Құқық

Алдыңыз — өткел. Асықпаңыз!

Теміржол өткелдеріндегі поездардың қауіпсіз қозғалысы қай кезде де қатты алаңдатады. Жол полициясы қызметкерлерімен бірігіп жүргізіліп жатқан іс-шаралар апатты болдырмау мақсатына әлі толық жете алмай келеді.

Жыл басынан есептегенде «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы бойынша теміржол өткелдерінде 21 көлік жол апаты тіркелді.

Статистикалық есептемелерге қарағанда, теміржол өткелінде орын алатын апаттар көбіне рұқсат етілмейтін белгілерге қарамай, тіптен жабық тұрған тоспаларды сындырып өткен автокөлік жүргізушілердің кінәсінен болады. Кей кездерде күзетілмейтін өткелдерде жақындап қалған поездың алдынан тез өтіп кетуге тәуекел ететін автокөлік жүргізушілері де кездеседі. Тәуекелшіл жүргізушілердің көбісі мұндай әрекетке ішімдіктің буымен барады. Ондай адамдар жол апатына ұшырап, түзетілуге келмейтін ауыр жағдайға себепші болады.

Өкінішке орай, Шұбарқұдық жол дистанциясында да осындай жағдай орын алды. Биылғы қазан айының соңғы күнінде таңертеңгілік уақытта Шұбарқұдық жол дистанциясына қарасты Темір — 46-разъезд  аралығында орналасқан күзетілмейтін теміржол өткелінде Темір станциясынан шыққан №1526 жүк поезының алдынан өткелге 40 метр қалған кезде поезды өткізуге тоқтаған D 353 PUМ «Тоүота» автокөлігі кенеттен жүріп кетіп, жүк поезымен соқтығысты. Поезд автокөлікті 300 метр жерге дейін сүйреп кеткен. Автокөлік жүргізушісі 1978 жылы туған, Ақтөбе қаласының тұрғыны Бауыржан Смағұлов оқиға болған жерде қаза тапты. Ішінде болған екі жолаушы — Әлия Эльбрус пен Асылхан Боранбаев әр түрлі деңгейде жарақат алып, Мұғалжар аудандық ауруханасына жеткізілді. Осылайша асығыстық жасаудан болған соқтығыс салдарынан бір адам өмірден озды және тепловоз зақымданды, бір жүк поезы жүру кестесінен шығып, басқа қатынас саласындағы қауіпсіздік қозғалысына залал келтірілді.

Осындай апаттарды болдырмау мақсатында біздің тарапымыздан жүргізіліп жатқан іс-шараларға жұртшылық көңіл бөлсе дейміз.

Қалай            дегенде де теміржол — қауіпті аймақ. Поездың екпіні автокөлікке қарағанда күштірек болатынын жүргізушілер әрдайым есте ұстағандары жөн. Поездың тоқтауы үшін тежегішті басу арақашықтығы 700-800 метр болғандықтан, одан қысқа аралықта жол апатының алдын алу мүмкін емес.

Жүргізушілер мен жүргіншілерді теміржол бойынан өтер алдында жол ережелерін сақтап, өте сақ болуға шақырамыз. Өз-өзіңізді қорғаңыз, ол үшін жол ережелерін сақтасаңыз болғаны.

К. Жәмеков,

Шұбарқұдық жол дистанциясының

директоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button