Құқық

Заң

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Газет оқырмандары телефон арқылы мынадай сауалдар қояды:

Әлқуат Қали, Қобда:

— Кәсіби мерекеміз қарсаңында 5000 теңгеден сыйлық алдық. Кейін мен ауырып қалып, 15 жұмыс күніне еңбекке жарамсыздық парағын алып келдім. Ынталандыру төлемақысының бұл түрі (сыйлық) уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы төлеу кезінде ескеріле ме?

 

— Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген мерекелік күндерге, мерейтой күндеріне байланысты, лауазымдық міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін, зейнеткерлікке шығуына орай жұмыс беруші еңбекақы төлеу қоры есебінен беретін  біржолғы көтермелеу төлемдері (біржолғы ақшалай сыйақыларды қоса алғанда) уақытша еңбекке жарамсыздық жағдайы бойынша берілетін жәрдемақыны есептеу үшін орташа жалақы мөлшерін анықтау кезінде есепке алынбайды.

 

Иманғали Айгүл, Шұбарқұдық:

— Облыстық мәслихат облыс әкіміне сенімсіздік білдіруге құқылы ма?

 

— Депутаттарының жалпы санының бестен бір бөлігінің даусымен ондай құқыққа ие бола алады.

 

Лепесқызы Балжамал, Ырғыз ауданы:

— Іссапар күндері мерекелік және демалыс күндерімен сәйкес келген жағдайда оның төлемі екі еселене ме?

 

— Еңбек кодексінің 152-бабына сәйкес іссапарларға жіберілетін қызметкерлерге: 1) қызметтік іссапарда, оның ішінде жолда болған күнтізбелік күндері үшін тәуліктік төлемдер; 2) баратын жеріне дейінгі және кері қайтудағы жол жүру шығыстары; 3) тұрғын үй жалдау шығыстары төленеді. Ал Кодекстің 96-бабында іссапарда жүрген қызметкердің демалыс күндерін өзін жіберген жұмыс берушінің еңбек тәртіптемесіне сәйкес пайдаланатыны көрсетілген. Ендеше мерекелік және демалыс күндері жалақы іссапарда жүрген қызметкердің жұмысқа дәл сол күндері жегілуге мәжбүр болғаны дәлелденбесе, төленбейді.

 

Кұлмағанбет Жидеғали, Қарғалы ауданы:

— Судьяны ешқандай органның келісімін алмастан тұтқындауға бола ма?

 

— Қылмыс үстінде ұсталса немесе ауыр қылмыс жасады деп сезік туса, болады.

 

Қадырбай Асқар, Ақтөбе:

— Колледжде, магистратурада, аспирантурада оқыған жылдар еңбек стажына санала ма?

 

— ҚР Еңбек кодексінің 1-бабы бойынша еңбек стажы – қызметкер еңбек міндеттерін жүзеге асыруға жұмсаған, күнтізбемен есептелген уақыт. Осыған байланысты колледжде, магистратурада, аспирантурада оқыған жылдар еңбек стажына есептелмейді. Сонымен бірге әрбір нақты жағдайға байланысты жұмыскер атқарған қызметтің өз ерекшеліктері де ескерілуі тиіс.

 

Жүсіпбекұлы Киікбай, Әйтеке би ауданы:

— Зейнеткерлікке шыққаннан кейін мемлекеттік қызметте істеуге бола ма?

 

— «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңының 27-бабы бойынша зейнеткерлiк жасқа толған мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнің  мемлекеттiк қызметте болу мерзiмi өзінің және жұмыс берушінің келісімімен бiр жылға дейінгі мерзімге ұзартыла алады.

 

Ізтілеу Серік Бағиұлы, Шалқар ауданы, Бершүгір бекеті:

— Машина айдап келе жатып қалта телефонымен сөйлесуге болмайды деп естіп едім. Рас па?

 

Телефонмен сөйлескеніңізді жол полициясының қызметкері «ұстап алса» 7560 теңге, бір жыл ішінде сол әрекетіңізді қайталағаныңыз білініп қалса, 10 584 теңге айыппұл салады. Бірақ заңда машина айдап келе жатып, телефонды құлаққап (наушник) немесе дыбыс күшейткіш арқылы пайдаланғаныңыз үшін ешқандай жаза көзделмеген.

Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

тел.: 8 (7132) 56-21-64; 51-04-13; 8-702-318-04-13

E-mail: sultan.ns@mail.ru

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button