып кетуі мүмкін. Себебі шетелден келетіндер өзге елге жаны ашымасы анық, ал жергілікті халық емдік мақсатқа пайдаланатын өсімдіктерді егіп, көбейтудің орнына дайын өнімді жұлып алуға бейім. Егер осы қарқынмен жүре берсек, бір жылдары аса пайдалы өсімдіктердің тұқымы құрып кетуі мүмкін, — дейді ол.

 

Жауынқұрт — ерекше тыңайтқыш

 

Үміттің үйі қала шетінде орналасқандықтан су тапшы. Әрі Шалқардың көшпелі сары құмы өсімдік егуге қолайсыз. Сондықтан жерді тыңайтуға ерекше назар аудармаса, еңбегің зая кетуі әбден мүмкін. Жыл сайын Үміттің жолдасы Әлібек  ауласына көң түсіреді. Және өзгелер секілді қураған ағаш жапырақтарын өртемейді,  жинап шұңқырға көміп тастайды. Келер  жылы олар қара шірікке айналады. Үміт осыдан екі жыл бұрын Шалқар көлінен жауынқұрттар әкеліпті. Аз уақыттан кейін-ақ бұл жауынқұрттар табиғи тыңайтқыштар ретінде топырақ құнарын арттыруға біраз септігін тигізген. Қазір бұрынғыдай емес, топырақтың қара шірігі молайып, еккен өнім де мол жеміс беріп жүр.

Жерді мәпелеп, еңбек етсең, төгілген тердің зая кетпейтінін білетін Үміт жұртшылықты ауласына гүл, жеміс ағаштарын отырғызуға үндеп келеді. Қазір Үміттің бақшасында онға жуық жеміс ағашының түрі бар. Күзде өрік, алма ағаштары жеміс бергенде отбасындағы кішкентайлар қарық болады. Балалары мен немерелеріне тосап қайнатып берсе, артылғанын саудаға шығарады. Үміт өзге балалар секілді немерелерінің гүлді жұлмайтынын, керісінше қамқорлықпен қарап, көмектесетінін де ерекше мақтанышпен жеткізді.

— Қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, айналаны тоздырмай тіршілік етуге болады. Мәселен, Шалқарда жазда күн ысып, топырақ борап тұрғанда менің ауламнан гүлдердің жұпар иісі аңқиды.  Шаршап келгенде ағаштың саясына тыныға кетесің. Сондықтан мен кәсібіме бейжай қарамаймын. Ас ішпесем де даладағы жұмысымды бітірмей үйге кірмеймін. Бұл пайда табуды мақсат тұтқандық емес, өз ісіңе адалдықты білдіреді. Балаларым табиғаттың сұлулығын бойына сіңіріп өссе екен деймін.  Гүл өсіріп, бау-бақша жұмысымен айналысқан бала еріншек болмайды. Олардың жаны нәзік болып өседі, дейді Үміт.

Бүгінде Үміт үш ұлдан бес немере сүйіп отыр. Ал қызы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде дефектолог мамандығы бойынша білім алуда.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button